БастыЖаңалықтар
Бөлісу

«Сектор үздігі» Nvidia есебінде тәуекелдер бар ма?

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
«Сектор үздігі» Nvidia есебінде тәуекелдер бар ма?

Инвесторлар да, сарапшылар да Nvidia-ның тоқсандық нәтижелеріне қарап, оның перспективасына оң баға берді. Чип өндірушінің есебі пайда мен табыс бойынша күткеннен асып түсті және Blackwell чиптеріне сұранысқа қатысты күмәнді сейілтті. АҚШ-тың экспорттық шектеулеріне байланысты Қытай нарығынан $8 млрд табыс түспейтініне қарамастан, компанияның табыс бойынша болжамы Уолл-стрит күткеннен жоғары болды. 

Есеп жарияланған соң бірнеше сарапшы Nvidia акцияларының мақсатты бағасын көтеріп, оларды «үздік таңдау» деп сақтады және әрі қарай өсуін күтеді. Алайда тәуекелдерге назар аударатын пессимистер де бар.

Сарапшылар пікірі

— JPMorgan пікірінше, Nvidia чиптер, жабдықтар, бағдарламалық шешімдер және экожүйе тұрғысынан бәсекелестерінен әлдеқайда алда келеді. Жаңа өнімдердің жылдам шығуы бұл артықшылықты одан әрі күшейтіп отыр. Инвестбанк компания акцияларын сатып алу ұсынысын растады (Overweight рейтингі) және мақсатты бағасын $170 деңгейінде қалдырды — бұл 28 мамырдағы жабылу бағасынан шамамен 25% жоғары.

— Oppenheimer сарапшысы Рик Шафер Nvidia-ның қаржылық есебінен кейін компанияның позициясын жоғары бағалады. «Nvidia — үздік сектордағы үздік компания», — деп жазды ол MarketWatch келтірген жазбасында. Оның айтуынша, Nvidia толық циклді аппараттық және бағдарламалық шешімдері мен бірегей архитектурасының арқасында ЖИ саласындағы көшбасшылықты сақтап отыр. Сондай-ақ, Шафердің пікірінше, компанияның жалпы және операциялық маржалары саланың ең жоғары деңгейінде, ал Nvidia — ЖИ нарығындағы өсімге инвестиция салудың ең тиімді жолы.

— Wolfe Research чипмейкердің қағаздарын сатып алуға кеңесін сақтап, мақсатты бағасын $150-ден $170-ке дейін көтерді. «Nvidia ЖИ революциясының басты бенефициарларының бірі болып қала береді», — деді инвестбанк сарапшысы. Оның айтуынша, инвесторлар алаңдаған басты мәселелердің көбі қазір сейілді: Қытай енді есепке алынбайды (дегенмен кірістің бір бөлігі қайтуы мүмкін), ЖИ таралымына шектеулер енгізілмейді, күрделі шығындарға қатысты жоспарлар сенімді көрінеді, ал чип жеткізу мәселесі біртіндеп тұрақталып келеді».

— Morgan Stanley мақсатты бағаны $10-ға өсіріп, $170 деңгейінде және Overweight («нарықтан жоғары») рейтингін растады. Инвестбанк Nvidia акцияларын «жартылай өткізгіштер секторының үздік таңдауы» деп атады. «Nvidia инвесторлардың компания осындай жылдам өсімді «еңсере алмайды» деген күдігін толық сейілтті. Қытай нарығының әсерін есептемегенде, бизнес әлі де жедел өсіп жатыр, ал негізгі өсу драйверлері тұрақты көрінеді. Жағдай одан әрі жақсара түсетінін көрсетіп тұр», — деп атап өтті Morgan Stanley.

— Baird инвестициялық стратегi Росс Мэйфилд Nvidia-ны «ЖИ патшайымы» деп атап, оны 2025 жылдың әлсіз басталғанынан кейін бүкіл технологиялық секторды қалпына келтірудің тірегі бола алады деп санайды. «Компанияның күшті нәтижелері, әсіресе негізгі өнімдерге деген тұрақты сұраныс, инвесторлардың ЖИ тақырыбына деген қызығушылығын қайта оята алады. Бұл компания — қазіргі қор нарығындағы ең маңызды ұзақмерзімді тақырыптың барометрі, ал оның тұрақты тоқсандық есептері ЖИ саласында мүмкін деп саналған шектерді кеңейтуді жалғастыруда», — деп мәлімдеді Мэйфилд MarketWatch-қа берген түсініктемесінде.

— UBS пікірінше, Nvidia-ның өндірісті ұлғайту және Big Tech тарапынан күшті сұраныс туралы мәлімдемелері жеткізу тізбегіндегі артық қорларға қатысты инвесторлардың алаңдаушылығын дерлік сейілтті. «Қытайды есептен шығарсақ, қазіргі жағдай үміт ұялатады. [Алайда] Трамп әкімшілігі Nvidia-ға жаңа чип нұсқасын Қытайға жеткізуге рұқсат беруі мүмкін — бұл компанияға тоқсан сайын $2–3 млрд көлемінде табыс әкелуі ықтимал. Бұл арада ірі дата-орталықтардың күрделі шығындары артып, жасанды интеллект әлемді шапшаң меңгеріп келеді. Жобалардың ауқымы өзі-ақ бәрін айтып тұр: Сауд Арабиясындағы Humain жобасы ($10 млрд), Stargate ($20 млрд) және БАӘ-дегі 5 гигаваттық ЖИ кампусы (шамамен $100 млрд)», — деп жазды UBS сарапшылары. Олар акцияны сатып алу кеңесін және мақсатты бағасын $175 деңгейінде растады.

— Citi мақсатты бағасын $30–дан $180-ға көтерді және «сатып алу» рейтингін сақтап қалды. Инвестбанк сарапшысы Nvidia-ның осы тоқсанға арналған табыс болжамы оның алдын ала бағасынан $1 млрд жоғары болғанын атап өтті. Бұл, оның айтуынша, компанияның Қытайға H20 чиптерін жеткізуге тыйым салуға байланысты өтпелі кезеңді сәтті еңсергенін көрсетеді. Ал Blackwell чиптерінің сатылымы Citi күткеннен бірден $4 млрд-қа артқан. Сарапшының пікірінше, Nvidia акциялары 2024 жылдың ортасынан бері жалғасқан тоқыраудан шығып, жаңа жылдық максимумдарға жетуі мүмкін.

— Jefferies банкі Nvidia акцияларын сатып алуға кеңес берумен мақсатты бағаны $185 деңгейін растады— бұл соңғы жабылу бағасынан шамамен 40% жоғары. Бұған дейін инвесторлар Blackwell архитектурасына тапсырыс берген клиенттердің GB200 чиптерінің жеткілікті көлеміне тапсырыс бермегеніне алаңдаған болатын. Алайда қазір бұл мәселе шешілді: Nvidia осы конфигурацияға сұраныстың артқанын хабарлады, деп атап өтті Jefferies сарапшылары. Олар чиптерді жеткізу қарқыны осы деңгейде сақталмауы мүмкін екенін мойындағанымен, негізгісі — қоймадағы қорлардың тез таусылуы. «Жалпы алғанда, 2025 жылдың екінші жартысы Nvidia үшін келешегі зор болып көрінеді — компания тағы да болжамнан асып түсуі мүмкін. Ал ЖИ саласындағы басқа компанияларға қиынырақ болады», — деп түйіндеді сарапшы.

– Barclays сөзінше, Nvidia Қытай нарығынан түсетін табыс қысымын төрт негізгі фактор арқылы теңестіре алады: ЖИ-модельдерді қолданудың жедел өсуі (әсіресе inference бағытында), «ЖИ-фабрикалардың» іске қосылуы, реттеушілік белгісіздіктің азаюы және цифрлық корпоративтік ассистенттер сегментінің дамуы. Сондай-ақ, сарапшы компанияның есебі кешенді шешімдер сатылымының жақсарғанын көрсеткенін атап өтті — бұл инвесторлардың жаңа буын өнімдеріне көшуге қатысты алаңдаушылығын азайтады. Инвестбанк 2025 жылдың екінші жартысында нарыққа жаңа жүйелер шыққан сайын өсім үдей түседі деп санайды. Barclays мақсатты бағаны $155-тен $170-ке көтеріп, Overweight рейтингін сақтап қалды.

— D.A. Davidson сарапшысы Гил Лурия рейтингін бейтарап деңгейде сақтағанымен, мақсатты бағаны $120-дан $135-ке дейін көтерді. Алайда бұл жаңа меженің өзі алдағы 12 айда компания акцияларының өсуін болжай қоймайды. Оның айтуынша, «нарық Nvidia табысы үшін Қытайдың маңызын жеткілікті бағаламай отыр, және бұл мәселе Трамп әкімшілігі нақты ұстанымын білдірмейінше, акцияларға қысым көрсететін негізгі фактор болып қала береді». Лурия еске салғандай, Nvidia Қытай нарығын шамамен $50 млрд деп бағалайды. Бірақ іс жүзінде бұл әлеуетті жергілікті бәсекелестерге, мысалы, Huawei-ге беріп отыр — себебі қазіргі сұранысқа сай өнімдер ұсына алмай келеді.

— Nvidia-ға қатысты Уолл-стриттегі жалғыз «аю» — Seaport Research сарапшысы Джей Голдберг бұрынғы ұстанымын өзгертпеді: ол бұл акциялардан құтылуға кеңес береді. Оның мақсатты бағасы $100 — бұл соңғы жабылу бағасынан 25% төмен. Голдберг Nvidia-ның тоқсандық нәтижелері мен болжамы жақсы болғанын мойындайды, алайда ЖИ-ға кететін шығындар әлі де жоғары. Ал компания қуаттылығы жыл бойы толық жүктелген. Бұл компанияның айтарлықтай өсуіне мүмкіндік аз қалдырады.

Акциялардың жай-күйі

29 мамырдағы саудада Nvidia котировкалары 6,5%-ға шарықтады. Бұл соңғы төрт айдағы максимум. Раллидің нәтижесінде компания Microsoft-ты басып озып, қайтадан нарықтық құны бойынша бірінші орынға шықты, деп хабарлайды MarketWatch. Алайда бұл көшбасшылық ұзаққа созылмады.

Жыл басынан компанияның нарықтық құны 5,5%-ға плюсте, ал осы аралықта АҚШ-тың негізгі қор индекстерінің бірі — S&P 500 небәрі 0,6% өсті.

Nvidia қағаздарының динамикасын жалпы 71 сарапшы бақылап отыр: олардың 63-і чипмейкер акцияларын сатып алуға, ұстауға — 7, ал сатуды ұсынады— 1 сарапшы. Уолл-стриттегі орташа консенсус-баға $166,5 деңгейінде, бұл 28 мамырдағы жабылу бағасынан тағы төрттен біріне өсу әлеуетін білдіреді.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары