БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Louis Vuitton иесінің сатылымы төмендеуде. Неге бұл бүкіл люкс секторы үшін сигнал?

Владислав Осипов

Владислав Осипов

Oninvest тілшісі
Louis Vuitton иесінің сатылымы төмендеуде. Неге бұл бүкіл люкс секторы үшін сигнал?

LVMH тобының органикалық сатылымы  тағы да сарапшылардың күткенін ақтамай екінші тоқсанда 4% төмендеді. Брендке АҚШ-тағы экономикалық белгісіздік пен Азиядағы сұраныстың төмендеуі әсер етті. LVMH нәтижелері әдетте бүкіл люкс индустриясының көрсеткіші ретінде қарастырылады, бірақ жаңа есептен кейін инвесторлар сұраныс қайта жанданып жатыр деген ешбір белгі көрмеді, деп хабарлайды Barron's.

Егжей-тегжейлі

LVMH-тің басты бизнесі — сәнді киім мен былғары бұйымдар тоқсандық сатылымның күрт төмендегенін көрсетті, деп жазады Financial Times. Бұл сәнді тауарларға деген сұраныстың бұрынғыдай әлсіз екенін көрсетеді. Соңғы жылдары бағаның шарықтап өсуі мен экономикалық белгісіздік сұранысқа кері әсерін тигізуде. Dior мен Louis Vuitton секілді брендтер кіретін бөлімшенің органикалық сатылымы екінші тоқсанда 9% азайып, 9 млрд еуроны құрады. Reuters-тің жазуынша, Уолл-стрит сарапшылары 6%-дық төмендеуді болжаған болатын. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда төмендеу сарапшылар болжағаннан да қатты болды және LVMH-тің барлық бөлімшелері арасындағы ең күрт тежелу саналды.

Жалпы алғанда, LVMH тобының органикалық сатылымы екінші тоқсанда 4% төмендеп, 19,5 млрд еуроны ($22,95 млрд) құрады. Visible Alpha-ның деректеріне сәйкес, сарапшылар 3% төмендейді деп күткен. Сатылым көрсеткіштері қатарынан екі тоқсанда сарапшылардың күткенінен төмен болды, деп атап өтті Barron's.

Сонымен қатар, операциялық пайда бойынша LVMH алғашқы жартыжылдықта сарапшылар күткеннен жақсы нәтиже көрсетті: 15% азайып, 9,01 млрд еуроны құрады, ал сарапшылар 16,7% төмендейді деп болжаған еді, деп жазады FT.

Неге бұл бүкіл нарық үшін сигнал?

LVMH — әлемдегі ең ірі люкс тауарлар конгломераты және бұл компания көбіне бүкіл саланың жағдайын көрсететін индикатор ретінде қарастырылады, деп жазады Barron's. Инвесторлар оның тоқсандық есептерін мұқият бақылап, сән-салтанат тауарларына деген сұраныстың ұзаққа созылған төмендеуден кейін қалпына келе бастаған белгілерін іздейді. Алайда 24 шілдеде жарияланған есеп бұл үдерістің әлі басталмағанын көрсетіп отыр.

Басылымның жазуынша, киім сегментіндегі табыстың төмендеуі — люкс тауарларын сатып алатын негізгі аудиторияның сұранысы әлсірегенінің белгісі. LVMH былтырғы жылдың алғашқы жартысында жапон туристерінің шығындарының айтарлықтай артуы сатылымды қолдағанын, алайда биыл бұл фактордың әсері әлсірегенін атап өтті. LVMH қаржы директоры Сесиль Кабанис инвесторлармен өткен конференц-қоңырау барысында нарықтағы жағдайдың әлі де оңай емес екенін айтты.

Әлемдегі ең ірі люкс конгломераттың нәтижелері «қиын нарық жағдайында шығындарды тиімді бақылауға» мүмкіндік туғанын көрсетеді, деп мәлімдеді Bernstein сарапшысы Лука Солка, оның пікірін FT келтірген. «LVMH бірқатар мәселеге тап болды. Енді назар антикризистік шараларға және олардың бизнестің екінші жартыжылдықтағы жағдайына қалай әсер ететініне ауады», — деді ол.

LVMH сән бөліміндегі табыстың төмендеуі Dior мен Louis Vuitton брендтерінің өсімі туралы күмәнді арттырды, деп жазады FT. «Dior-ды қайта жаңғырту оңай емес, ал әлемдегі ең ірі люкс бренд Louis Vuitton, топ пайдасының жартысынан көбін әкелетін бұл бренд, қазір таңдау алдында тұрғандай», — деп келтіреді FT HSBC сарапшыларының пікірін.

Жыл басында LVMH Франциядағы ең қымбат жария компания атағын бәсекелесі Hermès-ке жол беріп қойды.

LVMH қандай қадамдарға барады?

Кабанисдің айтуынша, 2024 жылдың алғашқы жартыжылдығында Louis Vuitton бөлім ішіндегі орташа деңгейден жоғары нәтиже көрсетсе, Dior сәл кейіндеп қалды. LVMH басшылығы Джонатан Андерсонның Dior-ға креативті директор ретінде келуі брендке жаңа серпін береді деп үміттеніп отыр. Алайда қаржылық көрсеткіштердегі жақсару 2026 жылға дейін байқалмайды, деп ескертті Кабанис.

Оның айтуынша, Moët Hennessy бөлімінде (шарап пен күшті алкоголь өнімдері) жаңа команда енгізіп жатқан өзгерістер де акционерлерге нақты пайда әкелуі келесі жылдан ерте болмайды.

Бренд АҚШ-тағы кедендік баж салығының әсерін азайтуды көздейді: Louis Vuitton 2027 жылға дейін Техаста жаңа зауыт ашады, деп мәлімдеді LVMH директорлар кеңесінің төрағасы және бас директоры Бернар Арно бейсенбіде The Wall Street Journal-ға берген сұхбатында. Бұл — брендтің Америкадағы төртінші кәсіпорны болмақ.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары