Krispy Kreme мен GoPro акциялары күрт қымбаттады

Пончик өндіруші Krispy Kreme мен экшн-камера шығаратын GoPro компанияларының акциялары 23 шілдедегі сауда барысында күрт қымбаттады. Krispy Kreme акциялары 30 пайыздан, ал GoPro 80 пайыздан аса өсті. Бұл өсу мемді акциялар төңірегіндегі жаңа қызығушылық толқынына байланысты орын алды. Сарапшылар мұндай бағалы қағаздарға инвестиция салудың қауіпті екенін ескертеді. Barron’s басылымы алдағы уақытта мемді болуға мүмкіндігі бар басқа акцияларды да атады.
Егжей-тегжейі
Krispy Kreme акциялары сәрсенбі күні 34 пайызға өсті. Бұған дейін, сейсенбіде, олар шамамен 27 пайызға қымбаттаған болатын.
GoPro бағасы бір күнде 80 пайыздан астамға көтерілді. Дүйсенбі күні бұл компанияның акциялары 41 пайызға өскен еді.
Bloomberg мәліметінше, сейсенбі күні Krispy Kreme-ге қатысты опциондармен сауда көлемі рекордтық деңгейге жетті — 100 мыңнан астам келісімшарт жасалған. Бұл соңғы төрт жылдағы орташа күндік көрсеткіштен 71 есе көп.
GoPro бойынша да белсенділік айтарлықтай артқан. Ондағы опциондық келісімшарттар саны 2021 жылдан бергі ең жоғары деңгейге (56 мың) жетті.
Bloomberg атап өткендей, бұған соңғы аптада Уолл-стритті қамтыған мемді акцияларға деген жаңа қызығушылық себеп болды. Жеке инвесторлар Reddit желісіндегі WallStreetBets форумында танымал болған акцияларды жаппай сатып алып жатыр.
Мысалы, дүйсенбіде жылжымайтын мүлікке арналған технологиялық платформа Opendoor акциялары күрт өсті. Ал сейсенбіде бөлшек сауда желісі Kohl’s акциялары екі есе қымбаттады.
Capital.com компаниясының аға нарық сарапшысы Даниэла Хаторн Bloomberg-ке берген сұхбатында былай деді:
Krispy Kreme – осы жаппай қызығушылыққа іліккен келесі компания секілді. Бұған дейінгідей, акция бағасының өсуіне нақты жаңалықтар себеп болып отырған жоқ. Бар болғаны – жеке инвесторлардың көңіл-күйі мен импульсі.
Ол мемді акциялардағы раллилердің артында көбіне нақты экономикалық негіз болмайтынын ескертті. Сондықтан олардың бағасы тез құлдырап кетуі мүмкін.
«Мұндағы тәуекелдер – ықтимал пайда сияқты үлкен. Егер трейдерде нақты шығу стратегиясы болмаса, ол ауыр шығынға ұшырауы мүмкін», – деп атап өтті Хаторн Barron’s тілшісіне берген түсініктемесінде.
Тағы қандай акциялар мемді болуы мүмкін?
Barron’s басылымы алдағы уақытта мемді акцияларға айналуы мүмкін бірнеше компанияны атады. Бұл тізімге қысқа позициялардың үлесі ең жоғары 30 компанияның ішінен ең танымалдары енгізілді.
Олардың акцияларының 19 пайыздан 58 пайызға дейінгі бөлігі шортта тұр (яғни, инвесторлар бағасы төмендейді деп бәс тіккен).
Тізімге тұтынушылық брендтер мен жақында жаңалықтардан көрінген компаниялар кірген. Олардың ішінде телемедициналық қызмет көрсететін Hims & Hers Health, кванттық есептеу саласындағы стартаптар — Rigetti Computing және D-Wave Quantum және COVID-19 вакцинасын шығарумен танымал Moderna биофармацевтикалық компаниясы бар.
Barron’s жазуынша, Moderna акцияларының бағасы салыстырмалы түрде төмен. Бұл оларды жеке инвесторлар үшін оңай нысанаға айналдырады.
Басылым сондай-ақ келесі компанияларға назар аудартты: ипотекалық брокер Rocket Companies (акциялардың 30,3 пайызы шортта), онлайн жиһаз дүкені Wayfair (22,9 пайыз), қолөнер мен винтаж өнімдері сатылатын маркетплейс Etsy (21,7 пайыз, электрлі пикап өндіруші Rivian (21,6 пайыз), ортопедиялық аяқ киім бренді Birkenstock (19,8 пайыз).
Бұл компаниялардың барлығы жеке инвесторлар мен онлайн қауымдастықтар тарапынан кенеттен қызығушылық тудырса, алдағы апталарда мемді акцияларға айналуы мүмкін.








