Маск Цукербергке OpenAI-ды $97 млрд-ға сатып алуды ұсынған – сот құжаттары жарияланды

Tesla мен xAI басшысы Илон Маск биыл жылдың басында Meta-ның бас директоры Марк Цукербергке OpenAI-ды $97,4 млрд-ға сатып алуға қатысуды ұсынған. Бұл туралы Seeking Alpha сот материалдарына сілтеме жасап хабарлады.
Құжаттарда Маск пен Цукерберг «қаржыландыру немесе инвестициялау схемаларын» қамтитын ниет хатын талқылағаны жазылған. Алайда Цукерберг те, Meta да құжатқа қол қоймаған.
Meta өкілі түсініктеме беруден бас тартты, ал Масктың заңгері CNBC-дің сауалына жауап бермеді.
Сонымен қатар, OpenAI адвокаттары Meta-ны сотқа шақыруға өтініш беріп, компаниядан, Цукербергтен және Масктан мүмкін болатын мәміле бойынша барлық хат-хабарды ұсынуды талап етті. Meta болса, OpenAI-дың сұрауын «тым бұлыңғыр әрі шамадан тыс ауыр» деп бағалап, қажетті материалдарды тікелей Маск пен xAI-дан сұрауға болатынын айтты.
Контекст
Бұл іс Масктың OpenAI-ға қарсы сот талап-арызының бір бөлігі. Ол компанияның Microsoft қолдауымен коммерциялық бөлімшесін қоғамдық пайдалы корпорацияға айналдыру жоспарына қарсы шығып отыр.
Маск OpenAI-дың тең құрылтайшысы әрі алғашқы кезеңдегі ең ірі инвесторы болған. Бірақ 2018 жылы мүдделер қайшылығы салдарынан директорлар кеңесінен кетті. Кейін ол xAI стартапын құрды, бірақ әзірге ChatGPT жасаушысын қуып жете алмады.
2024 жылы Маск OpenAI мен оның бас директоры Сэм Альтманға қарсы сотқа жүгініп, өзін адастырғанын мәлімдеді. Айтуынша OpenAI бастапқыда қаржыландыруды «адамзат игілігі үшін ІІ дамытатын коммерциялық емес ұйымға» деп сұраған, бірақ соңында пайда табуға бағытталған компанияға айналған.
Ақпанда Маск OpenAI-ға $97,4 млрд-қа бақылауды сатып алуды ұсынды, бірақ ол бас тартты. Қазір ChatGPT жасаушысының нарықтық бағасы $500 млрд-қа дейін көтерілуі мүмкін деген келіссөздер жүріп жатыр.
Осы тұста Meta басшысы Цукерберг жасанды интеллектке және инфрақұрылымға жүздеген миллиард доллар құюға дайын екенін мәлімдеді. Прогресті жеделдету үшін компания OpenAI, Google және Apple-ден мамандарды тартып, оларға ең қуатты есептеу ресурстарына қол жеткізуге мүмкіндік беріп отыр.
Meta-ның бүгінде жиырмадан астам дата-орталығы бар және жаңалары салынып жатыр. Оның ішінде 37 гектарлық Луизианадағы нысан да бар, бірақ олардың кейбірі бірнеше жылдан кейін ғана іске қосылады.








