Meta компаниясы ақылды көзілдіріктердің халықаралық сатылымын кейінге қалдырды.
Компания бұл шешімді АҚШ-тағы «бұрын-соңды болмаған» сұранысқа сілтеме жасап түсіндірді.

Facebook-тың иесі Meta Platforms компаниясы 6 қаңтар, сейсенбі күні қордың тапшылығы мен АҚШ-тағы «бұрын-соңды болмаған» сұранысқа байланысты Ray-Ban Display көзілдіріктерінің халықаралық сатылымын кейінге шегеретінін хабарлады. «Өткен күзде іске қосылғаннан бері біз үлкен қызығушылықты байқадық, сондықтан күту тізімдері қазір 2026 жылдың соңына дейін созылып кетті», – деді компания блог жазбасында.
Meta 2026 жылдың басында Ұлыбританияда, Францияда, Италияда және Канадада жоспарланған іске қосуды уақытша тоқтататынын және қазіргі уақытта компанияның басты назары АҚШ-тағы тапсырыстарды орындауға аударылатынын айтты.
Сейсенбі күні саудада Meta акциялары 0,4%-ға төмендеп, $656,3-ке жетті.
Контекст
2019 жылдан бері Meta Ray-Ban өндірушісі Luxottica компаниясымен бірге смарт-көзілдіріктер желісін әзірлеумен айналысып келеді. Meta компаниясының бас директоры Марк Цукерберг 2025 жылдың қыркүйегінде 799 долларға бағаланған Meta Ray-Ban Display моделінің тұсауын кесті. Бұл – компанияның жаппай нарыққа арналған және жасанды интеллектпен жабдықталған алғашқы көзілдірігі: ол видеоларды көруге, хабарламаларға жауап беруге мүмкіндік береді және нейрондық интерфейсі бар білезік арқылы басқарылады.
EssilorLuxottica 2025 жылдың үшінші тоқсандық есебінде кірісінің өсуінің бір бөлігі Meta-мен ынтымақтастығының арқасында болғанын мәлімдеді.
CNBC-ның хабарлауынша, Meta – ақылды көзілдірік әзірлеп жатқан жалғыз технологиялық компания емес. Мамырда Alphabet Android операциялық жүйесіне негізделген AI көзілдірік жасау үшін Warby Parker-пен 150 миллион долларлық серіктестік туралы жариялады, ал Bloomberg мәліметі бойынша OpenAI Apple-пен бірлесіп AI көзілдірік әзірлеуде. Сонымен бірге, Apple компаниясы 2025 жылдың қарашасында Meta Ray-Ban-мен бәсекеге түсе алатын ақылды көзілдіріктерді әзірлеуге басымдық беру мақсатында Vision Pro бейне құлаққабының жеңілдетілген нұсқасын шығару жоспарынан бас тартты, деп хабарлады агенттік.








