Мыс «жаңа алтынға» айналды ма?

Соңғы аптада мыс бағасы төрт жылдық тыныш кезеңнен кейін күрт өсіп, жаңа рекордтарға жетті. Әдетте мыстың бағасы әлемдік экономиканың жағдайын көрсетеді, өйткені ол құрылыс, электр желілері, аккумуляторлар және көптеген өнеркәсіп салаларында қолданылады. Енді оған жасанды интеллект саласындағы өсім де әсер етіп отыр.
«Мыс — ұлттық мүдде» кезеңі
Лондон биржасындағы үш айлық фьючерс бағасы 28 қарашада тоннасына $11 000-нан асып, 5 желтоқсанда $11 621-ға жетті.
Баға мұндай деңгейді 2021 жылдан бері бірінші рет жаңартты.
Инвестор Джон Триси мыс бағасының өзгеруіне әсер ететін негізгі факторларды атап өтеді: әлемдік тренд — электрификация; Қытай инфрақұрылымындағы баяулау; АҚШ-тың ресурстық ұлттық саясаты.
АҚШ-тың өзінде мыс өңдеу қуаты жеткіліксіз болғандықтан, шикізатты экспорттап, дайын өңделген мыс импорттайды. Бұл АҚШ нарығында бағаның жоғарылауына әкелді.
Трейдерлер Трамп жаңа импорттық салық енгізеді деп қауіптенгеннен кейін, 2025 жылдың басында мыс бағасы Comex биржасында басқа елдерге қарағанда 30% қымбаттады. Премия қысқарғанмен, қазір қайтадан өсіп келеді.
Сарапшылардың айтуынша егер жағдай осылай жалғаса берсе, АҚШ өзіне көп мыс жинап, басқа елдер тапшылыққа тап болады.
Нарық не күтеді?
Goldman Sachs сарапшылары әзірге тапшылық болмайды деп санайды және 2026 жылы мыс бағасы $10 000–$11 000 диапазонында болады деп болжайды.
Ал Mercuria және Wood Mackenzie керісінше — тапшылықтың басталғанын айтады.
ЖИ және энергия ауысымы сұранысты күшейтті
Financial Times мәліметінше, жасанды интеллектке арналған дата-орталықтар мысқа бұрынғыдан екі есе көп тәуелді.
BHP болжамынша, 2050 жылға қарай дата-орталықтарда қолданылатын мыс көлемі 6 есе өседі.
Сонымен қатар электр көліктері, электр желілерін жаңарту, әскери техника өндірісі, мысқа деген сұранысты арттырып жатыр. 2024 жылы әлемнің әскери шығындары рекордттық деңгейге өсіп, $2,72 трлн болды.
Ұсыныс тапшылығы ақиқаты
Жаңа ірі мыс кен орындары өте баяу ашылуда. Канадалық Arras Minerals дерегінше соңғы жылдары кейде бірде-бір жаңа ірі кен орны ашылмаған.
Wood Mackenzie 2026 жылы әлемдік мыс нарығында тапшылық одан әрі күшейеді деп күтеді. Бұрын жоғары баға жаңа өндірісті ынталандыратын, бірақ қазір ірі технология компаниялары бағаға қарамай сатып алуға дайын, бұл тапшылықты ұзартуы мүмкін.








