БастыReview
Бөлісу

Күміс дағдарысы: Хант бауырларынан сабақ

Михаил Оверченко

Михаил Оверченко

Oninvest басылымының шақырылған шолушысы.
Күміс дағдарысы: Хант бауырларынан сабақ

Күміс нарығында металл тапшылығы тарихи деңгейге жетті, ал бағасы 1980 жылдан бергі ең жоғары көрсеткішке көтерілді. Сол кездегідей унциясы $50-ға дейін өскен бағаның артында тағы да ерекше тапшылық тұр. 45 жыл бұрын дәл осындай баға өсіміне миллиардер Хант бауырлары жасаған әрекеттер себеп болған еді. Қазір де трейдерлер пайда табу үшін күміс құймаларын Нью-Йорктен Лондонға дейін ұшақпен тасып жатыр, ал қаңтар айында бұл керісінше болған – құймалар Лондоннан Нью-Йоркке жөнелтілген еді.

Лондондағы тапшылық

Жыл басынан бері Лондонда күміс бағасы 87,8% қымбаттады. Бұл көрсеткіш бойынша ол тіпті рекорд үстіне рекорд жаңартып жатқан алтыннан да озды – алтын бағасы осы кезеңде 65,6% ғана өсті.

Goldman Sachs баяндамасында күміс нарығы туралы былай делінген (Bloomberg келтірген): «Күміс нарығы алтынға қарағанда өтімділігі төмен және көлемі шамамен тоғыз есе кіші, сондықтан баға құбылуы әлдеқайда күшті. Орталық банктер тарапынан сұраныстың болмауы бағаны қолдамайды, сол себепті тіпті қысқа мерзімді инвестициялық ағындардың азаюы да бағаның шамадан тыс төмендеуіне әкелуі мүмкін. Өйткені бұл Лондон нарығындағы тапшылықтың азаюына әсер етеді. Соңғы уақыттағы бағаның өсуіне дәл осы тапшылық ықпал еткен».

Лондон мен Нью-Йорк – алтын мен күмістің әлемдегі екі ең үлкен нарығы. Лондон – негізінен нақты металлмен, яғни құймалармен сауда жасайтын нарық. Мұнда күн сайын күмістің спот бағасы анықталады, яғни сол сәтте нақты жеткізіліп сатылатын баға. Саудадан кейін құймалар қаладағы банктік қоймалар арасында көшіріліп отырады.

Нью-Йорк – мұнда биржалық фьючерстер саудаланады. Яғни, бүгін белгіленген бағамен болашақта жеткізуге арналған келісімшарттар.

Соңғы жылдары Лондон қоймаларындағы күміс қоры азайып кетті. Бұған бірнеше себеп бар: 2017 жылы өндіріс ең жоғары деңгейге жеткенімен, кейінгі жылдары ол өнеркәсіп сұранысына ілесе алмады. Күміс күн панельдерінде және электроникада кең қолданылады.

Сонымен қатар, күміспен қамтамасыз етілген биржалық қорлар (ETF) көбейді. Инвесторлар осы қорлар арқылы нақты физикалық күміске ие бола бастады, бұл нарықтағы еркін металл көлемін азайтты.

Bloomberg-тің мәліметінше Лондондағы күміс қоры 2021 жылдың ортасынан бері үштен бірге азайған. Қалған қордың басым бөлігі биржалық қорлардың иелігінде.

Нәтижесінде нарықтағы еркін айналымдағы күміс көлемі 2019 жылдың ортасынан бері 75%-ға қысқарды – 850 млн унциядан 200 млн унцияға дейін төмендеді. Бұл өтімділіктің күрт төмендеуіне және бағаның шарықтауына әкелді.

Күміске сұраныстың көтерілу себептері

Күміс бағасының өсуіне тағы бірнеше фактор әсер етті. Батыс елдерінде мемлекеттік қарыздың ұлғаюы, бюджет тапшылығы, валюталардың құнсыздануы, әсіресе АҚШ долларына деген сенімнің азаю қаупі инвесторларды алтын мен күміске бет бұрғызды. Қорғаныш актив ретінде күміс те сұранысқа ие бола бастады.

Wheaton Precious Metals компаниясының бас директоры Рэнди Смоллвуд Financial Times басылымына берген сұхбатында былай деді: «Нарықта нақты тапшылық байқалады, көп мөлшерде физикалық күміс сатып алу мүмкін емес, өйткені жеткілікті көлемде металл жоқ».

Бұған дәлел ретінде осы дүйсенбіде Ұлыбританияның Корольдік монета сарайының ресми сайтында күмістен құйылған 1 унциялық Britannia монеталары сатылымда таусылғаны хабарланды. Бұл монеталар жеке инвесторлар арасында өте танымал.

Күмістің қымбаттауы Үндістанда күміс тұтынудың маусымдық артуымен де тұспа-тұс келді — күзгі мерекелер мен үйлену маусымы жақындағанда сұраныс күрт өседі. Бұл да Лондон қорларындағы күміс көлемінің азаюына ықпал етті, дейді Standard Chartered аналитигі Суки Купер.

Тағы бір себеп — алтынның қымбаттап кетуі. Бағасы қолжетімсіз болғандықтан, кейбір инвесторлар «кедейлер алтыны» деп жиі аталатын күміске ауысты. Бұған қоса, нарықта күміс бойынша алыпсатарлық көңіл-күй күшейді. Үндістан баспасөзінің хабарлауынша кем дегенде бес инвестициялық компания күміс ETF қорларына жаңа қаражат қабылдауды уақытша тоқтатты. Себебі – нақты физикалық күмістің жетіспеуі және қор үлестерінің бағасы металдың нақты бағасынан 5–10% премиямен сатылуы.

Ханттар неге күміс жинады?

Нельсон Хант үшін күміс – жай инвестиция емес, өзін қорғаудың жолы болды. 1970-жылдары АҚШ-та инфляция өте жоғары болды. Оның үстіне Ханттардың Ливиядағы мұнай кен орындарын Муаммар Каддафи тартып алды – өйткені Ханттар оған табысының жартысын беруден бас тартқан еді. Бұған қоса, АҚШ-та бизнеске салынатын салық өсті, әлеуметтік шығындарды қаржыландыру үшін мемлекет бизнестен көп ақша талап етті. Осындай жағдайлар Ханттарды активтерін дәстүрлі қаржы жүйесінен тыс сақтауға итермеледі.

Сол себепті Нельсон Хант ағаларымен бірге 1973 жылдан бастап физикалық күмісті жаппай сатып ала бастады. Олар күміс құймаларын, монеталарын және фьючерстік келісімшарттарды үлкен көлемде жинады. Нәтижесінде 1980 жылға қарай олар 200 миллион фунттан (90 700 тонна) астам күміс иеленді. Бұл әлемдік нарықтағы еркін күміс ұсынысын күрт азайтып жіберді.

Күмістің бағасы 1979 жылдың басында унциясына $6 болса, сол жылдың соңына қарай $32 болды. Ал 1980 жылдың 18–20 қаңтарында баға $50 шамасына дейін шарықтады.

Бағаның мұндай секіруі халық арасында дүрбелең туғызды: адамдар үйдегі күміс қасықтар мен асханалық жиынтықтарды металл қабылдау орындарына өткізе бастады; зергерлік бұйымдар ұрлығы көбейді; күміс тапшылығы туралы жаңалықтар күн сайын тарады.

Инфляцияны есептегенде, 1980 жылы унциясына $50 болған күміс қазіргі ақшамен есептегенде $195,5 тұрар еді (Миннеаполистегі АҚШ Федералдық резерв банкі инфляциялық калькуляторы бойынша).

Тіпті әйгілі зергерлік бренд Tiffany & Co. The New York Times газетіне мынадай жарнама берді: «Біз күмісті миллиардтаған доллар көлемінде жинап алып, оның бағасын қолдан көтеру – дұрыс емес деп санаймыз. Басқалар күмістен жасалған балалар қасықтары мен шай сервиздерін, фотоқағаз бен басқа да тауарларды шектен тыс қымбат бағаға сатып алуға мәжбүр».

Ханттардың күйреуі және күміс нарығының құлауы

Хант бауырлары тек физикалық күмісті ғана емес, сонымен бірге фьючерстік келісімшарттарды да ірі көлемде сатып алған еді. Олардың шектен тыс үлкен позициялары нарықтағы басқа қатысушыларды алаңдата бастады. Күміске жеткізілім жасайтын серіктестер бауырларға металл таба алмай қиналды — себебі нарықта бос күміс қалмаған болатын.

Осы кезде биржалар жағдайды бақылауға алу үшін төтенше шаралар қолданды: Comex және Chicago Board of Trade жаңа күміс фьючерстерін сатып алуға тыйым салды – тек бар келісімшарттарды жабуға ғана рұқсат берілді; кепілдік маржа (гарантийное обеспечение) бірнеше есе көтерілді – бұл алыпсатарлықты шектеу үшін жасалды.

Соның кесірінен Ханттардың қаржы жүйесі күйреді. Оларда шамамен $4,5 млрд көлемінде күміс активтері болды, әрі есеп бойынша $3,5 млрд қағаз түріндегі пайда көрсетілді. Бірақ маржа талаптарын уақытында төлеу үшін қажетті $134 млн ақшаны таба алмады. Банктер оларды қолдаудан бас тартты, ал брокерлер Ханттардың позицияларын мәжбүрлі түрде жауып тастады.

Нәтижесінде күміс бағасы бір аптаның ішінде құлдырап кетті. 1980 жылдың наурыз айының соңында күміс бағасы унциясына $10,8 деңгейіне қайта түсті. Бұл тарихқа «Күміс бейсенбі» (Silver Thursday) деп енді – сол күні күміс бағасы күрт құлдыраған болатын.

Кейін АҚШ-тың Қаржы нарығын реттеу комиссиясы (SEC) былай деп жазды: «1980 жылдың наурызындағы алты күн ішінде бір отбасының дефолты бүкіл АҚШ қаржы жүйесіне қауіп төндірді деп саналды».

Қазір JPMorgan және басқа да ірі трейдерлер қысқа мерзімде күмісті хеджирлеудің жолдарын іздеуде. Жеткізілім мен нақты келісімшарт міндеттемелері арасындағы айырмашылық тәуекелді күшейтіп отыр. Компаниялар физикалық күмісті таба алмай қалмау үшін қорларын көбейтіп жатыр.

Бұрын мұндай жағдай тек төтенше оқиғалар кезінде болатын — мысалы, өндірушілер ереуілге шыққанда немесе ірі кеніштер уақытша жабылғанда. Ал қазір тапшылықтың ұзаққа созылып кету қаупі бар: сұраныс рекорд жаңартып жатыр, ал өндіріс баяу өсуде.

Нью-Йорктен Лондонға

Қазіргі болып жатқан жағдай Хант бауырлары кезіндегі оқиғалардан өзгеше болғанымен, кейбір тұстарында жағдай тіпті бұрынғыдан да күрделі, деп жазады Bloomberg трейдерлер мен талдаушыларға сілтеме жасап.

«Мен мұндайды бұрын-соңды көрмедім, бұл – мүлдем бұрын болмаған құбылыс, — деді Greenland Investment Management хедж-қорының инвестициялар жөніндегі директоры Анант Джатиа. — Нарықта өтімділік мүлде жоқ».

Әдетте Лондонда күміс бағасы Нью-Йоркке қарағанда сәл арзан болады, бірақ қазан айының басынан бері жағдай керісінше өзгерді. 10 қазанда Лондонда күміс бағасына үстеме ақы унциясына $2,92-ға жетті — бұл металдың құнының шамамен 5,5%-ына тең.

Мұндай жағдай тарихта тек бір рет — Хант бауырлары оқиғасы кезінде болған. Осыдан кейін трейдерлер Нью-Йорктен күміс құймалары келе бастайды деп күтумен, баға үстемесі біртіндеп төмендеді. Бірақ соған қарамастан, ол әлі де өте жоғары деңгейде қалып тұр — унциясына $1-дан жоғары.

Лондонда күміс тапшылығын азайту үшін трейдерлер Нью-Йорктен Лондонға құймалар жеткізу үшін ұшақ жалдай бастады.

Ал қаңтар айында, АҚШ президенті қызметіне Дональд Трамп кіріскен кезде, керісінше жағдай болды. Сол кезде бағалы металдар негізінен Лондоннан Нью-Йоркке жаппай тасымалданды — трейдерлер импорттық баж салығы енгізіле ме деп қауіптенді. Негізінен алтынды тасымалдады, себебі күмісті ұшақпен тасымалдау экономикалық тұрғыдан тиімсіз. Дегенмен, сол кезде де арбитраж мүмкіндігі болды (Нью-Йорктегі фьючерстер Лондондағы алтыннан унциясына $1 қымбат сатылды), сол себепті біраз мөлшерде күміс те жеткізілді. Оның үстіне, күмісті қосымша өңдеудің қажеті жоқ — алтыннан айырмашылығы, екі нарықта да бірдей 1000 унциялық құймалар пайдаланылады.

11 қазанда логистикалық компанияның топ-менеджері Bloomberg-ке берген сұхбатында қазір трейдерлер Нью-Йорктен Лондонға 15–30 миллион унция күміс жеткізуді жоспарлап отырғанын айтты. Ал MKS Pamp компаниясының сауда директоры Джозеф Стефанс (қымбат металдар нарығында сауда және қаржылық қызмет көрсететін, әлемдегі ең ірі өңдеу зауыттарының иесі) былай деді:

«Металды Лондонға қайтаруға нарықта табиғи ынталандыру бар, жағдай қалыпқа келеді деп үміттенеміз».

Алайда трейдерлерді АҚШ-тағы күміс қорларын азайтып, экспорттаудан бір фактор тежеп тұр — Трамп әкімшілігі қазір стратегиялық минералдар тізімін қайта қарап жатыр. Егер күміс өнеркәсіп үшін маңызды металл деп танылса, оған экспорттық шектеулер немесе баж салығы енгізілуі мүмкін.

«Қазір металл өзіне қажет жерде тұрған жоқ, оны Нью-Йоркке алып кеткен», — деді BullionVault онлайн платформасының талдау директоры Эдриан Эш FT басылымына. Оның айтуынша стратегиялық минералдар бойынша шешім алдағы бірнеше аптада қабылданады, «сондықтан егер сіздің күмісіңіз Нью-Йоркте болса, дәл қазір оны шығара қояйын деп ойлай қоймассыз».

Бір апта бұрын Bank of America күміс бағасына қатысты болжамын қайта қарап, 2026 жылдың соңына арналған баға болжамын унциясына $44-тен $65-ке дейін көтерді. Банк болжамының негіздері: созылмалы тапшылық, мемлекеттердің өсіп келе жатқан бюджет тапшылығы және төмендеп жатқан пайыздық мөлшерлемелер.

Инвестициялық бюллетень Fuller Treacy Money редакторы Йон Триси: күміс бағасы әлі де алтынмен салыстырғанда арзан, ал тарихтағы ұзақ мерзімді «бұқа» циклдерінде күміс осы айырмашылықты айтарлықтай қысқарта алған. Бірақ ол қысқа мерзімге қатысты алаңдайды:

«Нарықта көп ультра-бұқалар пайда болды — бәрі баға одан әрі өседі деп жарысып болжап жатыр», — дейді ол.

«Шектен тыс оптимистік болжамдар көбіне адамдардың ақшамен не істеп қойғанын көрсетеді – яғни олар әлдеқашан сатып алған, сол үшін баға әлі де өседі деп сендіруге тырысады. Әсіресе күміс бағасы жақында ғана күшті ралли жасағанын ескерсек, бұл маңызды белгі», — деп қосты сарапшы.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары