Нарық қымбаттағанда не істеу керек? J.P. Morgan ұсынған үш шешім

Экономика баяулап, инфляция жоғары деңгейде қалып отыр, геосаясат болса болжап болмайтын күйде. Бірақ, соған қарамастан, қор нарықтары шегінбей, жаңа биіктерді бағындыруда. Биыл алғаш рет S&P 500 индексі 6400 деңгейінен жоғары жабылды. Бұл көрсеткіш макродеректер мен ақпарат аясының тұрақсыздығына қарамастан орын алып отыр. Мұндай жағдайда инвесторларда «тартқыншақтау» ойы туындауы мүмкін. Алайда J.P. Morgan сарапшылары нарықтағы өсім «көпіршік» емес деп санайды және әлі де мықты портфель құру мүмкіндіктері барын айтады.
Инвесторлар неге алаңдаулы?
J.P. Morgan сарапшыларының Slower growth, higher inflation? Not a problem атты шолуында айтылғандай, экономикалық өсімнің баяулауы, инфляция қысымы және сыртқы саясаттағы белгісіздік — шынында да тәуекел факторлары. Бірақ дәл осы жағдай бүгінгі күні инвесторлар үшін негізгі сын-тегеуріндер мен бағыттарды анықтап беріп отыр.
Банк стратегтері АҚШ енгізген жаңа кедендік тарифтер бағаның көтерілуіне әсер етіп жатқанын мойындайды. Шілде айындағы тұтынушылық бағалар күткеннен жақсы шыққанымен, базалық инфляция ФРЖ-ның 2% нысанынан әлі де жоғары. Әсіресе өндірістік шығындар айтарлықтай артты — бұл тарифтердің кеңеюімен ұсыныс тарапынан қысым күшейіп отырғанын көрсетеді.
Тағы бір белгісіздік факторы — Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердегі шешімін таппай тұрған түйіндер. Бұл инвесторларды алаңдатпай қоймайды. Дегенмен, J.P. Morgan сарапшылары инвестициялық «тоннельдің соңында жарық бар» дейді.
Тұрақтылық қайда бар?
Сарапшылар үш негізгі факторды бөліп көрсетеді. Олар нарықты ұзақ мерзімде айқындайды және инвесторларға ыңғайсыз ортада да сенімді сезінуге мүмкіндік береді.
— Жасанды интеллект (AI)
ЖИ экожүйесінде жұмыс істейтін компаниялар күткеннен де жоғары нәтиже көрсетуде. АҚШ-тағы коммерциялық және өнеркәсіптік несиелердің жылдық өсімі 4%-дан асты — бұл бизнес ұзақмерзімді инновацияларға, соның ішінде ЖИ-ға қаржы салып отырғанын дәлелдейді. Айталық, екінші тоқсанда «рецессия» сөзі S&P 500 компанияларының тек 16 конференц-қоңырауында айтылды, жыл басында бұл көрсеткіш 124 болған.
Инвесторлардың ЖИ-ға қызығушылығы да арта түсуде. ЖИ-ға байланысты стратегияларға капитал ағыны 2024 жылдың толық көрсеткішінен асып кетті.
— Инфрақұрылым
Энергетика, цифрлық инфрақұрылым және қорғаныс — басты назарда. Бұл салалар инфляциядан қорғанумен қатар, мемлекеттік сұранысқа сүйенеді. Инфрақұрылымды үш фактор алға жетелеуде:
1. ЖИ-дың энергияға сұранысының артуы,
2. энергетикалық желілерді жаңғырту бағдарламалары,
3. қорғаныс бюджеттерінің өсуі.
Мәселен, чип өндірушілер, бағдарламалық қамтамасыз ету бағдарламаларын жасаушылар мен дата-орталық операторлары орташа нарықтан жоғары пайда көрсетіп, болжамдарын қайтадан жоғарылатып жатыр.
Ашық нарықтарда коммуналдық қызмет секторы қолдау көрсетуде. J.P. Morgan-ның болжамынша келесі бес жылда пайда жылына шамамен 8% өседі — бұл тарихи орташа деңгейден екі есе көп. «Инфрақұрылым дәстүрлі 60/40 портфеліне тұрақтылық қоса алады», — деп жазады сарапшылар.
— Құрылымдық ноталар
Сақ инвесторлар құрылымдық ноталарды жиі қолдануда. Бұл құралдар акция өсіміне қатысуға мүмкіндік береді, бірақ шығындарды шектейді. Механизмі қарапайым, инвестор көбіне екі таңбалы купон түрінде табыс алады, ал нарық құлдыраса алдын ала белгіленген «қорғаныс буфері» іске қосылады. J.P. Morgan-ның дерегінше мұндай өнімдерге қаржы ағымы бір жылда дерлік екі есеге артқан.
Нарық тарихи максимумға шыққанда, көп инвестор пайдасын бекітіп, жаңа инвестицияларды шегіндіруді ойлайды. Бірақ J.P. Morgan сарапшыларына сенсек, тіпті биік нүктеде де нарық өсу әлеуетіне ие. Тұрақты нәтиженің кілті — алыпсатарлықта емес, нақты кіріс пен ұзақмерзімді құрылымдық трендтерге негізделген сапалы сегменттерге инвестиция салуда.








