Нью-Йорктегі таң: нарық шатдаун алдында

Freedom Capital Markets Research, директордың орынбасары Михаил Денисламов ұсынған АҚШ қор нарығына күн сайынғы шолу және болжам.
Бүгін не күтеміз
Негізгі белгісіздік факторы – АҚШ үкіметінің шатдаун қаупі. 29 қыркүйек кешіндегі келіссөздерде тараптар айтарлықтай ілгерілемеді. Сондықтан 30 қыркүйек – қаржыландырудың соңғы күні – мемлекеттік мекемелердің жұмысы уақытша тоқтау қаупін күшейтіп тұр. Бұл тек саяси емес, ақпараттық тәуекел де: егер шатдаун басталса, негізгі макродеректердің жариялануы, оның ішінде жұмадағы еңбек нарығы туралы есеп, кейінге қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда екінші деңгейлі деректер, мысалы ADP есебі, экономиканы бағалауда ерекше рөл атқарады. Polymarket платформасы 1 қазанда шатдаун ықтималдығын 75%-дан жоғары бағалап отыр.
Инвесторлардың назары бүгін екі көрсеткішке ауады: JOLTS есебі (тамыз) — бос жұмыс орындарының саны жылдық минимумға түсуі ықтимал (7100–7200 мың, шілдедегі 7181 мыңнан төмен). Бұл еңбек нарығының әлсіреу белгісі. Conference Board тұтынушылар сенімі индексі (қыркүйек) — консенсус болжамы 96,0 (тамыздағы 97,4-тен төмен). Соңғы төрт айдың орташа деңгейімен салыстырғанда оптимизм біртіндеп азайып жатыр.
Компаниялардан Lamb Weston (LW) және Paychex (PAYX) — сауда ашылғанға дейін, Nike (NKE) — жабылғаннан кейін есеп береді.
Фьючерстердің динамикасы бейтарап. Құбылмалылық орташа деңгейде. S&P 500 индексі 6600–6700 тармақ аралығында ауытқиды деп болжанып отыр (алдыңғы жабылудан -0,9% пен +0,6% шегінде).
Нарық назарында
Progress Software (PRGS): акциялар +5%. EPS $1,50 (күтілген $1,30). Түсім $249,8 млн (+40% ж/ж), болжам $240,1 млн. Жылдық тұрақты табыс 47% өсіп, $849 млн-ға жетті. Компания болжамды $975–981 млн-ға дейін көтерді.
Jefferies (JEF): есеп жақсы шықса да, акциялар -1%. Таза пайда $224 млн (өткен жылы $167 млн). Инвестбанк түсімі 20% өсті, M&A мәмілелері бойынша комиссия рекордтық $656 млн болды. Дегенмен, нарық күтілгендей оң қабылдамады.
Energy Fuels (UUUU): акциялар -6,7%. Компания $550 млн көлемінде 2031 жылы өтелетін конверттелетін облигациялар орналастыратынын жариялады. Инвесторлар капиталдың «сұйылуына» алаңдаулы.
Vail Resorts (MTN): шамамен -2%. EPS -$5,08 (болжамнан нашар). Бірақ жылдық EBITDA 2% өсіп, $844 млн болды. 2026 жылға болжам қалыпты: таза пайда $201–276 млн, инфрақұрылымға инвестициялар жалғасады.
Кеше нарық қалай жабылды
29 қыркүйекте АҚШ қор нарығындағы сауда сессиясы өсіммен аяқталды: S&P 500 индексі 0,26%-ға көтерілді, Nasdaq 100 — 0,44%-ға, Dow Jones — 0,15%-ға өсті, ал Russell 2000 небәрі 0,04%-ға ғана қосты.
«Ғажайып жетілік» компаниялары арасында аралас динамика байқалды, олардың ішінде Nvidia (NVDA: +2,05%) айтарлықтай өсім көрсетті. Салалар бойынша көшбасшы — технологиялық сектор (XLK: +0,53%), ал ең әлсіз нәтиже энергетикалық салада (XLE: -1,84%) тіркелді. Бұған мұнай бағасының күрт төмендеуі әсер етті, себебі ОПЕК+ өндірісті арттыруы мүмкін деген хабар тарады.
Күннің басты оқиғасы — АҚШ үкіметінің жұмысын тоқтату қаупі төңірегіндегі күту болды. Бұған қоса, Қытаймен сауда қатынастары мәселесі де қайтадан өзекті тақырыпқа айналды: президент Трамп жиһазға қатысты «елеулі» тарифтер енгізу туралы қайта мәлімдеді, ал ҚХР Сауда министрлігі АҚШ тарапынан экспорттық бақылаудың күшеюін айыптады.
Нарық қатысушыларының назарын ФРЖ өкілдерінің сөздері де аударды. Нью-Йорк ФРБ президенті Джон Уильямс бірқатар инфляциялық тәуекелдердің төмендегенін атап өтіп, қыркүйектегі мөлшерлеменің төмендеуі орынды болғанын жеткізді. Ал Сент-Луис пен Кливленд ФРБ басшылары инфляциялық қысымның әлі де сақталып отырғанын ескеріп, алдағы уақытта ақша-несие саясатын жұмсартуға асықпауға шақырды.
Күннің макроэкономикалық статистикасы әркелкі болды. Тамыз айындағы кейінге қалдырылған тұрғын үй сату көрсеткіші күткеннен әлдеқайда жоғары шықты: айлық өсім 4,0% болып, болжамдағы 0,4%-дан асып түсті. Бұл көрсеткіш сәуірден бергі ең жылдам қарқын болды және тұрғын үйге деген тұрақты сұранысты көрсетті. Ал қыркүйек айындағы Даллас өндірістік индексі -8,7 деңгейіне түсіп, болжамдағы -1,0 көрсеткішінен нашар нәтиже көрсетті. Дегенмен жаңа тапсырыстар мен жұмыс орындарындағы әлсіздікке қарамастан, бұл дерек жалпы нарықтық көңіл-күйге айтарлықтай қысым жасаған жоқ.
Компаниялар жаңалықтары
— CSX (CSX: +5,4%)
Теміржол операторы CSX-та күтпеген басшылық ауысуы болды: бас директор Джо Хинрикс қызметінен кетіп, оның орнына бұрынғы Linde компаниясының жетекшісі Стив Эйнджел келді. Бұл өзгеріс саладағы консолидацияны талап еткен белсенді инвесторлардың қысымымен байланысты.
— MoonLake Immunotherapeutics (MLTX: -89,9%)
Биотехнологиялық компанияның Sonelokimab препараты бойынша 3-фазалық клиникалық сынақтары сәтсіз аяқталды. VELA-2 зерттеуі іріңді гидраденитті емдеуде күткен нәтижеге жете алмады. Соның салдарынан акциялары бір күнде 90%-ға құлады.
— Instacart (CART: -10,4%) акцияларына қысым жасаған жаңалық — Uber (UBER: +1,1%) мен Aldi арасында азық-түлік жеткізу бойынша жаңа серіктестіктің жариялануы. Бұл нарықтағы бәсекелестікті күшейтіп, инвесторлардың алаңдаушылығын арттырды.
— Williams-Sonoma (WSM: -4,7%)
жиһаз ритейлері Williams-Sonoma бағамдары төмендеді. Бұған президент Дональд Трамптың «АҚШ-та өндірілмейтін барлық жиһазға елеулі тарифтер енгіземіз» деген мәлімдемесі түрткі болды.








