Нью-Йорк таңы: басты назарда ФРЖ риторикасы мен корпоративтік есептіліктер

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығына қатысты күнделікті шолуы және болжамы.
Бүгіннен не күтеміз
АҚШ көлік министрі Шон Даффи 7 қарашадан бастап елдегі ең ірі 40 әуежайда өткізу қабілеті 10%-ға қысқартылатынын хабарлады. Бұл күніне шамамен 3500–4000 рейске әсер етеді. Азаматтық авиация федералдық басқармасының (FAA) басшысы Брайан Бедфорд бұл шешімді 36 күнге созылған үкімет жұмысының тоқтауына (шатдаун) байланысты әуе диспетчерлері тапшылығы ушығып жатқан жағдайда тәуекелдерді азайту үшін алдын ала қабылданған шара ретінде түсіндірді. Үкіметтік органдардың жұмысының мұндай ұзақ тоқтауы — АҚШ тарихындағы ең ұзақ. Алдағы уақытта қосымша рейстердің тоқтатылуы да мүмкін, ал шектеулердің аяқталу мерзімі белгісіз.
Бейсенбі күнгі сауда-саттық үшін ең маңыздысы — Федералды резерв жүйесі өкілдерінің мәлімдемелері болмақ. Өткен аптада FOMC отырысынан кейін ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл желтоқсандағы мөлшерлемені төмендету «алдын ала шешілген мәселе емес» екенін ескерткен еді. Бүгін ФРЖ төрағасының орынбасары Майкл Барр, Нью-Йорк ФРБ басшысы Джон Уильямс, сондай-ақ Кливленд, Филадельфия және Сент-Луис ФРБ өкілдері — Бет Хэммак, Анна Полсон және Альберто Мусалем, одан бөлек басқарма мүшесі Кристофер Уоллер сөз сөйлейді. Экономика мен еңбек нарығына қатысты олардың пайымдары мұқият талданады, әсіресе ресми макродеректер шатдаун салдарынан әлі жарияланбай жатқанын ескерсек.
S&P 500 индексіне кіретін компаниялардың шамамен 80%-ы үшінші тоқсан есебін жариялап үлгерді. Орташа алғанда олардың пайдасы бастапқы 7,2% болжамына қарағанда 12,7%-ға өсті. Нәтижелері күтуден жоғары болған компаниялар үлесі 80%-дан асты — бұл корпоративтік жағдайдың макроэкономикалық қауіптерге қарамастан тұрақты екенін көрсетеді.
Негізгі сауда сессиясы басталғанға дейін қаржылық есептерін D-Wave Quantum (QBTS), Vistra Energy (VST), Datadog (DDOG), Warner Bros. Discovery (WBD), ConocoPhillips (COP) ұсынбақ. AstraZeneca (AZN) $15,2 млрд рекордтық табысқа жеткенін хабарлады. Сауда аяқталғаннан кейін Iren Ltd (IREN), MP Materials (MP), Opendoor Technologies (OPEN), NuScale Power (SMR), SoundHound AI (SOUN) және Archer Aviation (ACHR) есеп береді.
АҚШ индекстерінің фьючерстері әлсіз теріс динамика көрсетуде. Қауіптер балансы — бейтарап, құбылмалылық — орташа. Біз S&P 500 қозғалысын 6750–6850 тар ауқымында (алдыңғы жабылудан -0,7% пен +0,8% аралығында) күтеміз.
Назарда
Qualcomm (QCOM) акциялары премаркетте 3%-ға құлдырап тұр. Компания акцияға шаққандағы пайда $3 (күтілген $2,87) және табыс $11,27 млрд (күтілген $10,77 млрд) көрсеткенімен, инвесторлар алдағы тоқсанға берілген сақтық болжамды әлсіз қабылдады. QCT бөлімшесінің рекордтық жылдық табысына және авто/IoT-чип сатылымдарының 27%-ға өсуіне қарамастан — нарық көңілсіз.
DoorDash (DASH) — премаркетте 8%-дан астамға төмендеуде. Себебі акцияға табыс тек $0,55 болды (күтілген $0,68). Айналым $3,45 млрд-қа өссе де, Deliveroo-ны $2,9 млрд-қа сатып алу шығындарын арттырды.
Snap (SNAP) — жағымды тосынсый. Компания табысы $1,51 млрд-қа жетіп, болжамды ($1,49 млрд) артта қалдырды. Колданушылар саны өсті. Сонымен қатар Perplexity AI-пен серіктестік жариялап, Snapchat интерфейсіне 2026 жылдан бастап ІІ технологиясын енгізгені үшін $400 млн алады. Нәтижесінде акциялар премаркетте 18%-дан артық көтерілді.
AppLovin (APP) — үшінші тоқсанда акцияға шаққандағы пайда $2,45 (күтілген $2,38), табыс $1,4 млрд (болжам $1,34 млрд, +68% ж/ж). Гейминг және e-commerce жарнама сегменттері жоғары нәтиже көрсетті. Компания $3,2 млрд-қа акцияларды кері сатып алу бағдарламасын ұлғайтты. Акциялар 6%-дан астам қымбаттады.
Кешегі сауда нарығындағы жағдай
5 қараша саудасында АҚШ нарықтары оң динамика көрсетті:
S&P 500 — +0,37%, Nasdaq 100 — +0,72%, Dow Jones — +0,48%, Russell 2000 — +1,54%.
Секторлардың көбі өсті, ал топ бастап тұр — ұзақ мерзімді тұтыну тауарлары (XLY: +1,22%) және шикізат өндірушілер (XLB: +0,59%). Тек алғашқы қажеттілік тауарлары (XLP: -0,07%) және жылжымайтын мүлік (XLRE: -0,02%) аздап төмендеді. «Керемет жетілік» акциялары біркелкі қозғалған жоқ. Tesla (TSLA: +4,01%) және Alphabet (GOOGL: +2,44%) нарықтан жоғары нәтиже көрсетті.
Инвесторлар назарын АҚШ Жоғарғы сотындағы IEEPA заңы негізінде енгізілген импорттық тарифтерге қатысты тыңдаулар да аудартты. Кейбір консервативті судьялар Трамп енгізген баждардың заңдылығына күмән келтіріп отыр. Шешім бірнеше апта не айдан кейін жариялануы мүмкін.
ADP деректері бойынша, қазанда жеке секторда 42 мың жаңа жұмыс орны ашылды (күтілген 30 мың). Бұл — екі айлық құлдыраудан кейінгі алғашқы өсім. Жаңа жұмыс орындарын ірі компаниялар құраса, шағын және орта бизнес персоналды оңтайландыруды жалғастыруда.
ISM қызмет секторындағы іскерлік белсенділік индексі қазанда 52,4-ке жетті (болжам 50,8) — сегіз айдағы максимум. Жаңа тапсырыстар 56,2-ге көтерілді — 2024 жылғы қазаннан бергі ең жоғары деңгей. Алайда баға көрсеткіші 70-ке жетіп, инфляциялық қысымға қатысты алаңдаушылықты арттырды. S&P Global US индексі — 54,8.
Компания жаңалықтары
Lemonade (LMND: +34,2%) — табыс, пайда және сақтандыру премиялары бойынша күткеннен жоғары нәтиже, сондай-ақ 2025 жылға оң болжам берді. Премиялар көлемі 30%-ға өсті, автосақтандыру бағыты нығайды.
Rivian (RIVN: +23,4%) — жоғары сұраныс және салықтық ынталандырулар нәтижесінде болжамнан жақсы есеп берді. Компания 2025 жылы 41,5–43,5 мың көлік жеткізу жоспарын растады және R2 желісін 2026 жылдың бірінші жартысында іске қосуды көздеп отыр.
Lumentum Holdings (LITE: +23,6%) — табыс болжамның жоғарғы шегінен асып, ИИ және телеком секторларынан тапсырыстар артуын көрсетті.
Trex Company (TREX: -31,1%) — әлсіз есебі мен 2025 жылға күңгірт болжамы акциялардың күрт құлдырауына себеп болды.
Apple (AAPL: +0,4%) — Alphabet (GOOGL) компаниясымен шамамен $1 млрд көлемінде келісімге жақын, мақсаты — Siri-ге Gemini ІІ үлгісін енгізу.
Reuters-тің мәліметінше Tesla (TSLA: +2,1%) — Илон Масктың миллиардтаған доллар тұратын сыйақы пакетін бекітуге дайындық жүргізуде. Сарапшылар бұл шешім акционерлер тарапынан мақұлданады деп күтеді.








