«Миссионерлер жалдамалыларды жеңеді» OpenAI СЕО-сы Meta-ны сынға алды

ChatGPT әзірлеушісі OpenAI-дің бас директоры Сэм Альтман Meta басшысы Марк Цукербергтің жасанды интеллект саласындағы үздік мамандарды өз жағына тарту әрекеттеріне қарсы шықты. Wired жазғандай, Альтман қызметкерлерге жолдаған хатында Meta-ның бұл әрекеттері «өте жағымсыз көрінеді» деп айтты.
Егжей-тегжейлі
OpenAI бас директоры Сэм Альтман Meta-ның жасанды интеллект саласындағы қызметкерлерді тарту әрекеттерін сынады. Ол мұндай қадамдар болашақта «мәдени тұрғыдан үлкен мәселелерге» әкелуі мүмкін екенін айтты. Бұл туралы Альтман OpenAI қызметкерлеріне жазған хатында хабарлады, деп жазады Wired.
Альтман хатында: «Біз бұрын бұрыштағы бір топ ботаник едік, ал қазір технология индустриясындағы ең қызықты адамдарға айналдық. ИИ тақырыбындағы Twitter өте уытты, ал Meta-ның әрекеттері жағымсыз көрінеді. Бұдан әрі бәрі одан да ессіз болатыны анық. Мені жұмыстан шығарып, қайта шақырған кезде, бұл OpenAI тарихындағы ең ессіз оқиға емес екенін айтқан едім — дәл солай болып шықты», — деп жазды.
Бұл мәлімдеме Meta басшысы Марк Цукербергтің супер интеллект жасауға арналған жаңа команда құрып, OpenAI-ден бірнеше қызметкерді жұмысқа алғаны туралы хабардан кейін жасалды. Wired мәліметінше, OpenAI-дің бас ғылыми қызметкері Марк Чен бұл жағдайды «біреу үйімізге кіріп, бір нәрсені ұрлап кеткендей» сезінгенін айтқан.
Дүйсенбі күні жариялаған хабарламасында OpenAI бас директоры Сэм Альтман Meta-ның кадрларды тарту әрекеттеріне қатысты пікірін білдірді.
«Әрине, Meta бірнеше тамаша маманды өзіне тартты, бірақ олар біздің ең үздіктерімізді ала алмады — тізімінің соңына дейін баруға тура келді. Олар көптен бері біздің қызметкерлерді өздеріне ауыстыруға тырысып келеді, тіпті қанша адамға бас ғылыми қызметкер болуды ұсынғандарын санап та үлгермедім. Мен бүкіл саламыздың миссияға берілгендігіне қатты қуаныштымын; әрине, жалдамалылар да әрқашан табылады», — деді ол Wired-қа берген түсініктемесінде.
Альтман: «Ақырында миссионерлер жалдамалыларды жеңеді», — деп атап өтті. Сондай-ақ OpenAI бүкіл зерттеу тобының жалақысын қайта қарастырып жатқанын айтты.
Ол OpenAI акцияларының Meta-дан да үлкен өсу әлеуеті бар екенін, бірақ өсу тек үлкен жетістікке қол жеткізгеннен кейін болуы керектігін айтты. «Meta-ның жасап жатқан әрекеті болашақта мәдени тұрғыдан үлкен мәселелерге әкеледі деп ойлаймын», — деді Альтман.
Сондай-ақ Альтман командасын OpenAI-де қалуға шақырып, компанияның бірегей мәдениеті, мықты ұжымы және жалпы жасанды интеллектіні жасауға бағытталған нақты жоспары бар екенін еске салды. «Басқа компаниялар үшін бұл тек құрал ғана, ал біз үшін басты мақсат. Meta келесі сәнді тақырыпқа ауысқаннан кейін де біз өз жұмысымызды күн сайын, жыл сайын жалғастырып, оны ең жақсы деңгейге жеткізуді жалғастырамыз», — деді ол.
Контекст
30 маусым, дүйсенбі күні Марк Цукерберг Meta компаниясы жасанды интеллектіні дамыту жұмыстарын Meta Superintelligence Labs (MSL) жаңа бөлімшсінде жалғастыратынын қызметкерлеріне хабарлады. Бұл бөлімшені бұрын Scale AI стартапының бас директоры болған Александр Ван мен GitHub-тың бұрынғы басшысы Нат Фридман басқарады. Wired мәліметінше, жаңа командаға OpenAI-ден Шэнцзя Чжао, Шуцяо Би, Цзяхуэй Юй және Хуньюй Жэнь сияқты бірнеше маман да қосылды.
Сэм Альтман подкасттарының бірінде Meta оның қызметкерлеріне $100 млн-ға дейін көтерме бонус ұсынғанын айтқан. Ал Meta-ның техникалық директоры Эндрю Босуорт 20 маусымда CNBC эфирінде таланттар нарығындағы жағдай оның технология саласындағы 20 жылдық тәжірибесінде бұрын-соңды болмағандай ерекше әрі таңғаларлық екенін айтты.
Акциялардың жай-күйі
OpenAI жария емес компания болып қалып отыр және Meta сияқты биржада саудаланбайды. Наурыз айының соңында OpenAI $40 млрд көлемінде инвестиция тарту раундын аяқтады — бұл жеке технологиялық компания үшін тарихтағы ең ірі мәміле болды. Нәтижесінде OpenAI-дың жалпы бағасы $300 млрд болып бағаланды. Инвестицияның $30 млрд бөлігін жапондық SoftBank компаниясы, ал қалған $10 млрд-ды басқа инвесторлар құрады.
Meta акциялары жыл басынан бері шамамен 23% қымбаттады. Сарапшылардың консенсус мақсатты бағасы $714,9, бұл ағымдағы бағадан шамамен 1% төмен.
Meta акцияларына 73 сарапшы рейтинг берген: олардың 63-і сатып алуға (Buy және Overweight), сегізі ұстап тұруға (Hold), ал екеуі ғана сатуға (Underweight және Sell) ұсынады.








