БастыReview
Бөлісу

Криптокомпаниялар алтын нарығынан табыс таппақ. «Цифрлық кеніштердің» қаупі неде

Михаил Оверченко

Михаил Оверченко

Oninvest басылымының шақырылған шолушысы.
Криптокомпаниялар алтын нарығынан табыс таппақ. «Цифрлық кеніштердің» қаупі неде

Биыл алтынның бағасы шамамен 60% өсті. Осындай серпіліс қарапайым инвесторлардан бастап, алтыннан пайда көргісі келетін түрлі айла-шарғы ойлап табатын ойыншыларға дейін көптеген қатысушыны нарыққа тартты. Соңғы апталарда қиын кезеңді бастан кешіріп жатқан криптовалюта индустриясы да әлемдегі ең бағалы әрі ең сенімді активтен табыс тапқысы келді.

Криптоалтын

Физикалық алтынның ең ірі сатып алушыларының бірі — стейблкоин USDT шығарушы Tether. CoinMarketCap дерегінше оның капитализациясы $185 млрд-қа жақындап қалды.

Компанияның бас директоры Паоло Ардоино биыл мамырда алтынды «табиғи биткоин» деп атады — яғни, биткоинге қатысты жиі қолданылатын «цифрлық алтын» ұғымын кері аударғандай болды. Financial Times жазғандай, соңғы айларда Tether алтын өндіруші компанияларға инвестиция салу туралы келіссөздер жүргізіп келген.

USDT негізінен АҚШ қазынашылық облигацияларымен қамтамасыз етіледі. Бірақ компанияның тағы бір токені бар — 2020 жылы шығарылған Tether Gold (XAUT). Бір токен бір тройск унциясына тең және Tether-дің мәлімдеуінше Швейцарияда сақталған физикалық алтын құймалармен қамтамасыз етілген. Токен иелері оны нақты алтынға айырбастай алады.

Компанияның қыркүйек соңындағы есебі бойынша Tether 116 тонна алтынға иелік етеді. Jefferies аналитиктері бұл көлем Tether-ді орталық банктерден кейінгі ең ірі алтын ұстаушылардың қатарына қосатынын айтады. Мысалы, Оңтүстік Корея, Венгрия немесе Грекия деңгейіндегі қор.

Бұл қорды компания биылғы агрессивті сатып алулар арқылы жинады. Бұрын болмаған жаңа сұраныс көзі пайда болып, бұл да алтын бағасының өсуіне үлес қосты.

Jefferies-тің бағалауынша II және III тоқсандарда Tether кез келген орталық банктен көп алтын сатып алған — сәйкесінше 24 және 26 тонна. Салыстыру үшін: сол кезеңдерде Польшаның орталық банкі — 19 тонна, Қазақстан — 18 тонна алтын сатып алған.

III тоқсанда Tether сұраныстың шамамен 2%-ын және орталық банктер сатып алған алтынның 12%-ын құрады. Соңғы екі айдағы агрессивті сатып алулар қысқа мерзімде ұсыныстың азаюына және нарықтағы көңіл күйдің өзгеруіне ықпал еткен болуы мүмкін, дейді Jefferies.

Алтын бағасы 20 қазанда тарихи максимум — $4381,5/унцияға жетті.

28 қарашадағы бағамен ($4239,4) есептегенде, Tether-дің алтын қорының құны $15,8 млрд.

Jefferies-тің пікірінше компания осылайша криптоалтын саудасын танымал етуге тырысуда.

Қарапайым инвесторлар физикалық алтынмен немесе фьючерстермен айналысқысы келмесе, алтынмен қамтамасыз етілген ETF-терді сатып ала алады, бірақ олардың комиссиясы бар (мысалы, ең ірі SPDR Gold Shares — 0,4% жылдық), сауда уақыты шектеулі, ал токендер тәулік бойы, комиссиясыз саудаланады.

Бірақ XAUT капитализациясы әлі де тым аз — $1,6 млрд.

FT ирониямен: «Қалғаны — тәуекелден қорқатын инвесторларды Сальвадор лицензиялаған криптокомпания шығаратын, ешқандай аудиті жоқ, Швейцариядағы бір қоймада сақталған-мыс 100 тонна алтынға негізделген токен сатып алуға көндіру ғана» деп түйіндейді.

Жерасты байлықтарын токенизациялау

Нарыққа бейінді емес инвесторлардың ағылып, пайда табудың экзотикалық жолдарының көбеюі — кез келген «алтын дүрбелеңінен» кейінгі классика, дейді Fuller Treacy Money негізін қалаушы Йон Триси.

Ол мысал ретінде NatBridge Resources компаниясын келтіреді — олар алтын өндірудің орнына жер қойнауындағы байлықты токенизациялауды ұсынды.

Компания 17 қарашада Калифорниядағы екі учаскедегі минералдық ресурстарды токенизациялау үшін NatGold Digital-пен келісім жасағанын хабарлады. Басқарма төрайымы Мишель Эш бұл тәсіл «дәстүрлі өндіріске экологиялық балама» болатынын айтты.

Компанияның бағалауынша жер астында 122 211 унция алтын бар, құны — $507 млн.

Триси көне әзілге сілтеме жасайды: «Алтын кеніш — жанында өтірікші тұрған жердегі бір шұңқыр». Руданы өңдемей, оның нақты өнімділігін ешқашан білмейсің.

NatBridge-тің нарықтық капитализациясы небәрі 10 млн канадалық доллар ($7,2 млн), бірақ олар әлі игеруді де жоспарламай отырған жер теліміне токендерге $205 млн сұраныс жинады. «Бұл — адамдарға қалағанын беру» дейді Триси. «Мұның бәрі жаман аяқталатынына күмәнім жоқ, бірақ бастапқыда токен бағасы өсуі де мүмкін».

Нағыз актив

Триси алтынның басты құндылығын былай түсіндіреді: «Алтын — ешқандай жалғандыққа көнбейді. Ол нақты, ауыр, берік, сирек және қоймада жай ғана жата береді. Ең ауыр сценарий орын алса, оны кез келген жерде ақша ретінде қабылдайды».

Deutsche Bank жасаған 200 жылдық талдауда алтынның орташа нақты табысы — 0,4%. Яғни, ол өз миссиясын орындады — құнын ұзақ уақыт бойы сақтап қалды. Ал XXI ғасырда (2000–2024) ол ең табысты активтердің бірі болды: жылдық нақты табысы — 7,45%, АҚШ акцияларынан да жоғары.

Алтын бағасы әсіресе орталық банктер инфляциямен күресуге толық әрекет ете алмайтын кезде өседі. Қазір АҚШ-та PCE инфляциясы 2,9%, мақсат — 2%. Триси: «Жарты жыл бойы инфляция 3% шамасында. Осы уақыт ішінде алтын екі есе қымбаттады. Нарық ФРЖ-ның қатаң қадамдарына сенбейді. Ал Дональд Трамптың ФРЖ-ға қысым жасауы жағдайды одан сайын қиындатып отыр» дейді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары