«Ұмытылған» акциялар vs. Бигтех: нарықтағы құлдыраудан кім ұтты, кім ұтылды
Бигтех пен банктер құлдырауда, ал инвесторлар жаңа бағыт іздейді

Соңғы үш аптада АҚШ нарығындағы құлдырау көптеген ірі компаниялардың акция бағасының төмендеуіне әкелді. Чип өндіруші Nvidia мен электромобиль өндіруші Tesla ең көп шығынға ұшырағандардың қатарында. Дегенмен, кейбір компаниялардың акциялары, керісінше, айтарлықтай өсті, өйткені инвесторлар экономикалық тұрақсыздыққа төзімдірек активтерге ауыса бастады. Financial Times басылымы соңғы Уолл-стриттегі жаппай сатылымнан кім ұтқанын және кім ұтылғанын зерттеді.
Жеңімпаздар: қорғаныштық және «игнорға ұшыраған» акциялар
Инвесторлар әдетте экономикалық тұрақсыздыққа төзімді деп саналатын қорғаныштық акцияларға көшуде. Ақпан айының соңынан бері коммуналдық қызмет көрсетуші American Water Works және фармацевтикалық алпауыт Merck & Co акциялары 9-10%-ға өсті.
Болат өндірісіндегі ірі ойыншылар – US Steel мен Nucor – да құлдыраудан аман қалды. 12 наурызда Дональд Трамптың Канада импортына 50% баж салығын енгізу қаупінен кейін олардың акциялары бірден қымбаттады.
Технологиялық секторда бұрын инвесторлардың назарынан тыс қалған компаниялар жаңа мүмкіндік алды. Putnam Investments бас инвестициялық директоры Шеп Перкинс Cisco мен IBM-ды мысалға келтіріп, олардың құны бүкіл нарықпен салыстырғанда азырақ төмендегенін айтты. Бұл құбылыс «бұрын назардан тыс қалып келген акциялардың раллиі» деп аталды – яғни бұрын «өсу акциялары» да, «құнды акциялар» да деп саналмаған компаниялар қазір танымал болуда.
Goldman Sachs 12 наурызда экономикалық тәуекелдерге аз тәуелді акцияларға назар аударуға шақырды. Олардың қатарына S&P Global рейтингтік агенттігі мен Kroger супермаркеттер желісі кірді.
Бигтех пен банктер ең көп зардап шекті
Нарықтағы негізгі жеңіліс тапқандар – соңғы жылдары капитализациясы қарқынды өскен «өсу акциялары» мен технологиялық алыптар. AI-революциясының басты символы Nvidia 17%-ға құлдырады. Инвесторлар Қытай жақын арада АҚШ-ты қуып жетуі мүмкін деп қауіптенуде. Tesla 30% жоғалтып, бұрынғы деңгейіне оралды. «Магнитті жетілік» арасындағы ең тұрақтысы Microsoft болды – оның акциялары тек 7%-ға арзандады.
Экономикаға тәуелді салалар да қатты зардап шекті. Әуе тасымалдаушылары – Delta Air Lines, American Airlines және United Airlines – акция бағасының 30%-ға дейін төмендеуіне тап болды. Банктер – Citigroup, Morgan Stanley және Goldman Sachs – орта есеппен 20%-ға құлдырады.
Small-cap акциялары үмітті ақтамады
Капитализациясы төмен компаниялардың акциялары да инвесторлардың күткеніндей нәтиже көрсетпеді. Технологиялық алыптардың құлдырауынан ұтады деп күтілгенімен, АҚШ экономикасына деген алаңдаушылық бұл үміттерді ақтамады. Бұл өткен жылдың тамызындағы жағдаймен салыстырғанда үлкен айырмашылық: сол кезде small-cap акциялары технологиялық нарықтың төмендеуі аясында өскен еді, деп жазады FT.
АҚШ акциялары «премияларын» жоғалтуда
Бұған дейін америкалық акциялар еуропалық акциялармен салыстырғанда анағұрлым қымбат болатын. Кейбір инвесторлар тіпті Уолл-стритте «көпіршік» қалыптасты деп болжаған. Алайда соңғы құлдыраудан кейін бұл айырмашылық азайды: S&P 500-дің бағалау коэффициенті (P/E) 26-дан 21-ге төмендеді, ал еуропалық акциялардың көрсеткіші 15-тен 14-ке ғана азайды.
Болашаққа көзқарас
Нарықтағы «бұқалар» технологиялық компаниялар ұзақ мерзімді перспективада өсуді жалғастырады деп сенеді. Fidelity инвестициялық директоры Том Стивенсон: «Волатильділік – бұл тәуекел емес. Шынайы тәуекел – капиталыңызды біржола жоғалту, ал бұл тек дүрбелеңге түсіп, акцияларды төмен бағамен сатқан жағдайда ғана болады», – дейді.








