Nvidia Еуропада ірі келісімдер жасасты. Бұл нарық жаңа өсім көзі бола ма?

Жасанды интеллект саласындағы инфрақұрылым бойынша Еуропа дамыған елдерден артта қалып келеді. Ал осы салада алдыңғы қатарда тұрған Nvidia өзіне жаңа нарық іздеуде.
Егжей-тегжейі
Технологиялық алып Nvidia Еуропа елдерімен және компанияларымен жасанды интеллект бағытында әріптестік орнататынын мәлімдеді. Жасанды интеллектке деген қызығушылықтың күрт өсуінен көп пайда көрген бұл чип өндіруші қазіргі кезде бірқатар қауіппен бетпе-бет келіп отыр. Осыған байланысты ол өз позициясын сақтап қалу үшін жаңа нарықтарды зерттеуде.
11 маусым күні Парижде өткен конференцияда Nvidia жасанды интеллект инфрақұрылымын күшейту мақсатында Еуропа үкіметтерімен, бұлтты технология және телеком-компанияларымен бірқатар келісім жасағанын хабарлады. Негізгі жобалардың бірі — француздық Mistral стартапымен бірлесіп құрылған бұлтты платформа. Бұл жүйеде Nvidia-ның 18 мың Grace Blackwell чипі қолданылады.
Ал Ұлыбританияда Nvidia чиптері Nebius Group NV (оның басшысы — «Яндекс» компаниясының негізін қалаушылардың бірі Аркадий Волож) және Nscale Global Holdings платформаларында қолданылмақ.
Бұл әріптестік келісімдер Nvidia бас директоры Дженсен Хуангтың Еуропаға жасаған сапары кезінде жарияланды. Ол Парижге дейін Лондонда да сөз сөйлеген. Хуанг Еуропаның әлемдік деңгейде жасанды интеллект саласынан қалып қоймауы үшін дата-орталықтар инфрақұрылымын кеңейтуі қажет екенін атап өтті. Bloomberg дерегінше, қазіргі уақытта Еуропа АҚШ-пен салыстырғанда инвестиция көлемі мен технологияны енгізу жағынан артта тұр.
Хуанг: «Әрбір өнеркәсіптік революция инфрақұрылымнан басталады. Бүгінде жасанды интеллект — бұрынғы электр энергиясы мен интернет тәрізді негізгі іргетас. Еуропа бұл бағыттың стратегиялық маңызын түсіне бастады. Алдағы екі жылда бұл саладағы есептеу қуаты он есе артады», — деді.
Компания үшін бұл неге маңызды?
CNBC мәліметінше, жасанды интеллектке арналған жабдық өндіруде көш бастап тұрған Nvidia жаңа нарықтарға шығу арқылы өз орнын сақтап қалғысы келеді. Әсіресе АҚШ-тың Қытайға қатысты экспорттық шектеулері салдарынан Nvidia ол жақтағы табысының бір бөлігін жоғалтты.
Nvidia өз өнімдерін ел ішінде қолданып, ұлттық деңгейде ЖИ-инфрақұрылым құруда мемлекеттерге қолдау көрсеткісі келеді. Компания өзін жергілікті экономиканың игілігі үшін ЖИ мүмкіндіктерін пайдалануға көмектесетін серіктес ретінде көрсеткісі келеді.
CNBC атап өткендей, Еуропада Nvidia үшін аса маңызды тұс — «суверенді ЖИ» қағидаты. Бұл қағида бойынша, ЕО азаматтарына қызмет көрсететін дата-орталықтар мен серверлер Еуроодақ аумағында орналасуы тиіс. Хуанг Bloomberg-ке берген сұхбатында: «Мен әр елдің өз суверенді жасанды интеллектіне ие болуына мүмкіндік жасау үшін келдім. ЖИ — бұл мәліметтерден басталады. Сол мәліметтерді өзіңізде сақтаңыз. Сыртқа шығармаңыз. Тек машина сатып алыңыз», — деді.
Бүгінде Nvidia табысының шамамен жартысы — Microsoft, Meta сияқты алпауыт компаниялар пайдаланатын ЖИ-жеделдеткіштерінен түсіп отыр. Бірақ компания енді шағын жүйелерді де бизнес пен мемлекеттік секторға ұсыну арқылы нарықты кеңейтуді көздейді.
Сарапшылар не дейді?
Nvidia-ның ең ірі клиенттері саналатын Microsoft пен Meta өздерінің арнайы чиптері мен ЖИ шешімдерін әзірлеп жатыр. Қазіргі кезде бұл өнімдер Nvidia-мен бәсекелесе алмайды, алайда болашақта арзан әрі қолжетімді болу арқылы тапсырыстар легін қысқартуы мүмкін. Бұл туралы Seaport Global сарапшысы Джей Голдберг ескертті. Ол қазір Nvidia акцияларын сатуға кеңес беріп отырған жалғыз сарапшы. Сондай-ақ, оның айтуынша, AMD мен Broadcom секілді чип өндірушілер де болашақта Nvidia-мен бәсекелесе алады. Ал 2026 жылы жасанды интеллект инфрақұрылымына кететін шығын азая бастауы мүмкін.
Алайда Уолл-стриттегі ең оптимист сарапшы — Tigress Financial компаниясының өкілі Иван Файнсет. Ол Nvidia акцияларының қазіргі бағасынан 50 пайызға қымбаттайтынын болжайды (шамамен 220 долларға дейін). Оның ойынша, Hopper (H100) және Blackwell чиптеріне деген сұраныс ұсыныстан асып түсіп отыр, ал бұл өнімдер ЖИ дата-орталықтарында үстемдік құруда. Егер бұл болжам орындалса, компанияның нарықтық құны 5,4 триллион долларға жетуі мүмкін (2023 жылдың басында 360 млрд $ болған).
10 маусымдағы сауда кезінде Nvidia акцияларының бағасы өзгеріссіз қалды. Бірақ жыл басынан бері олар 7 пайызға қымбаттады. 69 сарапшының 62-сі бұл акцияны сатып алуға кеңес береді (Buy және Overweight рейтингтері). Алтауы бейтарап ұстанымда, біреуі ғана сату қажет деп есептейді. Уолл-стриттің консенсус бағасы — 171,5 $, бұл 10 маусымдағы жабылу бағасынан 20 пайызға жоғары.








