Ұлыбритания қорғаныс шығындарын арттырмақ

Маусым айының басында Ұлыбритания қырғи-қабақ соғыс аяқталғалы бергі ең ірі әскери шығындар туралы жариялады. Бұл шешім АҚШ-тың Еуропаға қауіпсіздігіне көбірек жауапкершілік алуға үндеген тұрақты әрі табанды үндеуіне жауап ретінде қабылданды. Дегенмен қорғаныс саласындағы «ақшаға табынуы» кері әсерін тигізуі мүмкін. Өйткені, мәселе қаражатты шашуда емес, соғысқа қабілетті әскер жасақтауда.
Ұлыбританияның жаңа әскери стратегиясы нені көздейді?
Британияның жаңа әскери шығындары әскери технологиялардың, әсіресе дрондар мен дерек алмасу саласындағы өзгерістерге бағытталған. Бұл танк пен зеңбірекке толы сансыз армияны қайта жасақтау емес, соғыс жағдайында шешім қабылдауға мүмкіндік беретін байланыс пен цифрлық желілерге салынатын инвестиция болмақ. Премьер-министр Киир Стармер «қарулы күштердің тозуына нүкте қою» туралы шешімді өзінің тапсырмасымен дайындалған «Қорғаныс стратегиясын қайта қарау» баяндамасынан кейін қабылдады.
Аталған шолу әскери сатып алулардың артатынын нақты білдіреді. Бұл – қорғаныс компанияларына жаңа өндіріс пен технологиялық әзірлемелерге инвестиция салуға мүмкіндік. Ұлыбританиядағы ең ірі қорғаныс компаниясы – 107,4 мың қызметкері бар BAE Systems бұл жаңалыққа риза. Оның акциялары 2022 жылдың басынан бері үш еседен аса өскен. Қорғаныс шығындарының артуы туралы хабарлар Babcock пен Rolls Royce акцияларының да өсуіне себеп болды.
Алдағы төрт жылда мемлекет ядролық арсеналындағы оқтұмсықтарды жаңартуға және 12 соққы беруші сүңгуір қайық салуға 20 млрд доллар жұмсамақ. Ұлыбритания ядролық қару тасымалдаудың жалғыз жолы ретінде осы флотты пайдаланады. Ядролық күштерге әскери шығындардың 20%-ы бөлінеді. 8 млрд доллардан астам қаржы алты оқ-дәрі зауытын салуға және 7 мың дана ұзақ қашықтықтағы отандық қаруды сатып алуға кетеді. Жаңа байланыс жүйелерін іске қосу және дрон өндірісіне 2,7 млрд доллар бөлу жоспарланған.
Сондай-ақ бұл жоспар ғарыштық зерттеулер мен технологияларға инвестицияны да қарастырады. Қазіргі таңда Ұлыбритания ЖІӨ-нің шамамен 20%-ы спутниктік технологияларға тәуелді. Яғни, қаржылық операциялардан бастап навигация мен шұғыл көмек қызметтеріне дейін осы арқылы жүргізіледі. Алайда The Royal United Services Institute сарапшысы Малкольм Чалмерс атап өткендей, қазіргі бюджетте әскери қызметкерлерге байланысты шығындар жеткілікті қаржыландырылмаған. Сондықтан шығындардың өсуі жаңа мақсаттарға емес, бұрыннан бар «тесіктерді жамауға» кетуі мүмкін. Мысалы, бюджеттегі әскери шығындардың ішіне әскерилерді баспанамен қамтамасыз етуге арналған шамамен 2 млрд доллар да кіреді.
НАТО-ның талаптары күшейіп келеді
1960-жылдары болған қырғи-қабақ соғыс кезінде, Ұлыбритания қорғанысқа ЖІӨ-нің 6–7%-ын жұмсайтын. Қазір бұл көрсеткіш тіпті Еуропа елдерімен салыстырғанда да төмен – 2,3%. 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 2,5%-ға жетуі керек (6,6 млрд долларлық өсім). Ұлыбритания бұл өсімді кедей елдерге берілетін көмекті азайту арқылы қаржыландырмақ.
НАТО ішінде қазір қорғанысқа ЖІӨ-нің 3%-ын бөлу қажеттігі талқыланып жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп тіпті бұл шығынды 5%-ға дейін арттыруды талап етуде. НАТО Бас хатшысы Марк Рютте түсіндіргендей, 3,5% – нақты қорғанысқа, ал 1,5% – киберқауіпсіздік, теміржол, порт және басқа инфрақұрылымға жұмсалуы керек.
Егер НАТО елдері әскери шығындарды арттырмаса, Трамптың айтуынша, АҚШ ұйымнан шығып кетуі мүмкін. Кей елдер әскери мақсаттағы жанама шығындарды есепке қосу арқылы ресми көрсеткіштерді «қулықпен» орындайды. Ал Польша, Германия және Франция секілді мемлекеттер әскери шығындарын шын мәнінде көбейтіп жатыр. НАТО бұл шығындарды ЖІӨ-нің 2%-ына жеткізу мақсатын 2014 жылы қойған, бірақ осы күнге дейін барлық мүше елдер бұл межеге жеткен жоқ.
Стармерден қанша тырысса да, Ұлыбританияның әскери шығындары 3%-ға нақты қашан жететіні жайлы нақты жауап ала алмады. Ол тек келесі парламенттік мерзімде, яғни 2029–2034 жылдары орын алатынын айтты. Ал 2035 жылға қарай бұл көрсеткіш 3,5%-ға дейін өсіп, жылына қосымша 41 млрд доллар қажет болуы мүмкін.
Кепілдігі жоқ жоспар
Алдыңғы жылдары Ұлыбритания әскери бюджетін қысқартқан. Қазір НАТО құрамындағы жетінші ірі армияда 137 мың сарбаз бар (2010 жылы 192 мың болған). Бұл – Наполеон соғысынан бергі ең төмен көрсеткіш (1952 жылы британ армиясында 871,7 мың адам болған). Қызмет көрсетуші персоналмен бірге 2012 жылы 221 мың болған флот, әуе және құрлық күштері саны 182 мыңға дейін қысқарған. Стармердің жоспары бұл санды күрт өсіруді көздемейді.
Сарбаздар ғана емес, оқ-дәрі де жеткіліксіз. Қарқынды соғыс жағдайында британ армиясының оқ-дәрі қоры бірнеше апта ішінде таусылуы мүмкін. 2016 жылдан бері корольдік әскери-әуе күштерінің ұшақ саны 22%-ға қысқарып, 564-ке дейін азайды. Екі әуе тасымалдаушы кемесінде техникалық ақау көп, теңізшілер мен ұшақтар да жетіспейді.
Стармер жоспарының басты кемшілігі – оның қалай қаржыландырылатыны белгісіз. Экономика өсуінің баяулығы (болат, химия, автоөндіріс секторларының тоқырауы), бюджет тапшылығы, мемлекеттік қарыздың өсуі мен демографиялық ахуал бұл жоспардың іске асуына кедергі. Қаржы зерттеулері институтының директоры Пол Джонсонның пікірінше, қорғанысқа шығындарды тек салықты арттыру немесе басқа салалардағы шығындарды қысқарту арқылы ғана көбейтуге болады.
Үкіметтің қорғанысқа 3% ЖІӨ бөлеміз деген уәдесі нақты қаржылық кепілмен бекітілмеген. Егер жалпы бюджет шығындары жылына 1,2%-ға өсіп, денсаулық сақтау мен әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындар орта есеппен 3,4%-ға артса, қорғаныс шығындарын 2029–2030 жылдары 3%-ға жеткізу үшін басқа барлық саланың шығынын жылына 1,8%-ға азайту керек. Бұдан жалғыз жол – әлеуметтік және медицина саласының өсім қарқынын бәсеңдету.
Стармер қорғанысқа шығынды арттыру арқылы байлық пен жұмыс орындарын құру жоспары ретінде таныстырғысы келеді. Бірақ бұл бюджет кірісін соншалықты арттырады деп күтуге болмайды. Әскери шығындар экономикалық өсімге ықпал етуі мүмкін, алайда тиімді әрі тұрақты жұмыс орындарын құруда азаматтық шығындар анағұрлым нәтижелі.
Ұлыбританияда әскери шығындардың артуына қарсы пікірлер көп. Глазго университетінің әлеуметтік және экологиялық әділеттілік тақырыбында жұмыс істейтін профессоры Карен Бэллдің айтуынша, әскери шығындарда тиімділік төмен әрі жемқорлық жиі кездеседі. Әскери жобалар нақты жүзеге асқан кезде шығындар бірнеше есе өсіп кетеді. Үкімет бұрынғы қателіктерді қайталап, ауқымды әрі қымбат жобалар бастаса, бұл босқа ресурс жұмсауға және мақсаттың орындалмауына әкеледі дейді Бэлл.
Мысалы, жаңа Astute класты атомдық сүңгуір қайықтардың құрылысы бірнеше рет кейінге қалдырылып, бастапқы 4,3 млрд фунт стерлингтен (5,8 млрд доллар) 12,2 млрд фунтқа (16,5 млрд доллар) дейін қымбаттаған. Әуе тасымалдаушы кемелерді жасау мен ұстау өте қымбат, ал олар Үнді-Тынық мұхиты аймағында қолданылуы тиіс. Бірақ Ұлыбритания енді «теңіздердің әміршісі» емес, Еуропадағы орташа мемлекет. Сондықтан басты міндет – Еуропаны қорғау.
Профессор Бэлл әскери шығынның орнына білім беру, денсаулық сақтау және климаттың өзгеруімен күреске қаржы салуды ұсынады. Себебі қазіргі таңда Ұлыбританияға әскери қауіп төніп тұрған жоқ. Әскери шығындарға балама ұсынған зерттеу авторлары бұл тізімге кедей елдерге көмек көрсету шығындарын да қосады.
Көп жағдайда еуропалық шенеуніктердің сөзі нақты істерінен қаталдау болып келеді. Жаңа сүңгуір қайықтар кем дегенде 10 жылдан кейін ғана салына бастайды. Қару-жарақ шығаратын жаңа зауыттардың құрылысы қанша уақыт алатыны белгісіз. Стармер үкіметі кезінде әскери шығындар 3% ЖІӨ деңгейіне жетпейді. Бірақ британ әскери машинасының мүмкіндіктері бұдан ертерек қажет болуы ықтимал.
Қауіптер артуда, бірақ нақты жауап жоқ
Ұлыбританияның қорғаныс жоспары үшін басты қиындық – тек қаржы емес. Қазіргі әскери қауіптер күрделі сипатқа ие: олар киберқауіпсіздік, ақпарат кеңістігі, интернет инфрақұрылымы, энергетика және тағы басқа салалармен байланысты. Британ әскери басшылығы бұл қауіптерді түсінеді және елдің толыққанды соғысқа тартылу мүмкіндігін мойындайды. Бірақ мұндай қауіптерге жан-жақты қалай қарсы тұруға болатыны жайлы нақты жоспар әлі жоқ.
Ұлыбританияның «Қорғаныс стратегиясын қайта қарауы» көбіне АҚШ-тың оқшаулану бағытымен түсіндіріледі. Бірақ онда Трамптың аты аталмайды. Егер АҚШ-тың сыртқы саясаттағы жаңа бағыты ұзаққа созылса, Еуропа АҚШ-тың әскери қорғанысына аз сенетін болады. Бұл сын-қатерге Ұлыбритания әлі дайын емес.
Алдағы жылдары НАТО-дағы Еуропа елдері қауіпсіздігін қамтамасыз етуде жауапкершілікті көбірек мойнына алуға мәжбүр болады. Өзіндік әрі қабілетті Еуропа үшін төлеуге тура келеді. Бірақ тек қаржы жеткіліксіз – күрделі саяси шешімдер мен ұзақ мерзімді өндірістік міндеттемелер де қажет.
Қарапайым шешімдердің орнына күрделі жол таңдау
Цифрлық технологияларға шектен тыс сенім соғыста жеңіске жеткізбейді. Қорғаныс шығындарын ЖІӨ пайызымен өлшеу – НАТО ішіндегі көптен бері келе жатқан «саяси шоу», дейді The Royal United Services Institute сарапшысы Мэттью Сэвилл.
Қандай сома жұмсалса да, ол табысқа кепілдік бермейді. «Қорғаныс шығындарының пайызын батырлықтың өлшемі ретінде көрсету НАТО мен Еуропаға сенімді, күресуге және қарсыласты тежеуге қауқарлы қарулы күштер қажет екенін естен шығарады. 2,5%, 3% немесе кез келген күмәнді «дөңгелек» санды мақсат ету ақылға қонымсыз», – дейді Сэвилл.
1980-жылдармен салыстырғанда Ұлыбритания ЖІӨ-нің екі есе аз бөлігін қорғанысқа жұмсап отыр, бірақ инфляцияны есептегенде шығын көлемі 40 жыл бұрынғыдай.
ЖІӨ-дегі пайыз арқылы есептеу мемлекеттік басымдықтарды «өлшеуге» көмектеседі: мысалы, қорғаныс пен инфрақұрылым арасындағы тепе-теңдікті анықтауға болады. Бірақ мұндай арифметика қорғанысқа қанша қаржы қажет екенін немесе қандай мақсатқа жету керектігін көрсетпейді. Бұл сұрақтарға Ұлыбританияның әскери стратегиясы жауап бермейді.
Британиядағы әскери сатып алуларда бәсеке төмен – олар ірі жеткізушілердің тар шеңберінде жүргізіледі және тым ұзаққа созылады. Жеткізілімдердің 37%-ы тек 10 компанияға тиесілі, ал келісімшарттардың 40%-ы бәсекесіз беріледі. 2022–2023 жылдары келісімшарттардың 15%-ы (6,2 млрд доллар) BAE Systems-ке тиесілі болған, оның 86%-ы конкурстан тыс берілген.
Қырғи-қабақ соғыс аяқталған соң, Ұлыбритания мен басқа НАТО елдерінің қорғаныс индустриясы техникалық жетілдіруге басымдық беріп, ауқым мен арзандылықтан ұтылды. Бірақ заманауи соғыстарда жеңіс санына байланысты: көбірек сарбаз, оқ-дәрі, дрон керек. Егер танкіңіз үздік болса, бірақ саны қарсыластан он есе аз болса жеңілетініңіз анық. Әсіресе 7–8 түрлі модель шығарсаңыз.
Батыс әскери индустриясы технологиялық күрделілікті ауқымға бейімділіктен артық көреді. Мысалы, Қытаймен соғыс жағдайында АҚШ-тың жау кемелеріне қарсы зымыран қоры бір аптада таусылып, оны толықтыруға жылдар кетуі мүмкін. Пентагон дрондарға қойып отырған жоғары талаптар олардың құнын екі есеге арттырды. Қымбатшылық өндірілетін қару санын шектейді, ал әскер сатып алуға қауқарсыз. Фиксингтелген табысы бар жеткізушілер шығынды азайтуға мүдделі емес.
Бұл ауқымдылық мәселесі – британ қорғаныс индустриясы үшін де өзекті. Ұлыбритания сапалы қару жасай алады, бірақ жеткілікті мөлшерде емес. Бірде-бір ел, соның ішінде Британия да қымбат әскери техниканы көптеп сатып ала алмайды. Себебі, бұл елдің банкротқа ұшырауына себеп болуы мүмкін. Сондықтан соғысқа дайындық тек инновациямен шектелмей, ауқымды әрі қарапайым шешімдерді де қамтуы керек. Ол үшін НАТО елдерінің нарығы өзара толықтырылатын және бәсекелі болуы тиіс.








