Nvidia рекорд жаңартты, бірақ 8 млрд доллар жоғалтты: нарық қалай қабылдады?

Компания өткен тоқсанның есебін жариялай отырып, егер Ақ үй Қытайға чип жеткізуге шектеу қоймаған болса, қазіргі тоқсанға арналған болжам шамамен 8 миллиард долларға жоғары болар еді деп мәлімдеді.
Жасанды интеллектке арналған чиптер өндірушісі Nvidia компаниясы Уолл-стриттің табыс пен пайда бойынша болжамдарынан асып түсті, бірақ қазіргі тоқсанға берген болжамы сарапшылардың күткенінен төмен болды. Бұл Қытайға процессорларды экспорттауға тыйым салумен байланысты. Есеп бойынша, деректер орталықтарына арналған жабдықтардан түскен табыс өткен тоқсанда 73 пайызға өсіп, жасанды интеллектке деген жоғары сұраныстың жалғасып жатқанын көрсетті. Нарық бұл есепке оң реакция білдірді. Сауда-саттықтың кеңейтілген сессиясында Nvidia акциялары 5 пайыздан астамға өсіп, биржа индекстерінің фьючерстері мен Nvidia-ның жеткізу тізбегіне қатысушы компаниялардың акциялары да жоғарылады.
Егжей-тегжейі
Саяси жағдайлардың шиеленісуіне қарамастан, Nvidia есебі компанияның жасанды интеллектке арналған чиптерге тұрақты сұраныс аясында қарқынды дамып жатқанын көрсетеді. Бұл чиптер, мысалы, OpenAI-дың ChatGPT қызметінде қолданылады. Компанияның деректерді өңдеу орталықтарына арналған жабдықтар өндіретін бөлімінің табысы жылдық есеппен 73 пайызға өсіп, 39,1 миллиард доллар болды. Оның 5 миллиарды – Nvidia чиптерін біріктіретін ЖИ кластерлеріне арналған желілік жабдықтардан түсті. Компанияның айтуынша, осы бөлімнің табысының жартысына жуығын ірі бұлтты сервистер қамтамасыз еткен.
Компания бас директоры Дженсен Хуанг баспасөз хабарламасында: «Nvidia-ның жасанды интеллект инфрақұрылымына деген жаһандық сұраныс әлі де ерекше жоғары», – деді.
Nvidia қаржы директоры Колетт Кресс Microsoft-тың жүздеген мың Blackwell чиптерін қолдануға көшкенін, оның ішінде OpenAI-мен серіктестік арқылы бұл көрсеткіштің одан әрі артуы мүмкін екенін айтты. Blackwell сериясындағы жаңа чиптердің өндірісін қаншалықты тез арттыра алатыны – есеп алдында нарықты мазалаған екі басты сұрақтың бірі еді. Bloomberg басылымы бұл чиптердің өндіріс қарқыны артып келе жатқанын атап өтті.
2026 қаржы жылының бірінші тоқсанында, яғни 27 сәуірде аяқталған кезеңде компанияның жалпы табысы өткен жылмен салыстырғанда 69 пайызға артып, 44,1 миллиард доллар болды. LSEG сауалнамасына қатысқан сарапшылар 43,3 миллиард доллар болады деп күткен еді.
Акцияға шаққандағы түзетілген пайда да Уолл-стриттің ортақ болжамынан жоғары 0,81 доллар болды. Елдің күткені – 0,75 доллар.
Есеп жарияланғаннан кейін Nvidia акциялары кеңейтілген саудада 5,3 пайызға өсіп, 141,9 долларға жетті. Бұл – қаңтардағы тарихи максимумнан 5 пайызға төмен, бірақ соңғы төрт айдағы ең жоғары көрсеткіш.
Қытай факторы
Компанияның есебі бойынша, тоқсандағы жалпы табыс маржасы 61 пайыз болды. Бірақ Қытайға қатысты шығындар болмағанда бұл көрсеткіш 71,3 пайыз болар еді. АҚШ үкіметі есеп беру кезеңінде бұрын экспорттауға рұқсат етілген H20 чипіне енді қосымша лицензия қажет екенін хабарлаған. Осыған байланысты компания 4,5 миллиард доллар көлемінде артық қор жинаған өнімдер бойынша шығын шекті. Егер экспортқа тыйым болмағанда, компания қосымша 2,5 миллиард доллар табыс табар еді. Бұл 4,5 миллиард доллар – компания бұрын ескерткеннен 1 миллиардқа, ал Morgan Stanley болжамынан 0,5 миллиардқа аз.
Компанияның ағымдағы тоқсанға арналған табыс болжамы да жаңа экспорттық шектеулер болмағанда 8 миллиард долларға жоғары болар еді. Қазіргі болжам 45 миллиард доллар, ал сарапшылардың орташа бағасы 45,9 миллиард еді.
Инвестбанк D.A. Davidson сарапшысы Гил Лурияның айтуынша, H20 чипін жеткізуге қойылған шектеулердің әсері күткеннен әлсіз болды. Ол Reuters агенттігіне: «Екінші тоқсанның болжамынан Қытайға жеткізуден түсетін табыстың бір бөлігі алынып тасталды. Бірақ бұл табыстың бір бөлігі бірінші тоқсанға ауыстырылды. Қытайлық сатып алушылар H20 чиптерін алдын ала сатып алып қойған, бұл бірінші тоқсандағы нәтижелерді қолдады», – деді.
Emarketer сарапшысы Джейкоб Борн болса, «Негізгі мәселе – сауда шиеленісі мен кедендік салықтардың деректер орталықтарын кеңейтуге әсері. Бұл келесі тоқсандарда ЖИ чиптеріне деген сұранысты азайтуы мүмкін», – деп санайды.
CFRA сарапшысы Анджело Зино MarketWatch жариялаған пікірінде: «Иә, болжам экспорттық шектеулерге байланысты төмен болды. Бірақ Қытайдан тыс нарықтағы Nvidia бизнесі күткеннен әлдеқайда жақсы нәтиже көрсетті. Бұл АҚШ-тың ірі технологиялық компанияларының инвестиция көлемінің өсуі мен ЖИ агенттеріне арналған чиптерге сұраныстың артуымен байланысты», – дейді.
Есептегі басқа деректер
– Nvidia-ның ойын бөлімшесі, яғни видеокарталарға арналған чиптерді шығаратын бағыты табысын 42 пайызға арттырып, 3,8 миллиард долларға жеткізді. Бұл компания бастапқыда ойын чиптеріне маманданған болатын, кейін өнімдері ЖИ саласының өзегіне айналды. Компания Nintendo Switch 2 жаңа консолінің негізінде жатқан чипті де жасап отыр, ал оның ойынға арналған GPU-лары ЖИ міндеттерінде де қолданылуы мүмкін.
– Автокөлік және робототехника бағытының табысы 72 пайызға өсіп, 567 миллион доллар болды. Бұл автопилотты көліктерге арналған чиптер мен бағдарламалық жасақтама сатылымының артуымен түсіндіріледі.
– Кәсіби дизайнерлерге арналған жабдық – 3D дизайнға арналған чиптер, DGX Spark және DGX Station жұмыс станцияларының сатылымы 19 пайызға өсіп, 509 миллион долларға жетті.
Компания сонымен қатар 14,1 миллиард долларды акцияларын кері сатып алуға, ал 244 миллион долларды дивиденд ретінде төлеуге жұмсағанын хабарлады.
Нарыққа әсері
Есеп шыққаннан кейін S&P 500 индексінің фьючерстері 0,3 пайызға, Nasdaq 100 индексінің фьючерстері 0,5 пайызға өсті.
Main Street Research компаниясының инвестициялар жөніндегі директоры Джеймс Деммерт есепке дейін-ақ: «Nvidia есебі тек компания үшін емес, бүкіл қор нарығы үшін маңызды. Бұл есеп инвесторлардың көңілін Вашингтондағы салық пен баж салығына қатысты жаңалықтардан ЖИ мүмкіндіктеріне аударып, оптимизмді қайта оята алады», – деп болжаған еді.
ЖИ чиптеріне негізделген серверлерді құрастыратын SuperMicro компаниясының акциялары есептен кейінгі саудада 2,2 пайызға, ал Dell және HPE акциялары шамамен 1 пайызға өсті. Бәсекелес чип өндірушілердің де бағасы көтерілді: AMD – 2 пайызға, Marvell – 4 пайызға артқан.
Сейсенбі күні BBVA сарапшылары Nvidia-ның бұл оптимистік есебі АҚШ қор нарығында раллиге себеп болуы мүмкін екенін айтқан. Себебі инвесторлар қолдарында 7 триллион доллардай қаражат ұстап отыр, деп жазды Bloomberg.








