Маск акционерлерден «роботтар армиясын құру» үшін өзіне $1 трлн төлеуді сұрады

Tesla компаниясының басшысы әрі әлемдегі ең бай адам Илон Маск инвесторлармен өткен тоқсандық кездесу соңында акционерлерге бұрын-соңды болмаған көлемдегі сыйақыны — шамамен $1 трлн көлеміндегі Tesla акцияларын — өзіне бекіту туралы өтініш жасады. Масктың айтуынша ол компаниядан ығыстырылып қалудан қорқады және «роботтар армиясын құру» жобасын еркін жүзеге асыру үшін қосымша акционерлік бақылау қажет.
Егжей-тегжейлі
Маск бұл тақырыпты инвесторлар сұрамастан өзі қозғады. «Менің ойымша, маған акционерлік дауысқа жеткілікті бақылау керек, осылайша компанияның бағытына нақты әсер ете аламын. Бірақ, әрине, есімнен танып кетсем, мені қызметтен босата алатындай мүмкіндік те қалуы тиіс», — деді ол, 75 минуттық конференц-қоңыраудың соңында Tesla-ның қаржы директорын сөзінен бөліп.
Bloomberg жазғандай, Масктың бұл мәлімдемесі оның әдеттегі стиліне сай болды — жасанды интеллект, Optimus роботы және роботакси қызметі жөніндегі тыныш әңгімеден кейін жарқын және күтпеген финал.
Ол сонымен қатар прокси-кеңесшілер ISS пен Glass Lewis компанияларын да сынға алды. Бұл кеңесшілер институционалдық инвесторларға Маскқа $1 трлн көлемінде акция пакетін беруге қарсы дауыс беруді ұсынған болатын.
«Мен осында роботтар армиясын құрып жатқанда, ISS пен Glass Lewis секілді не болып жатқанын түсінбейтін ұйымдардың күлкілі кеңестері салдарынан қызметімнен айырылу маған ыңғайсыз», — деді Маск.
Tesla акционерлері бұл ұсыныс бойынша 6 қарашада өтетін жылдық жиналыста дауыс береді.
Компанияның қаржы директоры Вайбхав Танеджа жиналыс соңында: «Маск акционерлерге нақты табыс әкелмейінше, ешқандай пайда алмайды», — деп мәлімдеді.
Контекст
Tesla-ның тоқсандық есебі мен инвесторлармен кездесуі алдында бір күн бұрын бірқатар кәсіподақтар мен құқық қорғау ұйымдары Take Back Tesla («Tesla-ны қайтарыңдар») қозғалысын бастаған. Олар акционерлерді қарашадағы жиналыста Масктың «шектен тыс» $1 трлн сыйақы пакетімен келіспеуге шақырды.
Коалиция құрамына: Америкалық мұғалімдер федерациясы (AFT), Public Citizen тұтынушылар құқықтарын қорғау ұйымы, Americans for Financial Reform (AFR) қаржылық реформалар коалициясы, Eko корпоративтік бақылау тобы, People’s Action қоғамдық қозғалысы және экологиялық ұйым Stop the Money Pipeline кіреді (дереккөзі: CNBC) кірді.
Сонымен қатар, прокси-кеңесшілер ISS пен Glass Lewis ірі акционерлерге Масктың $1 трлн сыйақы жоспарына қарсы болуға кеңес берді. Бұл ұсыныс 2018 жылы бекітілген және құны $56 млрд болған алдыңғы акция пакеті төңірегіндегі даулардан кейін пайда болды.
Tesla өз кезегінде мәлімдеме жасап: «ISS пен Glass Lewis 2018 жылдан бері Tesla-ның бастамаларына қайта-қайта қарсы шықты. Егер сол кезде біздің акционерлер олардың кеңестерін тыңдаған болса, 2018 жылдың наурызынан 2025 жылдың тамызына дейін болған нарықтық капитализацияның 20 есе өсуін жіберіп алар еді», деді.








