Nintendo нарықтағы құнынан 14 млрд $ жоғалтты. Инвесторлар неліктен алаңдайды?

Инвесторлар Nintendo-ның ойын приставкаларына арналған бөлшектер бағасының күрт өсуі компанияның табысына кері әсер етеді деп қорқады, деп жазады Bloomberg. Осы қауіптерге байланысты 10 желтоқсанда Nintendo акциялары бір сәтте 4,7%-ға дейін төмендеп, 2025 жылғы мамырдан бергі ең төменгі деңгейіне жетті. Желтоқсандағы сегіз сауда күнінің жетеуінде компания акциялары құлдырап отыр. Bloomberg дерегінше, бұл кезеңде Nintendo-ның нарықтық құны шамамен $14 млрд-қа қысқарды.
Егжей-тегжейі
Жапониялық Nintendo компаниясының акциялары 10 желтоқсан Токио қор биржасында 4,7%-ға дейін төмендеді. Бұл 2025 жылғы мамырдан бергі ең төменгі көрсеткіш. Инвесторлар ойын приставкаларына қажет бөлшектер, мысалы, жады чиптерінің бағасы өсіп, компания табысына қысым жасайды деп алаңдап отыр. Осы қауіптің аясында Nintendo акциялары желтоқсан айында сегіз сауда күнінің жетеуінде арзандап, нарықтық құн $14 млрд-қа азайды, деп хабарлайды Bloomberg.
10 желтоқсандағы сауда сессиясының соңында құлдырау 3,6%-ға дейін бәсеңдеді.
Nintendo қазіргі уақытта ойын приставкалары үшін өте маңызды екі жады түрінің күрт қымбаттауымен бетпе-бет келіп отыр:
Жедел жады (RAM) — приставкалардың жылдам әрі тұрақты жұмыс істеуіне көмектеседі. TrendForce аналитикалық компаниясының дерегінше, қазіргі тоқсанда Switch 2 құрылғысына арналған 12 ГБ RAM модульдерінің бағасы 41%-ға өскен.
NAND жады модульдері — бұл құрылғының ішкі сақтау жады, яғни ойындар мен жаңартулар сақталатын негізгі орын. Қазіргі тоқсанда бұл технология шамамен 8%-ға қымбаттаған. Бұл өсім сыртқы жады құрылғыларына да әсер етті. Мысалы, пайдаланушылар жиі сатып алатын microSD карталары.
Bloomberg атап өткендей, осы екі жады түрінің қымбаттауы Nintendo-ға қосымша қысым түсіреді: компания приставканы қымбатқа шығарады — табыс азаяды; ал тұтынушылар құрылғыны толық пайдалану үшін қосымша ақша жұмсауға мәжбүр болады.
«NAND бағасының өсуі microSD Express карталарының құнын қатты көтерді. Мысалы, 256 ГБ жадысы бар карта Amazon сайтында $89,99 тұрады. Шын мәнінде, Nintendo бұл шығындарды пайдаланушыларға аударып отыр», — дейді Pelham Smithers Associates зерттеу компаниясының сарапшысы Пелэм Смитерс.
Оның айтуынша, бұл карталар Switch 2 ішкі сақтау жадының аздығына байланысты өте қажет болып отыр. Сол себепті, үшінші тарап (басқа компаниялар) ойындары — мысалы, Electronic Arts жасаған ойындар — геймерлерге шамамен $20-ға қымбатқа түседі.
Қосымша алаңдаушылық
Bloomberg жазуынша, нарықтағы тағы бір уайым — жаңа консольдің бағасының күтпеген жерден арзандауы. Switch 2 — тарихтағы ең жылдам сатылған консольдердің бірі. Бірақ сарапшылар бұл құрылғының болашақта да сұраныста бола ма деген сұраққа күмәнмен қарайды, әсіресе Nintendo-ның тұрақты жанкүйерлерінен тыс аудитория үшін.
«Қара жұма» кезінде күтпеген жеңілдік болды — Nintendo Switch 2 және Mario Kart World ойыны бар жинақ $50 жеңілдікпен сатылды. Бұл — ойынды тегін беріп отырғанмен тең. «Мереке қарсаңында мұндай ұсыныс жасалмады», — дейді Смитерс.








