Novavax вакцинасы мақұлданды. Бірақ JPMorgan сенбейді: не себеп?

Фармацевтикалық компания Novavax АҚШ-та коронавирусқа қарсы вакцинасына көптен күткен мақұлдау алды. Осы жаңалықтан кейін 19 мамырдағы сауда барысында компания акциялары Нью-Йорк биржасында 30%-ға бірден қымбаттады. Алайда, JPMorgan бұған дейін дәл осы вакцинаға қатысты реттеушілік қиындықтарға байланысты акциялардың мақсатты бағасын төмендеткен еді және сол болжамын сақтап, қағаздарды сатуға кеңес беруде. Банк 2025 жылы препараттың сатылымы көп болады деп күтпейді.
Егжей-тегжейлі
АҚШ-тың дәрі-дәрмек саласындағы реттеуші органы FDA — Novavax компаниясының COVID-19-ға қарсы Nuvaxovid вакцинасын мақұлдау туралы өтінімін қолдады, деп хабарлады компания. Препаратты 65 жастан асқан адамдар, 12–64 жас аралығындағы созылмалы аурулары бар және асқыну қаупі жоғары пациенттер пайдалана алады.
Бұған дейін вакцина тек шұғыл жағдайда уақытша рұқсатпен қолданылған және жаппай егу бағдарламаларына толық қатыса алмаған еді, деп жазады Reuters. Енді Novavax нарықтағы көшбасшылар — Pfizer мен Moderna компанияларымен бәсекелесуге жақсы мүмкіндік алады, деп санайды Barron’s басылымы.
Реттеуші мақұлдағаннан кейін Novavax 2024 жылы жасалған лицензиялық келісім аясында француздық Sanofi фармкомпаниясынан $175 млн алады. Компания Sanofi-мен бірлесіп, осы күзде АҚШ-та вакцинаны коммерциялық жеткізуді бастауды жоспарлап отыр — ол үшін препарат бағытталатын вирустық штаммды реттеушілермен келісіп алу қажет.
Құнды қағаздардың жай-күйі
19 мамырдағы сауда барысында Novavax компаниясының Нью-Йорк қор биржасындағы депозитарлық қолхаттары (ADR) бірден 30% өсіп, $8,7 болды. Бұл — соңғы 3,5 айдағы максимум көрсеткіш. Дегенмен кейін олар өсімінің бір бөлігін жоғалтып, бұл жарияланым болғанда шамамен 17%-ға жоғары болды.
Дүйсенбі күнгі өсімді ескерсек, компанияның нарықтық құны жыл басынан бері 13%-ға артты. Ал соңғы 12 айда — 7%-ға. Салыстырар болсақ, АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 осы аралықта керісінше, 12% өскен.
Сарапшылар пікірі
FDA мақұлдауына қарамастан, JPMorgan сарапшысы Эрик Джозеф Novavax акцияларына қатысты «Underweight» (нарықтан төмен) ұсынымын және $7 мақсатты бағаны растады. Бұл — 16 мамыр, жұма күнгі жабылу бағасынан небәрі 4% жоғары, әрі қазіргі нарықтық бағадан төмен. Бұған дейін Джозеф вакцинаға қатысты реттеушілік қиындықтар жалғасып жатқанына байланысты компания акцияларының таргетін төмендеткен болатын.
«Қолдануға рұқсат тек қарттар мен қауіп тобына жататын адамдармен шектелгеніне қарамастан, біз мақұлдауды вакцинаның өзі үшін де, Novavax акциялары үшін де маңызды қысқа мерзімді жеңіс ретінде қарастырамыз», — деп жазды Джозеф (Street Insider).
Джозефтің айтуынша, 2025 жылы Novavax көп көлемде вакцина сата алмайды. Компанияның вакцинаны коммерцияландыру бойынша серіктесі — Sanofi — нарықта абайлап әрекет етеді және алғашқы жылды белсенді ілгерілету кезеңінен гөрі, жағдайды бақылау кезеңі ретінде қарастырады. Болжамынша, Nuvaxovid препаратының нақты жетістігін тек 2026 жылдың екінші жартысынан кейін ғана бағалауға болады. Сонымен қатар, ол вакцинаны қолдану аясы — яғни қарттар мен созылмалы ауруы бар адамдарға арналғаны — коммерциялық әлеуетке қауіп төндірмейтінін атап өтті. Бірақ компания портфелінде алдағы жылдары жаңа әзірлемелердің болмауы акциялардың өсуін тежейді.
BTIG сарапшысы Томас Шрадердің пікірінше, FDA шешімі бойынша Nuvaxovid тек егде жастағылар мен созылмалы ауруы бар адамдарға қолданылатыны — вакциналар үшін сирек жағдай болғанымен, тосын жаңалық емес. Бұл шектеу алдын ала талқыланған(Reuters). Leerink Partners сарапшылары да мұндай шектеулер өз болжамдарына сай екенін айтты.
MarketWatch деректеріне сүйенсек, қазіргі уақытта Novavax акцияларының динамикасын жеті сарапшы бақылап отыр. «Сатып алу» ұсынымын берген — 4, бейтарап ұстанымда — 2, «сату» кеңесін ұсынған — 1. Уолл-стриттегі акцияға қатысты орташа мақсатты баға — $15,3. Бұл қазіргі жабылу бағасымен салыстырғанда 127% өсу әлеуетін білдіреді.
Контекст
Nuvaxovid — АҚШ-та қолжетімді COVID-19-ға қарсы жалғыз ақуызды вакцина (дәстүрлі технология бойынша өндірілген). Бұл оны Moderna мен Pfizer шығарған мРНҚ негізіндегі инновациялық вакциналардан ерекшелендіреді. Ал Moderna-ның Spikevax және Pfizer/BioNTech-тің Comirnaty вакциналары 12 жастан асқан барлық адамдарға, денсаулық жағдайына қарамастан, қолдануға рұқсат етілген.
Бастапқыда Nuvaxovid вакцинасын толық мақұлдау 1 сәуірде беріледі деп күтілген еді. Алайда FDA қосымша мәліметтер талап етіп, бұл үдерісті созып жіберді және бұл жағдай инвесторлар арасында алаңдаушылық туғызды. Bloomberg мәліметінше, туындаған жағдайды АҚШ-тың денсаулық сақтау саласындағы жаңа саяси ұстанымдармен және денсаулық сақтау министрі кіші Роберт Ф. Кеннеди айтқан пікірлермен байланыстыра бастады. Ол вакцинаға қарсы көзқарасымен танымал. Мысалы, CBS News телеарнасына берген сұхбатында кіші Кеннеди Novavax вакцинасының тиімділігіне күмән келтіріп, жалпы COVID-19 вакциналарын «бұрын-соңды жасалған ең қатерлі» деп атаған.








