Каннабис өндірушілердің акциясы шарықтады: Трамп реттеуді қайта жұмсартуға уәде берді

16 желтоқсандағы саудада марихуана өндірумен байланысты компаниялардың котировкасы шарықтады. Бұған себеп, АҚШ президенті Дональд Трамптың Ақ үй марихуананы аз қауіпті есірткі ретінде қайта жіктеу мүмкіндігін байыппен қарастырып отырғанын мәлімдеуі. Оның айтуынша, мұндай қадам ауқымды ғылыми зерттеулерге жол ашады.
Егжей-тегжейлі
Ақ үй марихуананы аз қауіпті есірткілер санатына қайта жіктеу үшін тиісті жарлыққа қол қою мүмкіндігін байыппен қарастырып отыр. Бұл туралы 15 желтоқсанда АҚШ президенті Дональд Трамп мәлімдеді, деп хабарлады CNN.
«Көп адам марихуананы қайта жіктеуді қалайды, өйткені қайта жіктеусіз жүргізу мүмкін емес ауқымды зерттеулерге жол ашады», — деп Трамптың сөзін келтірді телеарна.
Осы мәлімдемеден кейін 16 желтоқсанда марихуана өндірісімен байланысты компаниялардың котировкасы шарықтады:
— Медициналық марихуана өндіруші әрі дистрибутор Tilray Brands котировкасы 27,5% өсіп, $13,94-ға дейін жетті. — Curaleaf Holdings акциясы биржадан тыс саудада 23%-дан астам қымбаттап, $4,53-ға дейін жетті. Осы деңгейден жоғары баға тек 2024 жылдың ортасында ғана тіркелген. — Канадалық каннабис өндіруші әрі сатушы Trulieve Cannabis акциясы Канада биржасында 12,58% өсіп, 14,5 канадалық долларға (шамамен $10,5) жетті. Бұл — 2024 жылдың қарашасынан бергі максимум.. — SNDL марихуана сатушысының котировкасы 12%-ға жуық өсіп, бір акциясы $2,15-ға дейін жетті — қарашаның басынан бергі шарықтау шегі. — Каннабис өндіруші және сатушы Canopy Growth акциясы 10,2% қымбаттап, 16 желтоқсанда сауданы $1,83 деңгейінде жапты. Бұл — тамыз айының соңынан бергі максимум.
Неліктен қайта жіктеу компаниялар үшін маңызды?
АҚШ-тың қазіргі заңнамасы каннабисті героин мен ЛСД-мен қатар «I қатаң тізімге» жатқызады. Бұл — тәуелділік тудыруы мүмкін заттар санаты, сондықтан оларды кез келген мақсатта қолдану мен тарату федералдық деңгейде тыйым салынған.
Ақ үй каннабисті анағұрлым жұмсақ «III тізімге» ауыстыруды ұсынып отыр. MarketWatch атап өткендей, бұл тізімде, мысалы, кетамин, тестостерон және кодеин қосылған парацетамол бар. Марихуананы қайта жіктеу оны толық заңдастырмайды, бірақ шектеулерді жұмсартып, кейбір компанияларға салықтық жеңілдіктерге үміттенуге мүмкіндік береді, деп түсіндірген The Wall Street Journal.
Тамыз айында Трамп әкімшілігі каннабисті қайта жіктеу мүмкіндігін қарастырып жатқанын айтқан еді. Сол кезде Tilray компаниясының бас директоры Ирвин Саймон бұл үдеріс шамамен бір жылға созылуы мүмкін екенін бағалаған.
Ал бір апта бұрын Washington Post дереккөздеріне сілтеме жасап, Трамп АҚШ-та каннабиске қолжетімділікті жеңілдету үшін тиісті жарлыққа қол қоюы мүмкін екенін хабарлады.
Екі жағдайда да каннабисті анағұрлым жұмсақ тізімге көшіру туралы жаңалықтар оны өндіру және сатумен байланысты компаниялардың акциясының өсуіне әкелді.
Контекст
Федералдық деңгейдегі тыйымдарға қарамастан, АҚШ штаттарының марихуананы медициналық немесе рекреациялық мақсатта қолдануға рұқсат беруге құқығы бар. 2024 жылдың ақпанындағы жағдай бойынша, марихуананы медициналық мақсатта 47 штат, Колумбия округі және АҚШ-тың үш аумағы (Гуам, Пуэрто-Рико және АҚШ Виргин аралдары) заңдастырған. Ал 24 штат, Колумбия округі және екі аумақ оны ересектерге медициналық емес мақсатта қолдануға да рұқсат етеді, деп хабарлады АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC).








