БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Нью-Йорктегі таң: Nvidia есебі құбылмалылықтың катализаторына айналуы мүмкін

Михаил Денисламов

Михаил Денисламов

Freedom Capital Markets Research директорының орынбасары
Нью-Йорктегі таң: Nvidia есебі құбылмалылықтың катализаторына айналуы мүмкін

Freedom Capital Markets Research зерттеу бөлімі директорының орынбасары Михаил Денисламов ұсынған АҚШ қор нарығына арналған күнделікті шолуы және болжамы

Не күтеміз

Сәрсенбі күнгі маңызды оқиғалардың бірі — FOMC-тің соңғы отырысының хаттамасының жариялануы болмақ. Алайда инвесторлар бұдан жаңа сигнал емес, бұрын айтылған ұстанымдарды растауды ғана күтуде. 7 мамырдағы баспасөз конференциясында Джером Пауэлл атап өткендей, ФРЖ қазіргі белгісіздік жағдайында және инфляцияның үдеуі мен жұмыспен қамтудың төмендеу тәуекелдерін ескере отырып, байыппен әрекет етуді жалғастырады.

Сессия жабылғаннан кейін құбылмалылықтың негізгі триггері Nvidia (NVDA) компаниясының тоқсандық есебі болуы мүмкін. Компания «Керемет жетілік» құрамында соңғы болып есеп береді. Соңғы бір жыл бойы оның акциялары нақты өсусіз немесе құлдыраусыз кең ауқымды дәлізде саудаланып келді. Соңғы апталардағы өсімге қарамастан, инвесторлар компания басшылығының болашақ табыс пен кіріске қатысты нақты бағдар беруін күтуде. Егер ондай нұсқаулықтар болмаса, әсіресе жасанды интеллект нарығындағы күшейіп келе жатқан бәсекелестік аясында, раллидің жалғасуы екіталай.

Опциондар көрсетіп отырғандай, NVDA бағамдары есебке байланысты 6% жоғары немесе төмен ауытқуы мүмкін. Еске сала кетсек, алдыңғы есеп жарияланған кезде акциялар 8,5% төмендеген. Жаңа тарихи максимумға жету үшін NVDA акциялары қазіргі бағасынан 13% өсуі қажет. Біздіңше, бұл сценарийдің орындалуы екіталай.

Сауда сессиясы басталғанға дейін

— Abercrombie & Fitch (ANF) және Macy’s (M) өз есептерін жариялайды.

Сауда жабылғаннан кейін

— Nvidia-дан бөлек Salesforce (CRM), Veeva Systems (VEEV), Synopsys (SNPS) және HP (HPQ) есебін ұсынады.

Америкалық индекстердің фьючерстері елеусіз өзгеруде. Сауда күніне қатысты тәуекелдер балансы бейтарап, құбылмалылық деңгейі орташа деп бағаланады. S&P 500 индексі 5870–5970 тармақ аралығында ауытқиды деп күтеміз (бұл сейсенбідегі жабылу деңгейінен −0,9% – +0,8%).

Назарда

  • Okta (OKTA) акциялары премаркетте 13,5%-ға құлдырады, дегенмен компания табысы мен кірісі бойынша консенсусты басып озды. Басшылық жылдық болжамды өзгеріссіз қалдырды, себебі сыртқы факторлардағы белгісіздік пен клиенттердің сақтық көзқарасы байқалады.

  • Box (BOX) бағамдары сәрсенбі күнгі негізгі сессия алдында 12%-дан астам өсті. Компания күтуден жоғары нәтижелер көрсетті және жылдық кіріс болжамын көтерді. Қосымша оң драйвер — ЖИ-ге негізделген шешімдерге сұраныстың артуы және AI Agents атты жаңа құралдардың іске қосылуы туралы хабарлама болды.

  • Vail Resorts (MTN) акциялары 28 мамырда кеңейтілген саудада 11% өсті. Бұл өсім компания басшылығына Роб Каца қайта оралып, жылдық болжамның расталуы аясында орын алды. Инвесторлар басқарудағы өзгерістер мен маусымдық абонементтердің сатылымындағы тұрақтылықты оң бағалады.

Кешегі нарық

27 мамыр күнгі сауда АҚШ биржаларында сенімді өсіммен аяқталды:

  • S&P 500: +2,05%

  • Nasdaq 100: +2,39%

  • Dow Jones: +1,78%

  • Russell 2000: +2,48%

Оң динамикаға келесі факторлар әсер етті:

— ЕО-дан импортқа 50%-дық баж салығын енгізу мерзімінің кейінге шегерілуі,

— Макроэкономикалық көрсеткіштер,

— Облигациялар кірістілігінің түзетілуі.

Tesla (TSLA: +6,94%) акциялары нарықтан озық өсті — Иллон Масктың компания бизнесіне толықтай назар аударатыны туралы мәлімдемесі котировкаларға қолдау көрсетті. Бұл өсім тұтыну тауарлары өндірушілерін (XLY: +2,95%) нарық көшбасшыларына айналдырды. Ал қорғаныс секторы — коммуналдық қызметтер (XLU: +0,75%) артта қалды.

Макростатистика

Conference Board ұйымының мамыр айына арналған тұтынушылық сенім индексі 85,7 тармақтан 98 тармаққа дейін күрт көтерілді (күтілгені — 87,1). Бұл көрсеткіш бес ай бойы төмендеп келген болатын. Өсім сыртқы сауда қайшылықтарының шешілуіне деген үмітпен байланысты. Сонымен бірге, жұмыс табу қиындады деп есептейтін респонденттер үлесі артты.

Сәуір айына арналған ұзақмерзімді тұтыну тауарларына тапсырыс 6,3%-ға төмендеді (күтілгені — 7,8%). Бұл динамика ұшақтарға деген сұраныстың қысқаруымен түсіндіріледі. Негізгі капиталдық тапсырыстар 1,3%-ға кеміді (болжамнан әлдеқайда нашар).

АҚШ-тың қазынашылық облигацияларының кірістілігі төмендеді. Бұған Жапония қаржы министрлігінің ұзақмерзімді облигациялар шығарылымын азайтуы мүмкін деген хабарлар түрткі болды. Бұл жаңалық әлемдік борыштық құралдарға сұраныс тудырып, 10 жылдық treasuries кірістілігі 4,5%-дан, 30 жылдық кірістілік 5%-дан төмендеді.

Компания жаңалықтары

  • Nvidia (NVDA: +3,2%) — маусым айында Қытай нарығына арналған арзанырақ Blackwell чиптерін шығару жоспарлары туралы хабарламалар инвесторлардың оң реакциясын тудырды.

  • PDD Holdings (PDD: −13,6%) — тоқсандық кіріс, операциялық пайда және бір акцияға шаққандағы пайда бойынша консенсусты ақтай алмады. Бұл бағамдардың күрт құлдырауына себеп болды.

  • Trump Media & Technology Group (DJT: −10,4%) — компанияның криптовалюта сатып алу үшін $2,5 млрд тарту жоспары теріс бағаланды.

  • Vox Royalty (VOXR: +8,5%) — компанияның Russell 3000, Russell 2000 және Russell Microcap индекстеріне келесі айда қосылатыны туралы хабар жақсы қабылданды. Басшылық бұл жаңалықтың акциялар өтімділігі мен институционалдық сұранысты арттыруға сеп болатынына үмітті.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары