БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Кэти Вуд: ЖИ-көпіршік туралы әңгімелер инвесторларды жаңылыстыруда

Анна Краснова

Анна Краснова

Журналист
Кэти Вуд: ЖИ-көпіршік туралы әңгімелер инвесторларды жаңылыстыруда

Жасанды интеллект нарығындағы «көпіршік» туралы пікірталастар көбіне 1990-жылдардың соңындағы доткомдар дағдарысымен салыстыруға келіп тіреледі. ARK Invest жағдайды бағалағанда баға динамикасына емес, классикалық көпіршік белгілеріне — ұсыныстың шамадан тыс көптігіне және нақты сұраныстың жетіспеушілігіне назар аудару қажет деп есептейді. Инвесткомпанияның бас директоры Кэти Вуд, ARK президенті Том Стаут және қордың бас футурологы Бретт Уинтон подкаст барысында саланың шын мәнінде қай даму кезеңінде тұрғанын және жаңа циклде дәстүрлі «қорғаныс активтеріне» ставка жасау инвестор портфелінде қалай «баяу күйреп жатқан активтер» әкелуі мүмкін екенін талқылады.

Көпіршік емес — тапшылық

«Егер бәрі бұл көпіршік пе, жоқ па деп сұрап жатса — көпіршік болу ықтималдығы төмен», — дейді Уинтон. Футуролог аудитория динамикасына сүйенеді. Қазір чат-боттарды шамамен бір миллиард адам пайдаланады — бұл смартфон иелерінің тек 15%-ы. Оның бағалауынша әлеует бірнеше есе жоғары: онжылдықтың соңына қарай аудитория 4–5 миллиардқа дейін өсуі мүмкін. «Пайдаланушы базасының өсу қарқыны тек үдей түседі, өйткені біз әлі де ерте кезеңдеміз», — деп атап өтті ол. ARK-ның қорытындысы: ЖИ ену деңгейі бойынша қазір интернеттің 1990-жылдардың ортасындағы кезеңіне жақынырақ, бірақ дотком-бумы шыңында емес.

Бұл аргументті инфрақұрылым жағдайы күшейтеді. Компаниялар деректер орталықтарына қолжетімділікті шектеуге мәжбүр, ал нарықты Уинтон under supplied («жеткіліксіз жабдықталған») деп сипаттайды: қуат ұсынысы модельдерді пайдалануға деген сұраныстан физикалық түрде қалып келеді. Мұндай құрылым циклдың соңына емес, басына тән. 1990-жылдардың соңында ІТ-компаниялар болашақ сұранысқа сеніп, шамадан тыс инфрақұрылым салса, қазір қуат тапшылығы технологиялардың жаппай қолданылып жатқанын көрсетеді.

Неліктен ЖИ-ді доткоммен салыстыруға келмейді

ARK пікірі бойынша дотком дағдарысымен тікелей параллель жүргізу инвесторларды адастырады. Басты айырмашылық — технологиялардың жетілу деңгейінде: 1990-жылдардың соңында нарық болашақ интернеттің арманына баға берсе, қазір нақты жұмыс істейтін шешімдер бағаланып жатыр.

Кэти Вуд қазіргі серпіліс үшін қажетті технологиялық база 20 жыл бұрын болмағанын айтады. Бұлтты платформалар тек 2006 жылдан кейін инфрақұрылымның бөлігіне айналды, терең нейрожелілердегі серпіліс 2012 жылы болды, ал деректерді өңдеуге арналған трансформер архитектурасы тек 2017 жылы пайда болды.

Уинтонның айтуынша, ЖИ-дің қазіргі даму кезеңі 1990-жылдардың ортасына жақынырақ:  ену деңгейі төмен, бірақ өсу траекториясы өте жоғары. «Біз 1995 жылға жақынбыз, 1999 жылға емес», — дейді футуролог. ARK-ның басты қорытындысы: ЖИ нарығы доткомдардағыдай «бағалар шынайылықтан озып кететін» модельмен емес, ондаған жылдар бойы жинақталған технологиялар мен олардың жаппай қолдануға өту логикасымен дамуда.

Акциялар үшін артық төлеу қаупі қашан жоғалады

Дотком дәуірімен айырмашылық тек технологияларда емес, бағаларға қандай күтулер енгізілгенінде де жатыр. ARK көптеген компаниялардың ағымдағы бағалаулары жоғары екенін жоққа шығармайды. Бірақ Вудтың айтуынша инвесторлар бүгін төлеп отырған «премия» мәңгі емес. ARK-ның базалық сценариі бойынша бес жыл ішінде жоғары мультипликаторлар орташа деңгейге қайта түседі — яғни «сығылу» жүреді. Актив инвестициялық тартымды болып қалуы үшін бизнес өсімі осы процесті артығымен өтеп тұруы қажет. Сондықтан қор портфельге қосатын компаниялардан бес жылдық перспективада жылына кемінде 15% күтілетін табыстылық талап етеді — бұл көрсеткіш мультипликаторлардың төмендеу тәуекелін ескеріп қойған.

Мысал ретінде Вуд Palantir компаниясын келтіреді. Қазір ол метрикалар бойынша «өте қымбат» көрінеді, бірақ АҚШ-тың коммерциялық сегментінде жылдық табыстың 123% өсуі бұл премияны ақтайды. Уинтон бұл тәсілді былай түсіндіреді: «егер нарық ауқымы күткеннен жылдамырақ өсіп жатса, жоғары мультипликатордың өзі ештеңе білдірмейді».

Табыстың архитектурасы: ЖИ-дан ең көп кім ұтады

Бретт Уинтон ЖИ нарығын әр қабаты өз экономикалық функциясын орындайтын иерархиялық құрылым ретінде сипаттайды.

Пирамиданың негізінде техникалық архитектураны анықтайтын іргелі модельдер (OpenAI, Anthropic, Google, xAI) жатыр. Бұл — ең капиталсыйымды деңгей: модельдерді оқыту индустриялық масштабтағы инфрақұрылымды талап етеді. ARK бағалауы бойынша осы сегменттің жиынтық әлеуеті 2030 жылға қарай $15–20 трлн-ға жетуі мүмкін.

Базалық қабаттың үстінде «шикі» модельдерді қолданбалы өнімге айналдыратын платформалар орналасады.ьДәл осы жерде ІТ-инфрақұрылымды нөлден қайта құра алмайтын компанияларға нақты пайда туады. Уинтонның айтуынша осындағы төлемге қабілетті сұраныс тіпті ІІ-модельдер нарығымен тең деуге болады. Себебі Palantir сияқты платформалар бизнеске озық технологияларды үлкен капиталдық шығындарсыз қолдануға мүмкіндік береді.

Бұл тізбекті салалық, яғни вертикалды қолданбалар толықтырады — логистикадан бастап медицинаға дейінгі нақты салаларға арналған шешімдер. Футурологтың сөзінше дәл осы сегмент ең жылдам өсіп келеді және бүкіл экожүйені алға сүйреп тұрған бастапқы сұранысты қалыптастырады.

ЖИ әлеуеті тек бағдарламалық қамтамасыз етумен шектелмейді. ARK бөлек және одан да ауқымды бағыт ретінде Embodied AI — яғни цифр мен физикалық әлем тоғысатын салаларды (роботакси, автономды жүйелер, биоинженерия) бөліп көрсетеді. Кэти Вуд роботакси мысалын келтіреді: қазіргі жылдық табыс $1 млрд-тан аз, бірақ 5–10 жылда $8–10 трлн дейін өсуі мүмкін. Денсаулық сақтау саласында ЖИ дәрі әзірлеу құнын шамамен 75%-ға төмендетіп, фарм компаниялары үшін жаңа тиімділік циклін аша алады.

Гуманоид роботтардың әлеуеті, Уинтонның пікірінше, көптеген қазіргі нарықтардан асып түседі. Оның келесі ірі мақсаты — ұзақ өмір сүру технологиялары: молшылық кезеңінде адамдар босап қалған ресурстарды өмірді ұзартуға бағыттайды. ARK-ның бағалауынша автономды жүйелер, робототехника және биотехнологиялар алдағы онжылдықтарда ең ірі құн өсімін қамтамасыз етеді.

«Ескі экономиканың» қауіптері

ARK сипаттап отырған технологиялық ығысулар инфрақұрылымы өткен буынға негізделген компаниялар үшін елеулі қауіп төндіреді. Қысым қазірдің өзінде көлік секторында байқалады. Қордың бағалауы бойынша автономды жүк тасымалдаудың өзіндік құны тонна-миля үшін үш центке дейін төмендеуі мүмкін, ал темір жолда бұл көрсеткіш төрт цент деңгейінде қалып отыр. Маржасы өте төмен бизнес үшін мұндай айырмашылық тұтас сегменттердің бәсекеге қабілеттілігін жоғалтуы дегенді білдіреді.

Кэти Вуд мұндай өзгерістер басқа салаларды да қамтитынын айтады. Автономды жүйелер, роботтандыру және алгоритмдік жоспарлау салалар ішіндегі пайданы дәстүрлі алыптар бейімделіп үлгергеннен әлдеқайда жылдам қайта бөле алады.

Уинтон бұл қауіп туралы одан да қатаң айтады: инвесторлардың портфелінде «баяу күйреп жатқан активтер» пайда болуы мүмкін — яғни жаңа технологиялар тиімділіктің мүлде басқа стандартын орнатқан сайын табыстылығы күрт құлдырайтын компаниялар.

ARK сарапшыларының ескертуінше мұндай технологиялық бетбұрыста инновацияға қатысы жоқ активтердің құны онжылдықтың соңына қарай төмендеп кетуі ықтимал. Экономика жалпы өссе де, олар бағасын ұстап тұра алмайды.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары