Morgan Stanley алғаш рет Tesla акцияларын сатып алуды ұсынуды тоқтатты

Morgan Stanley-дің Tesla бойынша жаңа аналитигі Эндрю Перкоко компания акцияларын сатып алу туралы ұсынысты қайтарып алды. Бұған дейін банк екі жылдан астам уақыт бойы Tesla-ны «сатып алуға лайық» деп бағалап келген. CNBC-дің мәліметінше Илон Маск компаниясының акциялары тым жоғары бағаланған деген күдік оптимистік болжамнан басым түсті.
Егжей-тегжейлі
7 желтоқсанда Перкоко Tesla акцияларының рейтингін «нарықтан жоғары» деңгейден (сатып алуға ұсыныс) «нарық деңгейінде» (яғни сатуға да, сатып алуға да ұсынбайтын бейтарап бағалау) деп өзгертті. Бірақ сонымен қатар акцияның мақсатты бағасын $15-қа көтеріп, $425 деп белгіледі. Бұл нарықтағы орташа бағадан ($401) жоғары, бірақ қазір биржадағы нақты бағадан ($455 — 5 желтоқсандағы жабылу бағасы) төмен.
Бұл жаңалықтан кейін Nasdaq премаркетінде Tesla акциялары 1,3%-ға төмендеді. Бір күн бұрын акциялар небәрі 0,1%-ға өскен еді.
Morgan Stanley Tesla-дан не күтеді
Перкоко бұл аналитикалық бақылауды Tesla-ға бұрын оптимистік көзқарас танытып келген Адам Джонастан қабылдады. Джонас 2023 жылдың қыркүйегінен бері акцияларға жоғары баға беріп келген, бірақ жақында назарын жасанды интеллект нарығына бұрған.
Перкоко да Tesla-ның автономды көлік және робот техникасындағы көшбасшылығын мойындады. Бірақ оның пікірінше, акция бағасы қазір әділ деңгейге жақындады және қысқа мерзімде нарықтағы болжамдар төмендеуі мүмкін. Сондықтан аналитик «жақсырақ кіру нүктесін» күткенді дұрыс деп санайды.
Сонымен бірге ол Tesla ұзақ мерзімді инвесторлар үшін әлі де тартымды бола алатынын айтады. Егер компания электромобиль нарығындағы бәсеңдеуді еңсерсе, роботaxi жобасын іске асырып, Optimus адамтәрізді роботын кең көлемде шығара алса, онда 2026 жылға қарай акция бағасы 89%-ға өсіп, $860 болуы мүмкін. Бірақ Morgan Stanley-дің пессимистік сценарийі керісінше — акциялар 70%-ға құлдырап, $145-қа дейін түсуі мүмкін. Мұндай қауіптерге бәсекенің күшеюі, маржа қысымы және автономды жүргізу технологияларын реттеу мәселелері кіреді.
Уолл-стриттің ұстанымы
Аналитиктер арасында ортақ пікір жоқ. Қазір Tesla акцияларын: 20 сарапшы сатып алуға кеңес береді, 19 – бейтарап ұстанымда, 12 – сатуға ұсынады.
FactSet дерегі бойынша орташа мақсатты баға — $401. Бұл акциялардың алдағы 12 айда қазіргі бағадан шамамен 12%-ға төмендеуі мүмкін екенін көрсетеді.
Контекст
Tesla акцияларына қосымша қысым Optimus роботының соңғы көрсетіліміне байланысты туындады. 6 желтоқсанда Майамидегі іс-шарада робот тепе-теңдігін жоғалтып құлап қалды, ал құлар сәтте VR-гарнитурасын шешіп жатқандай қимыл жасады. Electrek порталы бұл қозғалыс робот өздігінен емес, адам тарапынан қашықтан басқарылғанын білдіреді деп болжайды.








