Лабубу өндірушісінің акциялары жарнама стриміндегі оқиғадан кейін күрт төмендеді

Қытайлық Лабубу мен өзге де танымал ойыншық-аксессуарлардың өндірушісі Pop Mart International Group 7 қарашада күрт құлдырауға ұшырады. Компанияның акциялары Pop Mart-тың жарнамалық стримінде болған келеңсіз жағдайдан кейін арзандап, оның өнімдерінің бағасы қаншалықты негізді екеніне қатысты күмән туғызды.
Егжей-тегжейлі
Гонконг биржасындағы сауда ашылған сәтте Pop Mart акциялары 5,1%-ға төмендеп, мамырдан бергі ең төменгі деңгейге түсті, деп хабарлайды Bloomberg. Кейінірек төмендеу қарқыны 5,7%-ға дейін үдеді.
Акциялар құлдырауына 6 қараша кешінде өткен Pop Mart стриміндегі оқиға түрткі болды. Қытайда стриминг — тауарларды тікелей эфирде таныстырып, сатып алушыларды сендіру арқылы сату тәсілі — аса танымал маркетинг құралы. Бұл жолы жүргізушілер DIMOO сериясындағы «соқыр қораптарда» сатылатын кулон-брелоктарды көрсетіп отырған.
Тікелей эфир барысында камера екі қызметкердің әңгімесін жазып алған. Ол жазба әп-сәтте қытайлық әлеуметтік желілерде тарап кетті. Бірі қолындағы брелокқа қарап: — «Мынау 79 юань тұрады, шын мәнінде қымбаттау ғой», — десе,
екіншісі оған жауап қатты: — «Ештеңе етпейді, бәрібір сатып алатындар табылады».
«Компания бұл жағдайды тексеріп жатыр», — деп мәлімдеді Bloomberg-ке Pop Mart өкілі. Ал бағаның 79 юаньға ($11) түзетілуі мүмкін бе деген сұраққа компанияның тұтынушыларды қолдау қызметі ешқандай нұсқау түспегенін хабарлаған, деп жазады қытайлық DaHe Fortune Cube басылымы The Cover-ге сілтеме жасап.
Акциялардың жағдайы
Соңғы бір жыл ішінде пекиндік Pop Mart тұтынушылық сектордағы Қытайдың ең «ыстық» акциясына айналды, деп жазады Bloomberg. Бұған Лабубу ойыншықтарына бүкіл әлем бойынша артқан сұраныс әсер етті. Алайда қазір компанияның қағаздары тамыз айының соңындағы тарихи максимумнан 38%-ға төмен саудаланып отыр. Бұған инвесторлардың пайдасын бекітуі мен өнімге деген қызығушылық ұзаққа созылмайды деген алаңдаушылық себеп болған.
Соған қарамастан, сарапшылардың басым бөлігі Pop Mart акцияларын сатып алуды ұсынады. FactSet-тың дерегінше компанияны бақылап отырған 38 сарапшының 34-і оның қағаздарына «сатып алу» (Buy) немесе «нарықтан жоғары» (Overweight) рейтингін берген.








