Lucid: масс-маркетке ұмтылған электромобиль өндірушісіне инвестиция жасауға бола ма

Илон Масктың Tesla компаниясымен бәсекелесетін шағын капитализациялы электромобиль өндірушісі Lucid Group «тарихындағы ең ауқымды көпжылдық өсім кезеңіне қадам басуы мүмкін», деп жазады The Motley Fool басылымы. Басылым бұл жағдайды акцияны әзірге арзан кезде сатып алу үшін керемет мүмкіндік деп санайды. Алайда, Lucid-ке инвестиция тек тәуекелге бейім ұзақмерзімді инвесторларға ғана лайық деп ескертеді.
Егжей-тегжейлі
2025 жылы Lucid Group компаниясының табысы Уолл-стрит сарапшыларының болжамы бойынша кемінде 75%-ға артады, ал 2026 жылы өсім одан да агрессивті болады деп күтіледі, деп жазады The Motley Fool. Өткен жылы бұл көрсеткіш шамамен 36%-ға өсіп, $808,7 млн-ды құрады.
Қазір компания акцияларын арзан бағада сатып алуға жақсы мүмкіндік туып отыр, деп санайды басылым: 2023 жылдың соңынан бері акция бағасы $5-тан жоғары көтерілген жоқ, ал 21 мамырдағы сауда жабылған кезде бір акцияның бағасы бар болғаны $2,77 болды.
Lucid-ке инвестиция салу себептері
Сарапшылардың болжамы компанияның электромобиль ұсыныстарын кеңейту жоспарына негізделген. Сәуірдің ортасында Lucid Gravity жол талғамайтын көлігін таныстырды — бұл модельдік қатарды екі есеге ұлғайтты. Компанияның бәсекелестері Tesla мен Rivian биыл жаңа өнімдер ұсынуды жоспарлап отырған жоқ, делінген The Motley Fool материалында. Оның орнына, Tesla өз өнімдерінің ішіндегі ең танымалдарының бірі — Model Y моделін жаңартуға көңіл бөлуде.
2026 жылы Lucid масс-маркет сегментінде үш жаңа автокөлік шығаруға уәде берген. «Электромобиль өндірушісі үшін ең тиімді нәрсе — бұқаралық нарыққа арналған үлгілерді жолға шығару», — деп жазады The Motley Fool. АҚШ-та бұл сегментте бәсекелес тым аз. Rivian Automotive-те мұндай модельдер мүлде жоқ, ал Tesla-да тек екі үлгі ғана бар — бастапқы бағасы $50 мыңнан төмен Model Y мен Model 3. Tesla-ның 2024 жылы сатылған 1,8 млн электромобилінің 1,7 миллионы осы екі модельге тиесілі болды.
Инвесторлар қандай тәуекелдерге назар аударуы керек
Соңғы он жылда 30-дан астам электромобиль стартапы банкрот болды, деп ескертеді The Motley Fool. Мәселен, 2024 жылдың ақпанында электрлік және сутекті жүк көліктерін шығаруды жоспарлаған Nikola компаниясы банкроттыққа өтініш берді. Ол «жүк көлігіне арналған Tesla» болуды көздеген, бірақ жоспарын жүзеге асыра алмады.
Нарыққа жаңа электромобиль шығару үшін орасан зор капитал қажет, деп жазады The Motley Fool. Lucid-те ондай қаражат жоқ: 31 наурыздағы жағдай бойынша компанияның шоттарында $1,85 млрд қолма-қол ақша мен оның эквиваленттері ғана болды. Сонымен қатар, 2025 жылдың алғашқы тоқсанындағы таза шығын $366 млн-ды құрады.
Капитал тарту үшін Lucid өз акцияларын сатқан. 2024 жылдың қазанында компания ашық нарықта 262,4 млн акцияны сатты (андеррайтердің опционын есептемегенде), тағы 374,7 млн акцияны оның негізгі акционері — Сауд Арабиясының Ayar Third Investment Company сатып алуға келісті. Жалпы сома шамамен $1,6 млрд-қа жетті.
Компания үшін қазіргі ең үлкен тәуекел — масс-маркет үлгілерін іске қоспай тұрып, қаражаты таусылып қалуы. Егер де Lucid қажетті капиталды тарта алса да, бұл қолданыстағы акционерлердің үлесін едәуір сұйылтып жіберуі мүмкін, деп ескертеді The Motley Fool.
Lucid акцияларына қатысты болжамдар
MarketWatch порталының мәліметінше Lucid динамикасын бақылап отырған 18 Уолл-стрит аналитигінің 11-і акцияларды ұстауға кеңес береді. Тағы төртеуі оларды сатуды, ал үшеуі — сатып алуды ұсынады. Орташа мақсатты баға — $2,89, бұл ағымдағы бағаға қатысты 4%-дық өсу әлеуетін білдіреді.








