Нью-Йорктегі таң: сыртқы сауда тақырыбындағы риторика белгісіздікті күшейтуде

Freedom Capital Markets Research ұйымының директорының орынбасары Михаил Денисламов ұсынған АҚШ қор нарығындағы күнделікті шолуы және болжамы.
Біз не күтеміз
Осы сейсенбіде инвесторлар қауымдастығының назарында Лондонда өтіп жатқан АҚШ пен ҚХР арасындағы өзара сауда мәселелеріне қатысты диалогтың жалғасуы болады. Дүйсенбі күні алты сағатқа созылған келіссөздерден кейін АҚШ Қаржы министрлігі мен Сауда министрлігі бұл аралық қорытындыларға біршама оң баға берді. Президент Дональд Трамп та «жақсы жаңалықтар» бар екенін айтты, бірақ «Қытай — осал емес» деп атап өтті.
Вице-премьер Хэ Лифэн бастаған ҚХР делегациясы пікір білдірмеді. Талқылаудың негізгі тақырыптары — Қытайдың сирек кездесетін металлдарды жеткізуге қойған шектеулері мен Вашингтон тарапынан технологиялар экспортына қатысты бақылау шаралары. Екі тарап та стратегиялық қысым құралдарын пайдаланып жатыр: АҚШ пластмасса өндірісіне қажетті, Қытай толықтай дерлік импорттайтын этан жеткізілімдеріне шектеулерді күшейтуде. Қытай болса, автокөлік өндірісі мен жоғары технологиялық салалар үшін аса маңызды сирек металдардың экспортын тежеуді жалғастыруда. Ақ үй сондай-ақ Үндістан және ЕО елдерімен сауда келісімдерін жеделдетуді талап етуде. Бұл факторлардың барлығы бірге нарықтағы белгісіздікті арттырып, құбылмалылықты күшейтіп отыр.
Осы аптада АҚШ Қаржы министрлігі жалпы сомасы $169 млрд болатын мемлекеттік қарыз міндеттемелерін ұсынады. Сейсенбі, сәрсенбі және бейсенбі күндері тиісінше $57 млрд, $78 млрд және $34 млрд көлемінде үш, он және отыз жылдық қазынашылық облигацияларды орналастыру аукциондары өтеді. Инвесторлар үшін салықтар мен сауда тосқауылдары жөніндегі риторика күшейген жағдайда америкалық қарызға деген сұраныстың тұрақтылығына көз жеткізу маңызды болмақ.
Сейсенбіде NFIB шағын бизнестегі іскерлік оптимизм индексінің мамыр айындағы деректері жарияланады. Алайда бұл релиз алдағы сауда күніндегі динамикаға шешуші әсер етпейді деп болжануда.
Негізгі сессия жабылғаннан кейін өздерінің тоқсандық есебін Gamestop (GME), GitLab (GTLB) және Stitch Fix (SFIX) ұсынады.
S&P 500 фьючерстері консолидацияны көрсетуде. Макроэкономикалық және корпоративтік күн тәртібі тыныш нарық фонын білдіреді, бірақ сауда келіссөздерінің қорытындысы бойынша маңызды мәлімдемелер акциялар құбылмалылығын арттыруы мүмкін. Осы факторларды ескере отырып, алдағы сессияда құбылмалылытың жоғары деңгейін және тәуекелдердің бейтарап балансын болжаймыз. S&P 500 индексінің 5920–6090 тармақтар (алдыңғы сессия жабылу деңгейінен −1,4% – +1,4%) аралығында қозғалуын күтеміз.
Назарда
— Bloomberg мәліметінше Meta Platforms (META) бас директоры Марк Цукерберг әмбебап жасанды интеллект құру жөніндегі мамандар тобын жинап жатыр.
— Ryanair (RYAAY) 2034 жылға қарай Boeing (BA) 737 ұшақтарының санын 800-ге жеткізу жоспары аясында 30 қозғалтқыш сатып алуға $500 млн инвестиция салатынын хабарлады.
—TSMC (TSM) мамыр айындағы табысы ЖИ чиптеріне деген тұрақты сұраныстың аясында жылдық көрсеткішпен салыстырғанда 40%-ға жуық өсті.
— Morgan Stanley (MS) Илона Масктың xAI стартапы үшін $5 млрд көлемінде борыштық міндеттеме орналастыруды дайындап жатыр, бұл Трамппен арасындағы саяси қайшылықтарға қарамастан іске асырылмақ.
Нарықтағы жағдай
9 маусымда АҚШ қор нарығындағы сауда сессиясы негізінен «жасыл аймақта» аяқталды. S&P 500 индексі символикалық түрде 0,09%-ға өсті, Nasdaq 100 — 0,17%-ға көтерілді, Dow Jones өзгеріссіз қалды, Russell 2000 — 0,57%-ға өсті. «Керемет жетілік» компанияларының көпшілігінің акциялары жоғары қозғалды. Ерекше жағдайлар — Apple (AAPL) мен Meta (META). Кең нарық индексіне кіретін секторлардың көпшілігі сессияны оң аумақта аяқтады. Көшбасшылар қатарында ұзақ мерзімді тұтыну тауарларын өндірушілер болды (XLY: +0,8%), ал коммуналдық қызмет көрсетушілер артта қалды (XLU: −0,64%).
АҚШ-та көтерме тауар қоры сәуірде 0,2%-ға өсіп, $908,7 млрд-қа жетті, бұл алдын ала бағалаудан асып түсті және азық-түлік емес тауарлар сегментіндегі қалпына келуді көрсетті (+0,3%). Киім, азық-түлік және фармацевтика санаттары айқын оң динамика көрсетті.
Нью-Йорк Федералдық резервтік банкінің деректері бойынша тұтынушылардың бір жылдық инфляциялық күтулері үш айлық минимумға дейін — 3,2%-ға төмендеді, бұл инфляциялық қысымның біртіндеп бәсеңдеуін білдіреді. Көптеген тауарлар мен қызметтер бойынша бағаның өсу қарқынының бәсеңдеуі күтілуде, дегенмен азық-түлік бағасына қатысты болжам +5,5%-ға дейін көтерілді.
Компания жаңалықтары
— Tesla (TSLA: +4,6%) акциялары Трамптың Starlink-ті қолдайтыны және Илон Маскқа сәттілік тілейтіні туралы мәлімдемесінен кейін өсті.
— Synchrony Financial (SYF: +2,7%) Walmart компаниясымен бірлесіп жаңа несие картасын іске қосады, ол OnePay қосымшасына біріктірілетін болады.
— IonQ (IONQ: +2,7%) стартап Oxford Ionics компаниясын $1,075 млрд-қа сатып алатынын жариялады (мәміле қолма-қол ақша мен акциялар есебінен жүзеге асады).
— Synopsys (SNPS: +2,0%) котировкалары Трамп пен Си арасындағы телефон әңгімесінен кейін Қытай компаниялары үшін EDA бағдарламалық жасақтамасына ішінара қолжетімділіктің қалпына келуі туралы хабарламалардың фонында өсті.
— Warner Bros. Discovery (WBD: –3,0%) өз бизнесін 2026 жылдың ортасына дейін стримингтік және кабельдік телеарналарға бөлу жоспарын растады.








