Loop Capital тәуекелдерге қарамастан Alphabet акцияларын сатып алуға кеңес береді

Loop Capital Google-дың холдингі Alphabet акцияларының рейтингін көтеріп, оларды сатып алуды ұсынды. Рейтингтің көтерілуі Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway компаниясы Alphabet-тен үлес сатып алғаны туралы хабардан кейін және ЖИ-компаниялардың артық бағалануы инвесторларды алаңдатып, технологиялық секторда акциялардың тұрақты түрде төмендеуі аясында орын алды.
Егжей-тегжейі
Bloomberg хабарлауынша, сарапшы Роб Сандерсон Alphabet акцияларының рейтингін «ұстаудан» (Hold) «сатып алуға» (Buy) өзгертті. Сонымен қатар, Loop Capital компания акцияларының мақсатты бағасын $260-тан $320-ға дейін көтерді. Бұл 17 қараша, дүйсенбі күнгі жабылу бағасынан шамамен 12% өсім деген сөз.
Сандерсонның айтуынша, ЖИ саласындағы өсіп келе жатқан бәсекеге қарамастан, Google іздеу жүйесінің нәтижелері «бұрынғыша мықты». Оның айтуынша, уайым қабырғасын «ЖИ төңірегіндегі энтузиазм толқыны» шайып кетті.
«Google Cloud-тың позициясы және оның өз ЖИ-процессорлары (TPU) мүмкіндіктерінің ауқымы барған сайын айқын көрініп жатыр», — деді ол.
Alphabet-та не болып жатыр?
Loop-тың рейтинг көтеруі Уоррен Баффеттің Berkshire Hathaway компаниясы үшінші тоқсанда Alphabet-тен үлес сатып алғаны туралы жаңалықтан кейін шықты. Bloomberg атап өткендей, әдетте технологиялық секторға аса көп қаржы салмайтын танымал инвестордың мұндай қадамы Alphabet-ке деген сенімін білдіреді. Айта кетсек, үшінші тоқсанда Berkshire акцияларды сатып алудан көп сатқан және Apple-дегі үлесін де қысқартты.
Өткен айда Alphabet нәтижелері бұлттық қызметтер мен ЖИ-сервистерге сұраныстың айтарлықтай артқанын көрсетті. Bloomberg жазғандай, сарапшылар бұл есепті компанияның ЖИ-ға жасаған ірі инвестицияларының дұрыс болғанының дәлелі ретінде қабылдады. Есеп жарияланғаннан кейін Уолл-стрит сарапшылары акциялардың мақсатты бағаларын көтере бастады.
CFRA зерттеу компаниясының өкілі Анджело Зиноның айтуынша, Berkshire-дің үлес сатып алуы «Alphabet-тің мықты базалық көрсеткіштерін растайды» және «инвесторлардың сенімін арттыруы мүмкін». Оның сөзінше, Alphabet-тің еркін ақша ағыны жоғары негізгі бизнесі мен бағалауының тартымдылығын ескерсек, Berkshire компанияға басқа технологиялық фирмаларға қарағанда көбірек сеніммен инвестиция салуы мүмкін.
Акциялар жағдайы
Loop Capital рейтинг көтергеннен кейін Bloomberg бақылауындағы сарапшылардың шамамен 90%-ы Alphabet акцияларын сатып алуды ұсынады. Ешбірі «сату» жөнінде кеңес бермейді.
18 қарашадағы саудада Alphabet акциялары бір сәтте 2,3% төмендеп, кейін құлдырау шамамен 0,1%-ға дейін баяулады. Жалпы Nasdaq Composite, құрамында технологиялық компаниялары көп индекс, 1,4%-дан аса төмендеді. CNBC жазғандай, бағаның түсуіне ЖИ-компаниялардың құнына байланысты инвесторлар алаңдауы әсер етуде. Alphabet бас директоры Сундар Пичаи BBC-ге берген сұхбатында ЖИ айналасындағы бум «иррационалды елігу» қаупін тудыратынын және «егер көпіршік жарылса, ешбір компания қорғалмайтынын» айтты.
Alphabet акциялары жыл басынан бері шамамен 50% өсті. Бұл Nasdaq 100 индексінің өсімінен екі есе артық. Bloomberg атап өткендей, Alphabet «Керемет жетілік» технологиялық алпауыттарының ішіндегі ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. 2025 жылы компанияның раллиі оның нарықтық капитализациясына $1,1 трлн-нан астам қосты.








