Нью-Йорктегі таң: ФРЖ-ның сүйікті инфляция индикаторы назарда

Freedom Capital Markets Research сарапшысы Михаил Денисламовтың АҚШ қор нарығы бойынша күнделікті шолуы мен болжамы.
Бүгіннен не күтеміз
Бүгінгі сессиядағы басты оқиға — АҚШ-тағы жеке табыс пен шығындар статистикасының, сондай-ақ тұтынушылық шығындар дефляторының (PCE) жариялануы. Бұл деректер жақында шыққан іскерлік активтілік индекстерін толықтырып, АҚШ экономикасының «жұмсақ қону» сценарийі орындалып жатқанына тағы бір дәлел болады.
Freedom Broker болжамына сәйкес: тұтынушылық шығындар айына +0,3%, табыс +0,4%, жалпы PCE +0,21%, базалық PCE +0,18% өседі.
Егер бұл болжамдар орындалса — инфляциялық қысымның біртіндеп төмендеп жатқанын көрсетеді.
Бүгінгі саудаға әсер ететін тағы бір фактор — Мичиган университетінің тұтынушылар сенім индексі. Консенсус болжам — 52 пункт (қарашада — 51). Бұл индикатордағы инфляциялық күтулер ФРЖ шешіміне ықпал етуі мүмкін.
Бүгін жарияланатын барлық деректер ФРЖ-ның 10 желтоқсандағы отырысына әсер етеді. CME FedWatch дерегі бойынша, базалық мөлшерлеменi 25 б.п. төмендету ықтималдығы — 90%.
Негізгі сессия ашылар алдында Victoria’s Secret (VSCO) есеп жариялайды.
Фьючерстер әлсіз, бірақ оң динамикада. Бүгінгі сауданың тәуекел балансы — бейтарап, бірақ волатильділік орташа болуы мүмкін. Біз S&P 500 индексін 6820–6900 пункт диапазонында күтеміз.
Нарықтағы басты компаниялар
DocuSign (DOCU) мықты есеп жариялағанымен, премаркетте акциялары −5% төмендеп жатыр. Нарық жаңа жазылым моделінен болатын көрсеткіш құбылуын және клиенттердің бұлтқа ауысу тәуекелдерін бағалап отыр.
Rubrik (RBRK) жазылымнан түсетін табыс (ARR) мен еркін ақша ағымын рекордтық деңгейге жеткізді. Осы жаңалықтардан кейін акциялары +15%-дан жоғары өсті. Инвесторлар компанияның бұлтты және AI бағытындағы даму әлеуетіне сенім білдіруде.
Hewlett Packard Enterprise (HPE) жақсы маржа мен GreenLake-бизнесінің өсіміне қарамастан, AI серверлерін жеткізудегі кешігу және чиптердің қымбаттауы нарықты алаңдатты. Акциялар ≈−8% төмендеді.
Warner Bros Discovery (WBD) Netflix-пен эксклюзивті мәміле туралы ақпараттан кейін премаркетте ≈+4% өсуде.
Ulta Beauty (ULTA) цифрлық сервистерді кеңейтіп, адал клиенттер базасын арттырды. Маржа төмендегенімен, инвесторлар көрсеткіштерді оң қабылдады — акциялар ≈+5% өсті.
SentinelOne (S) маржа төмендеуі туралы ескерту және сақ guidance салдарынан ≈−7% құлдырап тұр.
Нарық кеше қалай жабылды
4 желтоқсанда АҚШ биржалары аралас динамикада жабылды: S&P 500 +0,11%, Nasdaq 100 −0,1%, Dow Jones −0,07%, Russell 2000 +0,76%.
Секторлар бойынша: ең мықтысы — коммуникациялар (XLC: +0,57%), ең әлсізі — денсаулық сақтау (XLV: −0,76%).
«Ғажайып жетілік» акциялары аралас қозғалды: Meta ең мықты өсім көрсетті (+3,43%), Amazon қысымға түсті (−1,41%).
Нарықта әлі тұрақты тренд жоқ. Сауда көлемдері төмендеді, себебі инвесторлар ФРЖ шешімін және AI-саласындағы жаңалықтарды күтуде.
Жұмыссыздық бойынша деректер де аралас шықты: алғашқы өтініштер 191 мың — 2022 қыркүйегінен бергі минимум;
бірақ Challenger дерегі бойынша, жыл басынан бері 1,1 млн адам жұмыстан қысқарған, бұл — 2020 жылдан бергі максимум.
Компания жаңалықтары
Meta Platforms метаверс жобасына бөлінген бюджетті 30% қысқартады.
Costco сатуды +6,4% өсіргенімен, бұл нарық күтімінен төмен болды — акциясы түсті.
Kroger бизнес-моделін қайта қарау аясында қысым көріп жатыр.
Dollar General болжамнан жоғары нәтиже көрсетіп, guidance көтерді — акциясы +14% өсті.








