БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Музыка, тамақ, жеткізу сервисі: Morgan Stanley тұрақты компанияларды атады

Венера  Сайфутдинова

Венера Сайфутдинова

Oninvest тілшісі
Музыка, тамақ, жеткізу сервисі: Morgan Stanley тұрақты компанияларды атады

Қазіргі таңда тарихи максимум деңгейінде саудаланып жатқан америкалық акциялар экономикада баяулау белгілері байқалған жағдайда қысымға түсуі мүмкін. Осындай жағдайда Morgan Stanley қаржы резервтері мен тұрақты көрсеткіштері бар, құлдырауды еңсеріп, дамуын жалғастыра алатын компанияларға назар аударуды ұсынды.

Егжей-тегжейлі

«Жоғары еркін ақша ағымы бар компаниялар өзін-өзі қаржыландырады және нарықтағы кез келген тереңдеу түзетулеріне төтеп беруге қабілетті», — деп атап өтті Morgan Stanley сарапшылары CNBC келтірген жазбада.

Еркін ақша ағымы — бұл компанияның операциялық және капиталдық шығынды жапқаннан кейін қолында қалатын қаражат. Бұл ақшаны бизнес қызметін кеңейтуге, қарызды өтеуге және басқа да мақсатқа бағыттай алады, деп түсіндіреді телеарна.

Банк Russell 1000 индексіндегі компанияларды талдады — бұл АҚШ-тың нарықтық капитализациясы бойынша ең ірі 1000 жария компанияның тізімі, оған Apple, Microsoft және Amazon сияқты алпауыттар кіреді. Morgan Stanley жылжымайтын мүлік, қаржы және коммуналдық қызмет секторын алып тастап, мынадай критерийге сәйкес келетін бизнестерді таңдады:

— қолма-қол ақша (және өтімді активтер) мен кәсіпорын құнының (Cash-to-enterprise value) арақатынасы 5%-дан жоғары болуы,

— еркін ақша ағымының келесі екі жылдың әрқайсысында 10%-дан астам өсуі күтілуі,

— инвестицияланған капиталдың рентабельділігі келесі екі жылдың әрқайсысында 7,5%-дан жоғары болуы күтілуі.

Morgan Stanley таңдаған компаниялардың кейбірі осылар.

DoorDash — тамақ және азық-түлік жеткізу сервисі 

Morgan Stanley бағалауынша, DoorDash-тің еркін ақша ағымы биыл 26,6%, ал 2026 жылы 41,5% өседі. Сервистің акциясы 2025 жылдың басынан бері 54% қымбаттады. Сервистің қаржы резервтерінің өсуі сатылымның сенімді өсімімен сәйкес келді, оған премиум-сервис DashPass жазылушының көбеюі де ықпал етті. 2025 жылдың екінші тоқсанында DoorDash табысы шамамен $3,3 млрд болды — жыл бұрынғыдан 25% көп.

Spotify — музыка және подкаст стриминг сервисі 

Morgan Stanley болжамы бойынша, Spotify-дың еркін ақша ағымы 2025 жылы 27,6%, ал 2026 жылы 34,3% өседі. Жыл басынан бері компанияның қағазы 55%-дан астам қымбаттады. Аудиостриминг платформасы соңғы тоқсандарда белсенді қолданушы санының артуы арқасында табыс өсімін қамтамасыз етіп, елеулі еркін ақша ағымын жинақтай алды. Қаржы есептілігіне сәйкес, 2025 жылдың екінші тоқсанында Spotify табысы бір жыл бұрынғыдан 10% жоғары болды.

FedEx — экспресс-жеткізу және логистика компаниясы

Morgan Stanley сарапшыларының бағалауынша, FedEx-тің еркін ақша ағымы 2025 жылы 31,4%, ал 2026 жылы 14,9% өседі. Қаржылық есептіліктің екіұшты болғанына қарамастан — табыс пен пайда жылдық мәнде өсіп, Уолл-стрит күткеннен жоғары болғанымен, ағымдағы тоқсанға арналған болжам сарапшылар күткеннен төмен болды — компанияның қаржы резервтері артты, себебі ол Freight жүк бөлімшесін бөлу процесін жалғастырып жатыр. Транспорттық-логистикалық алпауыттың акциясы жыл басынан бері шамамен 19% арзандады.

Контекст

Morgan Stanley-дің осындай компанияларға басымдық беруді ұсынуы АҚШ экономикасындағы ықтимал қиындықтарды көрсеткен жаңа деректер шыққаннан кейін айтылды. Өткен аптада Еңбек статистикасы бюросы тамыз айында бар болғаны 22 000 жұмыс орны құрылғанын хабарлады — бұл болжамнан айтарлықтай төмен. Бұдан бөлек, алдын ала жылдық қайта қаралған бағалау наурызда аяқталған 12 ай ішінде жаңа жұмыс орындарының саны бұрын хабарланғаннан 911 000-ға аз болғанын көрсетті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары