БастыReview
Бөлісу

Қытайдан жаңа ЖИ, спорт және дипломатия, робот-таксидің болашағы: сарапшылар блогынан

Артур  Арутюнов

Артур Арутюнов

Қытайдан жаңа ЖИ, спорт және дипломатия, робот-таксидің болашағы: сарапшылар блогынан

Қытайлық стартап GPT‑4 деңгейіндегі модель шығарды. Персия шығанағы елдері мен Қытай спортты жаһандық ықпал ету құралына айналдыруда. Жүргізушісіз таксилер көлік нарығын бағындыра ма? Экономистер блогындағы ең қызықтылар — біздің шолуда.

Неліктен нарық Қытайдың жаңа ЖИ-ін тыныш қабылдады?

Өткен аптада Alibaba инвестициялаған Бейжіңдік Moonshot AI стартапы Kimi K2 атты ашық кодты ірі тілдік моделін ұсынды. Релизге сәйкес, бұл модель екі көрсеткіш бойынша Anthropic компаниясының Claude Opus 4 моделінен асып түскен. Сонымен қатар, ол  OpenAI-дің бағдарламалауға бағытталған GPT-4.1 моделіне қарағанда жалпы өнімділігі жағынан жоғары нәтиже көрсеткен.

Жаңа релиз америкалық нарық үшін қаңтардағы DeepSeek моделінің таныстырылымын еске салатын жағымсыз ассоциациялар туындатты. «Бұл — тағы бір “DeepSeek-сәті”. Жасанды интеллект саласындағы жағдайды түсініп отырмыз деп жүргендердің өзі алдағы жылдарға қатысты болжамдарын қайта қарауға мәжбүр», — деп жазады Үлкен тілдік модельдерді зерттеуші, Аллен жасанды интеллект институтының сарапшысы Натан Ламберт өз блогында.

Модельді оқыту құны әзірге белгісіз. Алайда Ламберттің болжамынша, бұл көрсеткіш Қытайдың алдыңғы резонансты премьерасы DeepSeek моделіне ұқсас болуы мүмкін, яғни батыстық баламалармен салыстырғанда әлдеқайда арзан. DeepSeek R1 моделін оқытуға әзірлеушілерінің айтуынша, бар болғаны $6 млн жұмсалған. Ал OpenAI осыған ұқсас көрсеткіштерге ие модельге $100 млн-нан астам қаржы жұмсаған.

Қандай қорытынды жасауға болады? Ламберттің жазуынша, Қытай компанияларының америкалық чиптерге қолжетімділігін шектеу — жасанды интеллект саласындағы көшбасшылық үшін күресті «тоқтатуға» жеткіліксіз шара.

Сонымен қатар, Kimi K2 моделінің релизі DeepSeek моделінің артында тұрған High-Flyer қоры Қытайдағы жалғыз озық ұйым емес екенін көрсетті. Елде басқа да алдыңғы қатарлы әзірлеушілер бар. Ең маңыздысы — Ламберттің айтуынша, ашық кодты модельдер бойынша Қытай батыс баламаларынан озып кетті.

Онда неге Kimi K2 моделі нарықта дүрбелең тудырмады? себебі қаңтарда DeepSeek моделі шыққанда америкалық нарық $1 трлн жоғалтқан еді.

Ламберттің пікірінше, Қытайлық ЖИ модельдерінің құны батыстық үлгілермен салыстырғанда расымен арзан болғанымен, әзірлеушілер келтірген бағадан жоғары болуы да мүмкін. Инвесторлар бір нәрсені түсінді: ЖИ модельдерін соңғы кезеңде оқыту ғана арзанға түседі.

Бұл релиз OpenAI назарынан тыс қалмады, деп болжайды Ламберт. Қытайлық жаңа модель шыққан соң OpenAI бас директоры Сэм Альтман осы аптада жариялануы тиіс ашық кодты моделін кейінге қалдырғанын жазды. Дегенмен, Ламберттің айтуынша, OpenAI өкілдері бұл кейінге шегерудің Kimi K2-мен еш қатысы жоқ екенін мәлімдеген.

Геосаяси спорттық ойындар

Соңғы жылдары Парсы шығанағы елдері спортқа орасан қаражат жұмсауда. Олар еуропалық футбол клубтарын сатып алып, жаңа стадиондар салып, өздерінің ұлттық құрамаларына инвестиция құйып жатыр. Таяу Шығыс елдерінің қорлары спортты өз капиталының «көрме залына» айналдырды: Абу-Даби билеуші әулетінің мүшесі шейх Мансур ибн Зайд Әл Нахайян «Манчестер сити» клубын сатып алса, Катар мемлекеті қолдайтын Qatar Sports Investments қоры «Пари Сен-Жермен» клубының 70% үлесін 70 млн еуроға иеленді. Ал Сауд Арабиясының Public Investment Fund қоры 2021 жылы «Ньюкасл Юнайтед» клубының 80% үлесін 305 млн фунтқа сатып алды — бұл ең шулы келісімдердің бір бөлігі ғана. Әлемдік турнирлерге иелік ету үшін арнайы инфрақұрылым жасалып жатыр: мысалы, Катар 2022 жылғы футболдан әлем чемпионатын өткізуге $229 млрд жұмсады.

Неліктен Таяу Шығыс елдері спортқа осыншама белсенді инвестиция құюда? Бұл сұраққа «Фрикономика» атты кітап пен подкаст авторы, журналист Стивен Дабнер өз блогында жауап береді. Ең анық себептердің бірі — беделді «тазарту», яғни sportswashing. Спорттық жобалар жұмсақ күштің құралына айналып, Батыс елдерімен қарым-қатынасты жақсартып, саяси байланыстарды жұмсартуға көмектеседі.

Алайда бұндай үдеріс әрдайым болмаған. Emlyon бизнес мектебінің профессоры Саймон Чедвик Дабнермен әңгімесінде спорт дамуының үш кезеңін атап өтеді. Бірінші кезең (XIX ғасырдың соңы — XX ғасырдың басы) еуропалық федерациялардың (ФИФА, ХОК және т.б.) жаһандық үстемдік еткен уақыты. Ол кезде спорт қоғам игілігі ретінде қабылданып, табыс көзі немесе саяси құрал ретінде қаралмаған. Екінші кезең — Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін басталды: АҚШ-тың кәсіби спорт моделі (НБА, НФЛ) коммерциялық табысқа жетіп, мемлекет пен субсидияларға тәуелділікті азайтты. Үшінші кезең — қазіргі заман. Бүгінде спорт сыртқы саясаттың толыққанды құралына айналып отыр, дейді Чедвик. Бұл кезеңде тек Еуропа мен АҚШ қана емес, Қытай, Сауд Арабиясы, Үндістан және басқа да елдер белсенді қатысуда.

Алайда спортқа құйылған инвестиция тек имиджді жақсарту мақсатымен шектелмейді — бұл сонымен қатар экономиканы әртараптандыруға бағытталған ойластырылған стратегия. Әлемнің мұнай мен газға тәуелділігі біртіндеп азайып жатқан жағдайда, Парсы шығанағы елдері жаңа кіріс көздерін іздеуде. Осы тұста спорт туризм, қонақүй бизнесі және оған байланысты салаларды дамытуға өте қолайлы, деп түсіндіреді подкастта Стивен Дабнердің тағы бір сұхбаттасы Каш Шайх, Таяу Шығыс пен Оңтүстік Азиядағы алғашқы кәсіби бейсбол лигасы Baseball United ұйымының бас директоры. Дабнер бұл лиганы «америкалық спорт экспорттың үлгісі» деп атайды.

Чедвик Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мохаммед бин Салманның сөзін келтіреді: спорт корольдіктің ЖІӨ-сінің 3%-ына дейін табыс әкелуі тиіс.

Бұл жаңа жаһандық геосаяси бәсекеде енді Қытай да маңызды ойыншыға айналуда. Соңғы он жылда бұл ел шетелдерде, әсіресе Африкада, инфрақұрылым салу арқылы жаһандық көшбасшы болуға ұмтылып келеді. Мысал ретінде, 2024 жылы Кот-д’Ивуарда өткен Африка ұлттары кубогы жарысын айтуға болады. Турнирге арналған төрт стадионның үшеуін Қытай салған. Оның орнына Қытай аймақтың шикізат ресурстарына басым қолжетімділікке ие болды немесе жеңілдетілген несиелер арқылы саяси ықпалын күшейтті.

Жүргізушісіз такси ме, жеке көлік пе: қайсы жеңеді?

Goldman Sachs Research сарапшылары АҚШ-тағы робот-такси нарығының әсерлі болашағы туралы соңғы тақырыптық есебінде баяндады. Бұл сегментте Alphabet компаниясының Waymo қызметі белсенді дамып жатыр, ал Tesla осы жазда шектеулі режимде тестілеуді бастады. Банк бағалауынша, 2025 жылдан 2030 жылға дейін АҚШ-тағы робот-такси нарығы жылына шамамен 90% өседі. Осы кезеңде сектор компанияларының жалпы пайдасы $3,5 млрд-қа жетуі мүмкін, ал автономды көлік операторлары алдағы 3–5 жылда 40–50% деңгейінде валдық маржа көрсете алады. Қазіргі уақытта АҚШ-тың бес қаласының жолдарында 1,5 мыңнан астам коммерциялық робот-такси жүр. 2030 жылға қарай олардың саны 35 мыңға дейін артады, деп болжайды сарапшылар.

Негізгі сұрақ: бұл болжам шамадан тыс оптимистік пе, әлде керісінше, тым сақтықпен жасалған ба? Жауап, робот-такси операторлары бизнесін кең ауқымда дамыта ала ма және бұл саладағы машиналық оқыту технологиялары қандай жылдамдықпен ілгерілейді соған байланысты.

Нарық өскен сайын автопилотты көліктердің өзіндік құны азая береді, деп сенеді Goldman Sachs. Алайда бұл көрсеткіш Қытайдағыдан жоғары болып қала береді, себебі ол жақта технология ертерек енгізілген. Сонымен қатар, робот-такси қызметінің бағасы да төмендейді: қазір бір миль шамамен 35 цент тұрса, 2040 жылға қарай бұл баға 15 центке дейін арзандауы мүмкін. Сол сияқты, сақтандыру құны да 50 центтен 23 центке дейін төмендейді деп күтілуде. Қосымша үнем көлік операторларының азаюымен қамтамасыз етіледі: егер қазір бір оператор тек 3 көлікті қашықтан басқара алса, 2040 жылы ол 35 көлікке дейін бақылау жасай алатын болады.

Goldman Sachs сарапшыларының тағы бір маңызды сұрағы америкалықтар болашақта жеке көліктен бас тарта ала ма? Банк жауабы — жоқ. Қазір АҚШ-та жеке көлікпен жүру 1 мильге шаққанда шамамен $1, ал таксимен жүру 2 доллардан асады. Сондықтан жүргізушісіз сапарлардың арзандауына қарамастан, көп адам жеке көлігін сақтайды, ал перспективада жүргізушісіз көлік сатып алуды жөн көреді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары