БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Meta АЭС-тен энергия сатып алады — бұл ядролық энергетикаға серпін беруі мүмкін

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Meta АЭС-тен энергия сатып алады — бұл ядролық энергетикаға серпін беруі мүмкін

Жасанды интеллекттің (ЖИ) дамуы ядролық энергетиканы басты бенефициарлардың біріне айналдырды.

Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінің иесі Meta Platforms АҚШ-тағы ең ірі атом электр станцияларының операторы – Constellation Energy компаниясымен электр энергиясын сатып алу жөнінде келісімшартқа отырды. Бұл Meta-ның жұмыс істеп тұрған реактор операторымен жасасқан ең ірі келісімі саналады және бүкіл ядролық энергетика саласына тың серпін беруі мүмкін. Бұған дейін инвесторлар ядролық сектордан бойын аулақ ұстауға тырысатын. Алайда қазір бұл сала қайта жаңғырып жатыр: жасанды интеллекттің жаппай дамуы мен дата-орталықтардың қуатқа тәуелділігі артып, алпауыт технологиялық компанияларға барған сайын көп электр энергиясы қажет бола бастады. Бұл жаңалық энергетикалық компаниялардың акцияларының өсуіне себеп болды.

Егжей-тегжейі

Meta Platforms Constellation Energy компаниясымен 20 жылға ядролық энергия жеткізу жөнінде келісім жасады. Шарт бойынша Meta 2027 жылдың маусымынан бастап Иллинойс штатындағы Clinton Clean Energy Center станциясынан 1,1 гигаватт шамасында энергия сатып ала бастайды. Бұл – бұған дейін субсидиялармен ұсталып тұрған, бірақ сол жылы жеңілдік бағдарламасы аяқталған соң жабылу қаупі төнген станция.

Meta-ның жаһандық энергетика бағытының басшысы Урви Парекхтің айтуынша, бұл – компания тарихындағы ең ірі энергетикалық келісім. Ол Meta-ның барлық электр тұтынуын жаңартылатын энергиямен жабу жөніндегі міндеттемесін орындауға мүмкіндік береді. Ал Constellation Energy үшін бұл келісім жаңа реактор құрылысына бастама болар шешуші фактор болуы мүмкін, дейді компанияның бас директоры Джо Домингес.

Келісімнің қаржылық шарттары жарияланған жоқ. Алайда Jefferies сарапшысы Пол Зимбардоның есебінше, Meta үшін бұл мәміле Microsoft-пен жасалған аналогиялық келісімге қарағанда арзанырақ болуы мүмкін. Ол Clinton станциясынан алынатын энергияның 1 мегаватт/сағатына Meta шамамен 80 доллар төлейді деп болжайды. Ал Microsoft кемінде 110 доллардан төлеген. Мұндай айырмашылық Microsoft келісімі бойынша реакторды қайта іске қосу қажет болғанымен, Meta дайын станциямен келісім жасағанымен түсіндіріледі.

Акциялар не болды?

3 маусымдағы саудада Constellation Energy акциялары 9%-ға өсіп, төрт ай ішіндегі ең жоғарғы шекке жетті, алайда кейін қайта төмендеді. Биылғы жылдың басынан бері компанияның нарықтық құны 40%-ға артты.

Forbes басылымы атап өткендей, Constellation Energy Уолл-стриттегі ЖИ-бума кезеңінде күтпеген жерден басты пайда көргендердің біріне айналды. OpenAI компаниясы ChatGPT-ті іске қосқан 2022 жылдың соңынан бері компания акциялары 230%-дан астам өсім берді. Салыстырмалы түрде, осы аралықта АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 тек 51%-ға ғана өсті. Бұл көрсеткіш бойынша Constellation S&P 500 ішіндегі 16-орынға шығып, Amazon, Alphabet (Google иесі), Microsoft, Oracle және Tesla сияқты ЖИ-ден тікелей пайда көруші ірі компаниялардан да озып кетті.

Meta мен Constellation арасындағы келісім басқа да ядролық энергетикамен байланысты компаниялардың акцияларын өсірді. Мысалы, Uranium Energy, Energy Fuels және Centrus Energy сынды уран өндіруші компаниялардың бағалы қағаздары 7–14% аралығында қымбаттады. Ал ядролық энергетика саласындағы Vistra акциялары 5%-дан астам, GE Vernova бағалы қағаздары шамамен 2%-ға өсті.

Meta акциялары бұл жаңалыққа аса әсер еткен жоқ – маусымның алғашқы аптасында олардың бағасы өзгеріссіз қалды. Дегенмен, жыл басталғалы компания акциялары 14%-ға өскен.

Инвесторлар нені ескеруі керек?

Бұл – жұмыс істеп тұрған ядролық реакторда өндірілген энергияны жеке компаниямен сатып алу туралы жасалған алғашқы келісім. Mizuho қаржы компаниясының аға трейдері Пол Беллдің айтуынша, бұл бүкіл энергетика саласын дамытуға серпін бере алады. «Барлығы да осындай серпінді күтіп жүрген», – дейді ол Barron’s басылымына берген пікірінде.

Yardeni Research зерттеу компаниясының негізін қалаушы Эд Ярдени Forbes-ке берген сұхбатында: «Бұрын ескерусіз қалған ядролық энергетика қазір қайта өркендеуде. Бұған ЖИ-дің шексіз энергияға деген сұранысы және күн мен жел энергиясының тұрақсыздығын жабуға қосымша қуат көздерінің қажет екені туралы түсініктің артуы себеп», – дейді.

Соңғы уақытта технологиялық алыптардың электр тұтынуы күрт өсті. Бұл ЖИ-ді дамытудағы бәсеке мен дата-орталықтардың көбеюіне байланысты. Bloomberg жазғандай, Big Tech компанияларының жылдық экологиялық есебіне сәйкес, Microsoft-тың көмірқышқыл газының шығарындылары 30%-ға, ал Google-дікі 50%-ға өскен. ChatGPT-тің иесі OpenAI бас директоры Сэм Альтман және өзге де технобасшылар энергетика саласында серпіліс болмаса, ЖИ дамуында ресурс жеткіліксіз болатынын ескертті. Осыған байланысты мамыр айының соңында Дональд Трамп ядролық станцияларды жедел салуға бағытталған бірнеше жарлыққа қол қойды.

Bloomberg-тің бағалауынша, осы үдерістердің нәтижесінде ядролық энергетика ЖИ-дің өркендеуінен басты пайда көрген секторға айналды. Мысалы, сегіз ай бұрын Microsoft та Constellation Energy компаниясымен Пенсильваниядағы Three Mile Island АЭС-інен энергия алу жөнінде ұқсас келісімге келген. Amazon мен Google болса шағын модульдік реакторларға инвестиция салып жатыр. Ал Сэм Альтман өзі құрған Oklo энергетикалық компаниясының директорлар кеңесіндегі қызметінен кетіп, оны OpenAI-мен серіктестікке икемдеу үшін жол ашты.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары