Microsoft құны 4 трлн долларға жетті. Енді мұндай екі компания бар

Microsoft әлем бойынша нарықтық құны 4 триллион доллардан асқан екінші компания болды. Бұл туралы Bloomberg хабарлады. Бұл межеден алғаш болып шілде айының басында Nvidia өтті.
Microsoft акциялары 30 шілдеде жарияланған тоқсандық есептен кейін шарықтады. Есеп Уолл-стрит күткен нәтижеден жоғары болды. 31 шілдедегі сауда ашылған кезде компания акциялары 6 пайыздан астамға өсті. Алайда кейін өсу қарқыны сәл бәсеңдеді. Соған қарамастан, акция бағасы 5,2 пайыздық өсім көрсетіп тұрды. Мақала жарияланған сәтте компания құны қайтадан 4 трлн доллар деңгейінен сәл төмен түсті.
Bokeh Capital Partners компаниясының бас инвестициялық директоры Ким Форрест Bloomberg агенттігіне берген пікірінде: «Microsoft ақыры лайықты бағасын алып отыр. Себебі ол — бизнеске арналған операциялық жүйе. Барлығымыз Microsoft өнімдерімен жұмыс істейміз: Word, Outlook немесе Excel болсын», — деді. Оның айтуынша, бұл тоқсандық нәтижелер Microsoft-тың нарықтағы орнын нығайта түскенін дәлелдейді. Себебі Nvidia сияқты бұл компанияға да балама жоқ.
Bloomberg жазуынша, бұл жыл Microsoft үшін қалпына келу кезеңіне айналды. Өткен жылы және 2025 жылдың алғашқы тоқсанында компания акциялары нарықтан кейін қалды. Ол кезде Microsoft «Керемет жетілік» құрамындағы акциялары құнсызданған жалғыз компания болды. Инвесторлар компанияның жасанды интеллект бағытындағы орны мен Azure бұлтты қызметінің өсу қарқынына алаңдаушылық білдірген еді. Екінші тоқсанның есебінде Microsoft Azure табысы 39 пайызға артқаны хабарланды. Бұл нарық болжамдарынан айтарлықтай жоғары көрсеткіш болды.
Уолл-стрит сарапшыларының басым бөлігі Microsoft акцияларына оң баға беріп отыр. Bloomberg деректеріне сүйенсек, компанияны бақылап отырған 72 сарапшының 68-і акцияны сатып алуға кеңес береді. Тек біреуі ғана «сату» ұсынысын берген. Орташа мақсатты баға — 602 доллар. Бұл қазіргі бағамен салыстырғанда шамамен 11 пайыздық өсімді білдіреді.








