Нью-Йорктегі таң: нарық жаңа драйверлерді күтуде

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары Михаил Денисламов ұсынған АҚШ қор нарығындағы жағдайға арналған күнделікті шолу мен болжам.
Бүгіннен не күтеміз
Алдағы сауда сессиясында инвесторлардың негізгі назары желтоқсан айына арналған Чикаго өндірістік белсенділік индексіне (Chicago PMI) ауады. Нарық консенсусы көрсеткіштің бір ай бұрынғы 36,3 тармақтан 41 тармаққа дейін қалпына келуін болжайды. Дегенмен күтілетін өсімге қарамастан, индикатор әлі де 50 тармақтан төмен, яғни өндірістегі қысқару аймағында қалып отыр. Консенсустан жоғары нәтиже өндірістік циклдің «түбінен» өткенін растай алады, ал әлсіз деректер өнеркәсіп секторындағы ұзаққа созылған тоқырауға қатысты алаңдаушылықты күшейтпек.
Маңызды екінші релиз — Даллас ФРБ-сының қызмет көрсету секторының белсенділік индексі (болжам: −2 тармақ, алдыңғы мәні: −2,3). Көрсеткіштің теріс аймақта сақталуы қызмет көрсету саласына қысымның әлі де бар екенін білдіреді. Бұл статистика қаңтар басында жарияланатын ISM ұлттық деректерінің алдында өңірлік сұраныстың жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.
Өтімділік төмен жағдайда нарық қатысушылары сыртқы саяси күн тәртібіне ерекше назар аударып отыр. Украина төңірегіндегі жағдайдың ушығуы туралы хабарлар мен Қытайдың Тайвань маңындағы әскери жаттығулары инвесторлардың наразында қалуда. Бұл факторлар мұнай бағасын және энергетика секторындағы акцияларды қолдауды жалғастырып отыр.
Жыл бойы өсім көшін бастаған акцияларда пайданы бекіту үрдісі жалғасуы мүмкін, алайда құлдырау ауқымы шектеулі болады деп күтіледі. Жыл соңында кейбір институционалдық инвесторлардың әрекеті икемсіз келеді, себебі олар бекітілген инвестициялық ережелерді сақтауға мәжбүр. Осы жағдайда жекелеген қағаздардың қозғалысы болжап болмайтын сипат алуы ықтимал.
Ең құбылмалы әрі назардағы активтер класы ретінде металдар қала береді. Күміс пен алтын 29 желтоқсандағы құлдыраудан кейін таңғы саудада жоғалтқан позициясының бір бөлігін қайтара бастады.
АҚШ қор индекстеріне арналған фьючерстер шамамен нөлдік динамика көрсетіп отыр. Алдағы саудадағы тәуекелдер теңгерімін біз төмен құбылмалылық жағдайындағы бейтарап деп бағалаймыз. S&P 500 индексінің 6880–6940 тармақ аралығында (алдыңғы сессия жабылу деңгейіне қатысты −0,4%-дан +0,5%-ға дейін) ауытқуын күтеміз.
Назарда
— Meta Platforms (META) автономды ЖИ-агенттерді әзірлеуге маманданған сингапурлық Manus стартапын сатып алу жөнінде келісімге келді. Мәміленің қаржылық шарттары жарияланбағанымен, бұл қадам технологиялық алпауыттың жасанды интеллект саласындағы бәсекелік позициясын күшейтеді деп бағаланып, нарықта қалыпты түрде оң қабылданды.
— Boeing (BA) Пентагонмен Израильге арналған F-15IA жойғыш ұшақтары мен ілеспе жабдықтарды жеткізуге $8,6 млрд көлеміндегі келісімшартқа қол қойды.
— Citigroup (C) директорлар кеңесі Ресейдегі AO Citibank бөлімшесін сату туралы шешімді мақұлдады. Банк валюталық айырмалар мен қайта құрылымдауға байланысты шамамен $1,2 млрд шығынды есептен шығаруы мүмкін екенін ескертті.
— Samsung Electronics пен SK Hynix АҚШ билігінен Қытайға чип өндіруге арналған жабдықтарды жеткізу лицензияларын ұзартуға рұқсат алды. Бұл шешім жад құрылғыларын өндірушілер үшін жеткізу тізбегіндегі белгісіздікті азайтып, жалпы жартылай өткізгіштер секторындағы оптимизмді қолдауы мүмкін.
Алдыңғы сессиядағы нарық
29 желтоқсанда АҚШ биржаларындағы сауда маусымдық түрде төмендеген ликвидтілік аясында аздаған минуспен аяқталды. S&P 500 индексі 0,35%-ға төмендеді, Nasdaq 100 — 0,46%-ға, Dow Jones — 0,51%-ға, ал Russell 2000 — 0,57%-ға әлсіреді.
Негізгі индекстерге қысым «Ғажайып жетіліктің» акцияларында пайданы бекіту есебінен түсті. Әсіресе Tesla (TSLA: −3,27%) мен Nvidia (NVDA: −1,21%) көзге түсті, ал Apple (AAPL: +0,13%) оң аймақта қалды.
Энергетика секторы (XLE: +0,95%) өсім көшбасына шықты. Мұнайдың WTI маркасы Украина бойынша бейбіт келіссөздерде ілгерілеудің болмауы аясында 2,4%-ға қымбаттады. Ал циклдік тұтыну тауарларын өндірушілер (XLY: −0,98%) тағы да аутсайдерлер қатарынан көрінді.
Сессияның басты оқиғасы қымбат металдар нарығындағы күрт құлдырау болды. CME Group спекулятивті раллиді тежеу үшін маржиналдық талаптарды арттыру туралы шешім қабылдады. Нәтижесінде алтын бағасы 4,6%-ға төмендеді. Күміс унциясы бір сәтте $83 деңгейіндегі тарихи рекордты жаңартқаннан кейін сәуір айынан бергі ең ірі құлдырауды көрсетіп, 8,7%-ға арзандады. Платина мен палладий бағасы шамамен 15%-ға құлады.
Қараша айындағы аяқталмаған тұрғын үй сатылымдарының индексі 3,3%-ға өсті (2023 жылдың ақпанынан бергі ең жоғары көрсеткіш), ал нарық +1% ғана күтті. Бұл ипотекалық мөлшерлемелердің төмендеуі аясында сұраныстың қайта жанданып жатқанын білдіреді. Ал Даллас ФРБ-сының желтоқсан айындағы өндірістік белсенділік индексі инвесторлардың көңілін қалдырып, болжамдағы −4 тармақтың орнына −10,9 тармаққа түсті.
Компания жаңалықтары
— DigitalBridge Group (DBRG) акциялары SoftBank тарапынан сатып алу жөніндегі ақпараттың расталуынан кейін 9,6%-ға өсті. Мәміле компанияны $4 млрд-қа немесе бір акция үшін $16 деңгейінде бағалайды, бұл 26 желтоқсандағы бағамен салыстырғанда 15% сыйақыны білдіреді. Бұл қадам SoftBank-тің жасанды суперинтеллект (ASI) құру стратегиясының бір бөлігі ретінде жаңа буын деректер орталықтарын бақылауға алу мақсатын көздейді.
— Intel акцияларының $5 млрд көлеміндегі пакетін бір акцияға $23,28 бағамен сатып алу мәмілесінің ресми түрде жабылуы Nvidia (NVDA: −1,21%) котировкаларын қолдай алмады, себебі технологиялық секторда жалпы коррекция байқалды.
— Ultragenyx Pharmaceutical (RARE) компаниясының setrusumab препараты бойынша клиникалық зерттеудің үшінші фазасының сәтсіз аяқталуы оның капитализациясының 42,3%-ға құлауына әкелді. Осыдан кейін менеджмент шығындарды қысқарту жоспарын жариялады.
— Қытайдың бірқатар провинцияларында семіздікке қарсы танымал Wegovy препараты бағасының екі есе төмендеуі туралы хабарлар Novo Nordisk (NVO: −1,8%) акцияларына қысым көрсетті. Бұл компания үшін стратегиялық маңызды нарықтағы маржиналдылыққа қатысты алаңдаушылықты күшейтті.








