Nokia үшін 2013 жылдан бергі ең табысты ай және Nvidia инвестициясы сыйлаған үміт

Nokia акциялары соңғы он екі жылдағы ең жақсы айлық өсімді көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, қаңтар айынан бері ең үлкен апталық өсім болуы ықтимал. Бұл раллиге себеп — Nvidia-ның компания капиталына $1 млрд инвестиция салатыны туралы хабар. Сарапшылардың айтуынша, бұл Nokia-ның қаржылық жағдайы мен технологиялық әлеуетін нығайтып, оны желілік жабдық нарығында қайта маңызды ойыншыға айналдыра алады. Бірақ кейбір сарапшылар мобильді желі нарығының баяу өсуін және жасанды интеллекттің операторлар үшін қысқа мерзімде шектеулі қолданылуын ескертеді.
Егжей-тегжейі
Bloomberg-тің мәліметінше, Nokia акциялары 2024 жылғы қаңтардан бергі ең үлкен апталық өсімді және 2013 жылдан бергі ең жақсы айлық көрсеткішті көрсете алады. Nvidia компаниясы 28 қазанда Nokia-ға $1 млрд инвестиция салатынын хабарлаған соң, компания акциялары 28% көтерілді. Алайда 31 қазандағы саудада акция бағасы 3,6% төмендеді. Апталық өсім шамамен 12%-ды құрады. Нью-Йорктегі Nokia акциялары бес сауда күні ішінде 10% қосқан.
Nokia бұрын ұялы телефондармен танымал болғанымен, соңғы жылдары телекоммуникация операторларына желілік жабдық жеткізу мен 5G технологияларын дамытуға басымдық беріп келеді. Nvidia-мен келісім — компания үшін қиын жылдардан кейінгі маңызды бетбұрыс. 5G енгізу баяу жүріп, АҚШ-тағы AT&T мен Verizon секілді ірі клиенттердің кетуі жағдайды қиындатты.
Келісім аясында Nokia мен Nvidia болашақтағы 6G байланыс технологияларын бірлесіп әзірлеуге келісті. Nokia өз софтын 5G және 6G үшін Nvidia чиптеріне бейімдейді және жасанды интеллектке арналған желілік шешімдер бағытында жұмыс істемек.
Сарапшылар не дейді?
Nokia акциялары 2000 жылғы ең жоғары бағамен салыстырғанда әлі де 10%-ға ғана жеткенімен, сарапшылардың пікірінше, компанияның жасанды интеллект экожүйесіне интеграцияға басымдық беруі нәтиже бере бастады. Биыл ақпанда Nokia $2,3 млрд-қа Infinera компаниясын сатып алып, деректер орталықтары нарығындағы орнын күшейтті. Енді ол 20% үлеспен оптикалық желі нарығында Huawei-ден кейінгі екінші орынға шықты.
Сарапшылардың айтуынша, Nvidia инвестициясы Nokia-ның қаржылық жағдайын жақсартып қана қоймай, мобильді желілер мен жасанды интеллект саласындағы технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтеді. Citigroup сарапшысы Эндрю Гарднер: «$1 млрд инвестиция балансты нығайтып, Nvidia-мен серіктестік компанияның радио және дата-орталықтар сегментінде де позициясын жақсартады», — дейді.
Nvidia-мен тығыз байланыс Nokia-ның оптикалық шешімдерін Microsoft секілді ірі бұлтты провайдерлерге жақындата алады. Ал мобильді желілерге арналған жасанды интеллект шешімдері жабдық жаңарту басталғанда Nokia-ға бәсекелестерінен озып шығуға мүмкіндік береді.
Алайда скептиктер мобильді желі нарығының әлсіздігін алға тартады. Операторлар шығындарды азайтып, инвестиция көлемін қысқартып жатыр. Dell’Oro Group болжамынша, келесі онжылдықта радиожелілік нарық көлемі өзгермейді. Bloomberg Intelligence-тен Мэттью Блокхэм жасанды интеллекттің операторлар үшін қысқа мерзімде тек шығындарды оңтайландыруға ғана қолданылатынын болжайды.
Соған қарамастан, бағалау коэффициенттерінің күрт өсуі инвестор сенімінің қайта оралғанын көрсетеді. Nokia акциялары қазіргі таңда келесі 12 айдағы болжалды табыстың 19 есесіне бағаланып отыр — бұл соңғы он жылдағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі, әрі 2023 жылғы ең төменгі деңгейден екі есе көп.
Jefferies сарапшысы Джанардан Менон: «Nokia бұрын сатылым өсіруде қиындық көрсе, енді тұрақты өсім көрсететін бизнеске айналды», — дейді. Ол компания акцияларын «сатып алу» деңгейіне көтерді. Оның пікірінше, деректер орталықтары нарығындағы өсім Nokia-ға серпін беріп, жалпы табыстылығын арттырады.








