БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Morningstar Оңтүстік Корея акцияларын Азиядағы ең тартымды инвестиция деп атады

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Morningstar Оңтүстік Корея акцияларын Азиядағы ең тартымды инвестиция деп атады

Morningstar Wealth қоры Қытай мен Жапония акцияларын сатып, Оңтүстік Корея компанияларының құнды қағаздарына салымын арттырып жатыр. Қор алдағы он жыл ішінде кәріс қор нарығы Азия мен дамушы елдер арасында ең жоғары табыс әкеледі деп күтеді. Негізгі қозғаушы күштер — жасанды интеллект саласындағы буммен байланысты технологиялық акциялар мен елдің жаңа басшылығының миноритарлық акционерлер мүддесіне бағытталған корпоративтік реформалар жүргізуге деген ерік-жігері.

Егжей-тегжейлі

Morningstar Wealth аға портфель менеджері Марк Прескетт Қытай мен Жапония акцияларынан шығып, оңтүстіккореялық активтердің үлесін көбейтіп жатыр. Оны ЖИ-бумға тартылған технологиялық компаниялардың акциялары және елдің жаңа басшылығының корпоративтік реформаларға қатысты саяси еркі қызықтырады. Қор менеджері алдағы он жыл ішінде дәл Корея дамушы және азиялық елдер арасында ең жоғары кіріс әкеледі деп есептейді. Bloomberg-тің жазуынша ол оңтүстіккореялық акциялардың доллармен жылдық табысы 11–12% деңгейінде болады деп болжап отыр.

АҚШ енгізіп жатқан жаңа кедендік алымдар Прескеттті алаңдатып отырған жоқ. Дональд Трамптың кәріс импортына 25%-дық баж салығын енгізу туралы мәлімдемесіне қарамастан, Morningstar инвестициялық қорының басшысы алдағы екі аптада елдер арасында «қандай да бір келісім» жасалады деп сенімді. Сондай-ақ ол автокөліктерге қатысты қолданыстағы баж салығының қатаңдатылмауы және электрониканың жаңа шектеулерден тыс қалуы кәріс нарығына оң әсер ететінін атап өтті.

«Корея күтілетін табыстылық бойынша көш бастап тұр, — деді Прескетт Лондонда. — Біз бұны қайта бағалау процесінің бастамасы ретінде қарастырамыз». Ол жасанды интеллект үшін қажет жоғары жылдамдықты жад чиптерін шығаратын нарық көшбасшылары — SK Hynix пен Samsung Electronics-ке сенім артады. Оның пікірінше, бұл компаниялардың акциялары нарықта жеткілікті бағаланбаған.

Прескетт әсіресе корпоративтік реформаларды заңнамалық түрде бекітуге бағытталған Value-Up бағдарламасына үлкен үміт артады. Оның айтуынша, өткен аптада парламент мақұлдаған Корея Коммерциялық кодексіне енгізілген өзгерістер миноритарлық акционерлердің құқықтары мен отбасы бақылайтын чебольдердің шамадан тыс ықпалына қатысты ескі проблемаларды шешуге көмектеседі. Ел басшылығының ауысуынан кейінгі саяси тұрақтылық және «кәріс жеңілдігін» азайтуға бағытталған мақсатты әрекеттер бұл нарықты барған сайын тартымды етіп отыр — әсіресе стагнацияда тұрған Қытаймен салыстырғанда, деп есептейді портфель менеджері.

«Біз Кореяның бағалануы жағынан бәсекелестікке сай тартымдылығын көріп отырмыз, бірақ іргелі көрсеткіштері одан да күшті, — деді ол. — Мұнда жылжымайтын мүлік нарығынан төнетін қауіп жоқ және корпоративтік басқару мен акционерлер құқығына қатысты сұрақтар туындамайды».

Басқа сарапшылар не дейді

Азиялық акциялармен жұмыс істейтін Ninety One Global Strategy қоры, табыстылығы бойынша баламалы қорлардың 94%-ынан озып, жақында портфеліндегі Samsung акцияларының үлесін арттырды. Қордың тең басқарушысы Чарли Линтонның айтуынша, көптеген инвесторлар Samsung компаниясын SK Hynix-тен артта қалғаны үшін «дұрыс бағаламай отыр» — бұл Nvidia үшін жоғары жылдамдықты жад чиптерін жеткізетін негізгі компания. «Қазір Samsung акцияларын бәрі төмен бағалап отыр, — деді Линтон, ол сондай-ақ SK Hynix акцияларына да иелік етеді. — Біз оң көзқарас танытып отырмыз, өйткені акциялардың бағасы өте тартымды көрінеді».

Fidelity портфель менеджері Йен Сэмсон Жапониядағы үлесін азайтып, мамыр айының соңында — Оңтүстік Корея президентінің кезектен тыс сайлауында оппозиция көшбасшысы жеңіске жеткенге дейін — қаражатын кәріс акцияларына аударды. «Нарықтың қаншалықты жылдам және күшті өскені таңғаларлық, — деді Сэмсон өткен аптада Bloomberg-ке берген сұхбатында. — Бірақ қазіргі бағаларға және экономикалық оң динамикаға қарасақ, кәріс акцияларының одан әрі өсуіне кедергі болатын себеп көріп тұрған жоқпын».

Ішкі саяси тұрақсыздық пен АҚШ-қа экспортқа 25%-дық баж салығына қарамастан, кәріс нарығының болашағы «толықтай жағымды» деп санайды Yuanta Securities компаниясының жаһандық стратегi Дэниел Ю, оны CNBC келтіріп отыр. Emmer Capital Partners басшысы Маниши Райчоудхуридің пікірінше, жаңа шектеулерге қарамастан, кәріс экспорттаушылары оларға бейімделе алады, себебі бағаның өсуінің негізгі салмағы, ең алдымен, америкалық тұтынушыларға түседі.

Контекст

CNBC-дің мәліметінше Оңтүстік Корея биыл әсерлі қалпына келуді көрсетті: жыл басынан бері KOSPI индексі 30%-дан аса өсіп, аймақ бойынша көш бастады. Жаһандық қорлардың қайта оралуымен қатар, кәріс реттеушілері корпоративтік басқаруды жақсарту бағытындағы өзгерістерді жалғастырады деген оптимизм артып келеді — бұл фактор бұрын жергілікті қор нарығының дамуын тежеп келген, деп жазады Bloomberg.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары