Keurig Dr Pepper акциялары кейінгі 5 жылдағы ең үздік бір күндік өсімге қол жеткізді

27 қазанда Keurig Dr Pepper сусын өндіруші компаниясының акциялары кейінгі бес жылдағы ең үлкен бір күндік өсімді тіркеді. Компания Apollo және KKR қорларынан 7 млрд $ инвестиция алатынын хабарлады. Бұл қаражат кофе брендтері L’OR және Jacobs иесі болып саналатын компанияны сатып алуға бағытталады. Осыдан кейін Keurig екі бөлек бизнеске бөлінбек: бірі газдалған сусындармен, екіншісі кофемен айналысады. Бұған қоса, дүйсенбі күні компания үшінші тоқсанға арналған мықты қаржылық есеп жариялады. Бұл да инвесторлардың сенімін арттырды.
Егжей-тегжейі
27 қазанда Keurig Dr Pepper акциялары бір сәтте 10,5%-ға өсіп, 30 долларға жетті. Бұл — 2020 жылдың наурызынан бергі ең үлкен өсім, деп жазды Bloomberg. Сауда соңында өсім сәл төмендеп, күнді 7,6% өсіммен жапты. Бірақ 2025 жылдың басымен салыстырғанда, компания акциялары әлі де 9%-ға төмен.
Өсімге Apollo мен KKR қорларынан келетін инвестиция туралы жаңалық пен үшінші тоқсан есебі себеп болды.
Кофе бағытына инвестициялар
Keurig Dr Pepper — кофе мен газдалған сусын брендтерінің иесі. Компания Apollo мен KKR қорларынан 7 млрд $ инвестиция алады. Бұл қаражат Нидерландыда орналасқан JDE Peet’s кофей компаниясын 18 млрд долларға сатып алуға жұмсалады. JDE Peet’s L’OR, Jacobs, Pickwick сияқты брендтерге ие.
Бұл мәміле туралы Keurig алғаш тамызда айтқан еді. Қазан айында TD Cowen сарапшысы Роберт Москов бұл сатып алу Keurig-тің қарызын арттырып, кофеге тәуелділігін үш есе ұлғайтады деп ескерткен. Ал бұл инвесторлар үшін жағымсыз жайт еді. Бірақ Apollo мен KKR инвестициялары бұл қауіптерді азайтады, деп жазады Bloomberg.
Barclays сарапшысы Лорен Либерманнің айтуынша, жаңа қаржыландырудың арқасында біріктірілген компания операциялық жағынан икемді болады және нарық тарапынан теріс баға алмайды. Дүйсенбіде ол Keurig акцияларына «бейтарап» рейтинг берді.
Келісімге сәйкес, Apollo мен KKR $4 млрд-ты кофе капсулаларын өндіретін бірлескен кәсіпорынға салады. Бұл кәсіпорында Keurig бақылаушы үлеске ие болады. Тағы 3 млрд $ Keurig-тің сусындармен айналысатын бөлімшесінің артықшылықты конверттелетін акцияларына салынады. Бас директор Тимоти Коффердің айтуынша, біріктірілген кофе бизнесі жылына 16 млрд $ табыс және 3 млрд $ түзетілген EBITDA әкеледі.
2026 жылдың соңына қарай Keurig бизнесін екіге бөлмек: сусын және кофе бағыттары жеке компания болады. Жаңа құрылым келісімнен кейін болжанатын таза қарызды 38 млрд доллардан 31 млрд долларға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл қарыз жүктемесінің коэффициентін 5,6-дан 4,6-ға дейін төмендетеді.
Компания есебі қалай болды?
Keurig дүйсенбі күні үшінші тоқсандағы түзетілген акцияға шаққандағы пайда $0,54 болғанын хабарлады. Бұл — Visible Alpha сарапшыларының болжамымен дәл келді, деп жазады Investopedia. Түсім 10,6%-ға артып, 4,31 млрд $ болды — бұл нарық күтімінен жоғары. Бұл өсім АҚШ-тағы сусындар сатылымының артуы және Ghost энергетикалық брендімен байланысты, деп түсіндіреді басылым.
АҚШ-та газды сусын сатылымы 14,4%-ға өсіп, 2,7 млрд $ болды. Кофе сатылымы 1,5%-ға артып, 991 млн долларға жетті. Бұған K-Cup кофе капсулаларының бағасының өсуі әсер етті. Ghost бренді көлем мен өнім құрылымының өсіміне 4,4 пайыздық пункт қосқан.
Keurig Dr Pepper енді жылдық табыстың өсімі 7–9% аралығында болады деп күтеді. Бұған дейін 4–6% өсім болжанған еді.








