«Криптоиндустрияға қарсы соғыс аяқталды»: Трамп Binance негізін қалаушыны кешірді

АҚШ президенті Дональд Трамп криптобиржа Binance-тің негізін қалаушы және бұрынғы бас директоры Чанпэн Чжаоны кешірді. Бұл туралы The Wall Street Journal дереккөздерге сілтеме жасап хабарлады.
22 қазанда Трамп ресми түрде рақымшылық туралы жарлыққа қол қойған. Газетке сұхбат бергендердің бірі Трамптың соңғы уақытта кеңесшілерімен Чжао мен басқа да криптобизнес өкілдерінің «саяси қуғынға ұшырағаны» туралы пікірлермен келісетінін айтқанын мәлімдеді.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Каролайн Левитт WSJ ақпаратын растады. Оның сөзінше, Трамп «Байден әкімшілігінің криптовалютаға қарсы соғысының аясында қуғынға түскен Чжао мырзаға рақымшылық беру арқылы өз конституциялық құқығын пайдаланды».
«Байден әкімшілігінің криптоиндустрияға қарсы соғысы аяқталды», — деді Ақ үй өкілі.
Binance компаниясы WSJ сауалына түсініктеме бермеді.
Чжао 2017 жылы Абу-Дабиде Binance платформасын құрған. Ол небәрі бірнеше жыл ішінде компанияны әлемдегі ең ірі криптобиржаға айналдырды. Қазіргі уақытта Binance-тің шамамен 300 миллион пайдаланушысы бар. 2024 жылы Чжао АҚШ-та төрт ай түрмеде отырып шықты. Ол ақшаны жылыстатуға қарсы заңды бұзғанын мойындаған. Айыптаушылардың айтуынша, оның басшылығымен Binance арқылы өткен заңсыз транзакциялар АҚШ ұлттық қауіпсіздігіне «айтарлықтай зиян» келтірген.
Трамптың рақымшылығы Binance-ке АҚШ нарығына қайта оралуға жол ашуы мүмкін. 2023 жылы компания ақшаны жылыстатуға қарсы заңды бұзғанын мойындап, 4,3 миллиард доллар айыппұл төлегеннен кейін Америкада жұмыс істеу құқығынан айырылған еді. WSJ мәліметінше, Трамптың шешімі Әділет министрлігі белгілеген үш жылдық бақылау мерзімін де мерзімінен бұрын аяқтауы мүмкін. Бірақ Қаржы министрлігінің бөлек бақылауы әзірге сақталады. Оны алып тастау үшін Трамптың немесе министрдің арнайы шешімі қажет.
Биыл көктемде Binance басшылығы Қаржы министрлігі өкілдерімен кездесіп, бақылау шараларын жеңілдету туралы сөйлескен. Сот процестері мен реттеуші қысым салдарынан компания нарықтағы үлесінің бір бөлігін бәсекелестеріне жоғалтқан.
Binance дереккөздерге сенсек, Чжаоға рақымшылық алу үшін бір жыл бойы әрекет еткен. Өткен жылы-ақ биржа Трамптың серіктестеріне АҚШ нарығына оралуды көздейтін келісім ұсынған. Трамптың қайта сайлануынан кейін Binance оның отбасылық жобасы — World Liberty Financial компаниясының негізгі серіктесіне айналды. Бұл жоба Трамп пен оның туыстарының табысын едәуір арттырды, соңғы бір жылда ол жылжымайтын мүлік бизнесінен түскен кірістерден де асып түскен.








