MapLight Therapeutics IPO-сы: Novo қолдаған биотех биржаға шықты

Америкалық биотехнологиялық MapLight Therapeutics компаниясының акцияларымен алдын ала сауда Freedom клиенттеріне арналған сауда жүйесінде басталды. Компания шизофренияны емдеуге арналған дәріні әзірлеп жатыр, ол қазіргі кезде клиникалық зерттеулер кезеңінде тұр. АҚШ үкіметінің жұмысы уақытша тоқтаған жағдайда компания биржаға шығу үшін сирек қолданылатын реттеушілік тетікті пайдалануға мәжбүр болды. Оның бағалы қағаздары Nasdaq биржасында MPLT тикерімен 27 қазаннан кейін саудаға шығарылады.
Егжей-тегжейлі
MapLight Therapeutics Nasdaq биржасында 14,75 млн акцияны бір данасын $17 бағасымен сатты. Бұған қоса, Goldman Sachs басқаруындағы қорлармен байланысты құрылымдар IPO бағасымен тағы шамамен 476 мың бағалы қағазды жеке орналастыру шеңберінде сатып алуды жоспарлап отыр, деп көрсетілген компанияның АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясына (SEC) тапсырған құжаттарында. Осылайша MapLight тарта алатын жалпы сома $258,9 млн болады, деп хабарлайды Bloomberg.
Листинг бағасына сүйенсек, биотехнологиялық компанияның нарықтық құны $704,3 млн болады деп есептейді агенттік.
MapLight орналастыруына сұраныс жоғары болды: ол айтарлықтай артық жазылды, деп жазды Investopedia Bloomberg деректеріне сілтеме жасап. IPO-ның жетекші андеррайтерлері Morgan Stanley, Jefferies, Leerink Partners және Stifel болды.
Компания IPO арқылы тартылған қаражатты жүйке жүйесі ауруларын емдеуге бағытталған дәрілер портфелін дамытуға жұмсамақ.
Балама жол
Bloomberg-тің дерегінше бұл листинг реттеуші талаптардағы арнайы тетікті пайдалану арқылы орналастыру толқынын бастауға жол ашуы мүмкін. АҚШ үкіметінің жұмысы тоқтаған жағдайда SEC жаңа IPO өтінімдерін бекіте алмайды, бірақ MapLight осыны айналып өтудің сирек әрі тәуекелді тәсілін қолданды. Компания Бағалы қағаздар туралы заңның ерекше бабына сәйкес құжаттарын тапсырды, оған сай өтінім 20 күн өткен соң автоматты түрде күшіне енеді. Бұл жағдайда акция үшін нақты баға белгіленуі тиіс және оны өзгертуге болмайды – 20 күндік мерзімді қайта іске қоспайынша.
«Кемшілігі – сіз өз картаңызды ашасыз, яғни акцияларды қандай бағамен орналастырғыңыз келетінін алдын ала көрсетесіз», – деп түсіндірді Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Gibson, Dunn & Crutcher заң фирмасындағы капитал нарығы тәжірибесін басқаратын серіктес Хиллари Холмс. Бұл тәсілдің икемсіздігі көптеген эмитенттер үшін тартымсыз болуы мүмкін, деп болжайды Bloomberg.
Компаниям несімен қызықты
MapLight 2018 жылы құрылған. Компания әзірлеп жатқан дәрілер портфелі шизофренияны, Альцгеймер дертінен туындайтын психоздарды, аутизм спектрі бұзылуларын және Паркинсон ауруын емдеуге арналған препараттарды қамтиды. Компанияның тәжірибелік терапиялары қазіргі кезде орта деңгейлі клиникалық сынақтардан өтуде. Негізгі шизофренияға қарсы препарат бойынша зерттеу нәтижелері 2026 жылдың екінші жартысында жарияланады деп күтілуде. MapLight IPO арқылы жиналған қаражаттың басым бөлігін дәл осы негізгі препаратты дамытуға жұмсамақ.
30 маусымда аяқталған алты ай ішінде компанияның таза шығыны $52,2 млн құрады – бұл 2024 жылдың дәл осы кезеңіндегі $37,3 млн шығыннан көп, делінген реттеушіге тапсырылған құжаттарда.
MapLight әзірлемелері ірі фармацевтикалық компаниялардың назарын аударды – оның инвесторларының қатарында Sanofi және Novo Nordisk-тің инвестициялық бөлімшесі Novo Holdings бар. Бұған дейін компания Series D кезеңіндегі қаржыландыру барысында $372,5 млн инвестиция алған, алайда қазіргі уақытта бұл қаражаттың басым бөлігі игерілген: қолма-қол бар капиталы $60,5 млн ғана. Осы раунд қорытындысы бойынша стартаптың бағасы $816 млн деп белгіленген, деп жазады Bloomberg PitchBook платформасы деректеріне сілтеме жасап.
IPO және жеке орналастырудан кейін Google-дың негізін қалаушы Сергей Брин құрған коммерциялық емес Catalyst4 қорының MapLight-тағы үлесі 60,7%-дан 36,8%-ға дейін азаяды, деп көрсетілген SEC-ке ұсынылған құжаттарда. Novo Holdings үлесі 11,6%-дан 7,1%-ға дейін, ал венчурлық компания Forbion қорының үлесі 6,1%-дан 3,7%-ға дейін төмендейді, деп жазды Bloomberg.








