«Мем-акцияға» бәс тіккен: Пол Тюдор Джонс Opendoor үлесін 1000%-ға арттырды

Tudor Investment қорының негізін қалаушы миллиардер Пол Тюдор Джонс екінші тоқсанда Disney, Broadcom және бірқатар қытайлық компания акцияларын сатып, Alphabet-тегі үлесін қысқартты. Бұл деректер АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржа комиссиясына (SEC) тапсырылған 13F формасында көрсетілген. Инвесторларды таңқалдырған жайт — Tudor Investment жекелеген бөлшек инвесторлар арасында танымал Opendoor Technologies компаниясының акцияларын сатып алды. Компания онлайн режимде жылжымайтын мүлік сатып алу және сату қызметімен айналысады. Соңғы аптада оның бағалы қағаздары 70%-ға қымбаттады.
Егжей-тегжейлі
— SEC-ке тапсырылған 13F формасына сәйкес Tudor Investment екінші тоқсанда онлайн-үй сату платформасы Opendoor Technologies үлесін 228 мыңнан 2,68 млн акцияға дейін өсірді — бұл алдыңғы тоқсанмен салыстырғанда 1000%-ға көп.
— Тюдор портфеліне алтын өндіруші B2Gold және Coeur Mining компанияларын қосты.
— Хедж-қор сондай-ақ нарықтағы әртараптандыру мен қамтуды арттыру үшін iShares Russell 2000 ETF және Invesco QQQ Trust сияқты индекс опциондарын ұлғайтты, деп жазады Benzinga.
— Tudor Investment Walt Disney медиаконгломераты мен Broadcom чип өндірушісінің акцияларын толықтай сатты.
— Қор қытайлық активтердегі бірқатар позициялардан, соның ішінде iShares China Large-Cap ETF-ке қатысты колл және пут-опциондардан айтарлықтай қысқарды.
— Сондай-ақ қор ProShares Bitcoin ETF-тен толық шықты, бірақ iShares Bitcoin Trust ETF үлесін сәл арттырды.
— Тюдор Google-дың ата-аналық компаниясы Alphabet-тегі үлесін қысқартты. Benzinga мұны ІІ мен «Ғажайып жетілік» акцияларына қатысты сақтық деп бағалайды.
Opendoor-ды сатып алуы
Tudor Investment Opendoor компаниясына оның акциялары күрт өсе бастағанға дейін инвестиция салды. Сәуір-маусым айларында қағаздар бағасы $1-дан төмен болып, $0,51-ге дейін түскен еді. Ал бейсенбіде сауда $3 деңгейінде жабылды. Шілденің ортасында басталған дүрлікпе нәтижесінде 1 шілдеден 14 тамызға дейін Opendoor бағасы 438%-ға, соңғы аптада 70%-ға өсті. Биылғы құбылмалылыққа қарамастан жыл басынан бері өсім 108%-ды құрайды. Tudor Investment бұл өсімнен кейін акцияларын сатты ма — әзірге белгісіз. Қор үшінші тоқсан аяқталғаннан кейін 45 күн ішінде есеп бермек.
Жұма күнгі саудада Opendoor тағы 10%-ға қымбаттады. Бұған компанияның бас директоры Кэрри Уилердің инвесторлар қысымымен отставкаға кетуі себеп болды, деп хабарлады CNBC. Инвесторлар тамыз басында жарияланған тоқсандық есепке сын айтқан. Opendoor маркетинг шығындарын қысқартқанын және үшінші тоқсанда небары 1200 үй сатып алуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл екінші тоқсандағы көрсеткіштен (1757 үй) аз және былтырғыдан үш есе төмен: 2024 жылдың үшінші тоқсанында компания 3504 үй сатып алған.
Кейбір сарапшылар Opendoor-ды «мем-акция» деп атаса, оның жақтастары, соның ішінде EMJ Capital қорының басшысы Эрик Джексон бұл пікірмен келіспейді. Джексон жазда X (Twitter) желісінде компания перспективалары туралы жазба жариялап, оның цитаталары бөлшек инвесторлар арасында кең тарағанын Reuters хабарлады.
«Мен алғаш рет Opendoor жайлы Twitter-де жазғанда, оны мем-акция деп ойламадым, — деді Джексон 24 шілдеде агенттікке. — Бұл шынайы бизнес. Бұл жай ғана қиялдағы криптовалютаға үміт арту жағдайы емес».
MarketWatch-тың дерегінше интернет-жылжымайтын мүлік агенттігі акцияларын бақылап отырған сарапшылардың жартысы оларды сатуды ұсынады. Opendoor бойынша төрт «сату» (Sell және Underweight), үш «ұстау» (Hold) және тек бір «сатып алу» (Buy) ұсынысы бар. Уолл-стриттің консенсус бағасы — $1,02, бұл 14 тамыздағы жабылу бағасынан 66% төмен.








