Үндістандағы Dreamliner апатынан Boeing акциялары құлдырады

Dreamliner ұшағының Үндістанда апатқа ұшырауынан кейін аэрокосмостық алып Boeing компаниясының акциялары шамамен 6% құлдырады. Соңғы мәліметтерге сәйкес, апат салдарынан 290-нан астам адам құрбан болды. Бұл — аталған модельдің пайдаланысқа берілген уақыттан бергі алғашқы апаты. Апаттың нақты себебі әлі анықталған жоқ. Сарапшылар инвесторлардың әрекетін эмоционалды деп бағалап отыр. Сонымен қатар, олар белгісіздіктен Boeing котировкалары қысымда үстінде қала беретінін ескертуде.
Нарық қалай қабылдады?
Акциялары 5,9% арзандаған 12 маусым күнгі саудада Boeing үшін соңғы айлардағы ең нашар күндердің бірі болды — бұл 4 сәуірден бергі ең ірі құлдырау, сол күні котировкалар бір күнде 9,5% төмендеген еді, деп жазады MarketWatch.
12 маусым, бейсенбі күні Air India әуекомпаниясына тиесілі Boeing 787-8 Dreamliner ұшағы Үндістандағы Ахмадабад қаласынан Лондонға бағыт алғаннан кейін көп ұзамай апатқа ұшырады. Ұшақ медициналық колледждің жатақханасына құлаған. Соңғы мәліметтерге сәйкес, 290-нан астам адам қаза тапты — олардың қатарында ұшақтағы 242 жолаушы мен экипаж мүшелері, сондай-ақ жердегі адамдар бар, деп хабарлайды Reuters.
Апаттың нақты себебі белгісіз болғандықтан, акцияларды жаппай сату — инвесторлардың инстинктивті әрекеті болуы мүмкін, деп есептейді IG Group компаниясының сарапшысы Крис Бошан. «Бұл оқиғаға деген эмоционалды реакция. Соңғы жылдары Boeing ұшақтарын және компанияның өзін жиі мазалаған мәселелер қайта еске түсіп отыр», — деді ол.
Авиация саласының сарапшысы әрі Boyd Group International президенті Майк Бойд апат себептері туралы асығыс қорытынды жасамауға шақырды. «Бұл — жаңа ұшақ емес. Air India қауіпсіздік жағынан өте сенімді әуекомпания», — деді ол CNBC арнасының Squawk Box бағдарламасына берген сұхбатында. Бойдтың айтуынша, инвесторлар бұл оқиғаны Boeing Max ұшақтарымен болған апаттарға ұқсатып бағаламауы тиіс.
Boeing 737 MAX ұшағы екі апаттан кейін бір жылдан астам уақыт бойы ұшуға тыйым салынған. Екі жағдайда да себеп ұшуды басқару бағдарламасындағы ақаулар болған.
Үндістандағы оқиғаның нақты себебін айтуға әлі ерте, бірақ Dreamliner ұшағы тарихындағы алғашқы апаттың өзі алаңдаушылық туғызады, деп есептейді Saxo банкінің инвестициялық стратегі Нил Уилсон. «Бұл оқиға Boeing-ке деген инвесторлар мен қоғам сенімінің қалпына келуіндегі соңғы жетістіктерге нұқсан келтіруі мүмкін», — деді ол MarketWatch басылымына.
«Қазір бұл апаттың нақты себебі туралы айтуға тым ерте. Бірақ ұшақтың жасы мен пайдалану тарихын ескерсек, мұның өндірістік ақау немесе конструкциялық кемшілікке байланысты болуы екіталай. Әзірге нақты деректер пайда болғанға дейін Boeing акциялары қысымда қала беруі мүмкін», — деп жазды Citi сарапшысы Джейсон Герски клиенттерге арналған жазбасында, оны Bloomberg келтірген. Оның айтуынша, апатқа ұшыраған ұшақ Air India компаниясында 11 жыл бойы пайдаланылып, ұзақ қашықтықтарға тұрақты түрде ұшып жүрген.
Ұшақ туралы не белгілі?
Air India әуекомпаниясының ұшағының апаты — 2011 жылдан бері коммерциялық рейстерге қатысып келе жатқан Dreamliner тарихындағы алғашқы оқиға, деп хабарлайды Aviation Safety Network мәліметтер базасы. Апатқа ұшыраған ұшақ 2013 жылы алғашқы ұшуын орындап, 2014 жылдың басында Air India компаниясына берілген, деп жазады Flightradar24.
Bloomberg дерегінше, бұл ұшақ 787 бағдарламасы іске қосылғаннан кейін көп ұзамай өндірілген. Ол кезде Boeing компаниясы шығынды азайту үшін жобалау мен құрастыру жұмыстарының бір бөлігін мердігерлерге тапсырған, бұл шешім кейін көптеген қиындықтар туғызған. Dreamliner бағдарламасы аясында аталған ұшақ зауыттан шыққан 26-нөмірлі борт болған, яғни кейін қосымша жетілдіруді қажет еткен алғашқы 60 ұшақтың қатарына кірген.
All Things 787 блогының деректеріне сүйенсек, бұл ұшақтың құрастыру жұмыстары 2010 жылғы тамызда басталған, ал Air India компаниясына үш жылдан кейін ғана тапсырылған. Бұл — Dreamliner бағдарламасының алғашқы кезеңіндегі әдеттегі жағдай: мұндай ұшақтарға толыққанды жаңғырту қажет болған, деп атап өтеді Bloomberg.
Dreamliner қазіргі таңда әуекомпаниялар арасында өте танымал болып отыр. Алайда алғашқы жылдары ұшақпен байланысты бірқатар мәселе болған. Нарыққа шыққаннан кейін екі жыл өтпей жатып, Boeing литий негізіндегі аккумуляторларда қызып кету және жану қаупі анықталғаннан кейін барлық Dreamliner ұшақтарының ұшуын уақытша тоқтатуға мәжбүр болды, деп еске салады Bloomberg.
Boeing үшін нені білдіреді?
Boeing Парижде өтетін әуе көрмесінде келесі аптада таныстырмақ болған ұшағының қауіпсіздігіне борттағы жолаушылардың басым бөлігі қаза тапқан апат көлеңке түсірді. Бұл қайғылы оқиға компания бас директоры Келли Ортбергтің өндірісті жеделдету жөніндегі талпынысына да күмән келтіріп отыр, деп жазады Reuters.
Boeing жақында ғана клиенттер мен инвесторлардың сенімін қалпына келтіре бастаған еді: компания бірқатар ірі тапсырыс алған. Бұған қоса, сауда қатынастарының жақсаруы Қытайдың Boeing ұшақтарын сатып алуға салған қысқа мерзімді тыйымының алынуына алып келді, деп еске салады MarketWatch.








