«Мемлекеттік қарыз бомбасы» мен АҚШ-тағы «азаматтық соғыс қаупінің» нарықтарға әсері

Bridgewater хедж-қорының негізін қалаушы Рэй Далио АҚШ-тың мемлекеттік қарызының қарқынды өсуіне алаңдаушылық білдіріп, қазіргі жағдайды Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы кезеңмен салыстырды. Инвестициялық гурудың пікірінше «қарыз бомбасы» мен терең саяси бөліну, «азаматтық соғыс сипатына ұқсайтын» ішкі қақтығысқа ұласу қаупі бар, бұл экономика мен қаржы нарықтарына айтарлықтай қауіп төндіреді.
Егжей-тегжейлі
Bloomberg TV арнасына берген сұхбатында Далио АҚШ-тың мемлекеттік қарызының тым жылдам өсіп жатқанын айтып, жағдайды «Екінші дүниежүзілік соғыс алдындағы кезеңге өте ұқсас» деп сипаттады. Оның айтуынша бюджет кірістеріне қатысты қарыздың өсуі «артерияларда пайда болатын түйіндерге» ұқсайды — олар қалыпты қан айналымын тежегендей, мемлекеттік шығындарды ығыстырады. Экономикада бұл құбылыс crowding out effect деп аталады және мемлекеттік қарыз алу жеке инвестицияларға кететін капиталды жұтып қойып, экономикалық өсімді баяулатады.
Қыркүйекте Далио мемлекеттік қарыз деңгейін «ақша жүйесіне төнген қауіп» деп атап, билікті шығындарды азайта отырып, салықтарды көтеруге шақырған болатын. Оның айтуынша бұл «дефицит/қарыз бомбасын» бейтараптандырудың жалғыз жолы. Bloomberg хабарлағандай, Конгрестің Бюджеттік басқармасының (CBO) есебі бойынша 2024 жылдың соңына қарай АҚШ-тың мемлекеттік қарызы ЖІӨ-нің шамамен 99%-ына жетті, ал 2034 жылға қарай 116% деңгейіне дейін көтерілуі мүмкін — бұл бұрын-соңды болмаған көрсеткіш.
Алайда, Далионың пікірінше, қарыз — тек мәселенің бір бөлігі. Ғаламдық қақтығыстар мен өсіп келе жатқан қаржылық теңсіздік те қауіпті жағдай қалыптастырып отыр. «АҚШ-та және әлемнің басқа бөліктерінде терең қайшылықтар салдарынан өзінше бір азаматтық соғыс түрі пісіп жетіліп келеді», — деді ол. Миллиардердің айтуынша бұл қайшылықтарды елемеу және өз-өзіне сенімділік қауіптің күшеюіне әкеледі.
Контекст
Нарық қатысушылары да Далионың алаңдаушылығына қосылып отыр. T. Rowe Price Associates компаниясының вице-президенті Тим Мюррей 2025 жылғы ақпанда: «Инфляция тұрақты болып, бюджет тапшылығы ұлғайып, саяси белгісіздік өскен жағдайда, біздің қор АҚШ-тың ұзақмерзімді қазынашылық облигацияларына да, басқа тұрақты табысты құралдарға да салмақты төмендетіп (underweight) ұстағанды жөн көреді», — деген еді.
2025 жылдың мамырында Moody’s үш ірі рейтинг агенттігінің соңғысы болып, АҚШ-тың несиелік рейтингісін төмендетті. Себеп — бюджет тапшылығының ұлғаюы мен мемлекеттік қарызды өтеуге кететін шығындардың өсуі. Бұған дейін Fitch (2023 жылы) және S&P (2011 жылы) АҚШ рейтингін төмендеткен болатын.
Universa Investments хедж-қорының құрметті ғылыми кеңесшісі Нассим Талеб те АҚШ мемлекеттік қарызының жоғары деңгейіне байланысты ескерту жасады. Ол бұл жағдайды «ақ аққу» деп атады — яғни, барлығы байқап отырған, бірақ әрекет етпей жүрген айқын қауіп. Сонымен қатар, Талеб АҚШ-тың шетелдік мамандарға тәуелділігін де осындай «ақ аққу» қатарына қосты. Ал жаңа «қара аққу» — яғни, күтпеген соққы немесе тосын оқиға, экономистің пікірінше, енді тек «осы тығырықтан аяқ астынан шығарып жіберетін керемет бір ғажайып қана» болмақ.








