Конгресс Трамптың криптожобаларын талқылауды бастауға рұқсат бермеді

АҚШ Конгресі Дональд Трамп қолдаған криптовалютаға қатысты заң жобаларын талқылау бастамасын мақұлдамады. Кейбір республикалықтар бұл процесті реттейтін арнайы ережеге қарсы шығып, дауыс бермеді. Осылайша, заң жобаларын алға жылжыту тоқтап қалды. Бұл жағдай крипто-компаниялардың акциялары мен биткойн бағасына кері әсер етті.
Егжей-тегжейі
CNBC мәліметінше, Өкілдер палатасы Трамп қолдаған үш криптовалютаға қатысты заң жобаларын талқылау процедурасын бұғаттады. 196 мүше «жақтап», 223 адам «қарсы» дауыс берді. Қарсы шыққандар арасында 13 республикалық та болды. Бұл бастаманы солар көтерген.
Бұл дауыс беру Трамп жариялаған «криптоапта» аясында өтті. Бұл — республикалықтардың Трампқа қарсы дауыс берген сирек жағдайларының бірі. Бұған дейін Трамп GENIUS заң жобасының маңызын айтып, оны қолдауға шақырған. Ол бұл құжат АҚШ-ты цифрлық активтер саласында көшбасшы етеді деп мәлімдеген.
Қазір бұл жобалардың болашағы белгісіз. Қайта қаралуы үшін өкілдер палатасы дауыс беру ережесін қайтадан мақұлдауы керек. Кейінірек сол күні тағы бір дауыс беру жоспарланған, бірақ оның шарттары сол күйінде қалатыны немесе жобаларға өзгеріс енгізілетіні белгісіз. Конгрессвумен Марджори Тейлор Грин өзінің қарсы дауысын былай түсіндірді: «GENIUS жобасында орталық банктің цифрлық валютасына (CBDC) тыйым салу жоқ, ал спикер Майк Джонсон өзгеріс енгізуге рұқсат бермеді».
Апта ішінде Конгресс криптонарыққа қолайлы үш заң жобасын қарастыруы тиіс:
• CLARITY Act — криптовалюталарға заңнамалық негіз құруға бағытталған;
• GENIUS Act — жеке компаниялардың стейблкоин шығаруын реттейді;
• Anti-CBDC Surveillance State Act — мемлекеттік цифрлық валюталарды жасауға тыйым салуы мүмкін.
Нарық қалай қабылдады?
Дауыс беру нәтижесі крипто-компания акциялары мен биткойн бағасына теріс әсер етті:
• Circle компаниясының акциясы 4,5%-ға құлдырады,
• Coinbase 1,5%-ға төмендеді,
• MARA Holdings 2,3%-ға арзандады,
• Биткойн иеленетін ең ірі компания Strategy шамамен 2%-ға түсіп кетті,
• Биткойнның өзі 3%-ға төмендеп, $116,5 мыңға дейін түсті.








