HSBC AMD акцияларына деген көзқарасын жақсартты: бұл инвесторлар үшін нені білдіреді?

Ұлыбританияның ең ірі инвестициялық банкі HSBC Advanced Micro Devices (AMD) акцияларына берген бағасын жақсартып, оларды сатуға кеңес бермейтін болды. Бұл шешімге бірнеше фактор себеп болды: сауда шиеленісінің бәсеңдеуі, Сауд Арабиясының АҚШ-қа бағытталған ірі инвестициялары және AMD-дің жасанды интеллект саласындағы амбициялары. Bank of America-ның айтуынша жасанды интеллектке арналған процессорлар нарығында Nvidia үстемдік еткенімен, AMD үшін де орын бар.
Егжей-тегжейлі
HSBC Global Research сарапшылары AMD акцияларының рейтингін Reduce (портфельдегі үлесті азайту) деңгейінен Hold (бар акцияларды ұстау) деңгейіне көтерді. Бұл шешімді олар АҚШ пен Сауд Арабиясы арасындағы жаңа келісімнің, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда тыныштығының, сондай-ақ AMD-дің ЖИ-чиптерінен күтілетін серпілістің негізінде қабылдады, деп хабарлайды MarketWatch.
2025 жылдың басында Дональд Трамптың әкімшілігі Сауд Арабиясының АҚШ экономикасына, соның ішінде технология мен қорғаныс салаларына $600 млрд инвестиция салатынын жариялады. HSBC бұл келісімді «ұзақмерзімді нарықтық әлеует тұрғысынан тартымды» деп атады, бірақ оның нақты нәтижелері 2025 жылы қаншалықты әсер ететінін болжау қиын екенін ескертті.
Сонымен қатар, AMD Сауд Арабиясының жасанды интеллектпен айналысатын Humain компаниясымен $10 млрд көлеміндегі әріптестікті жариялады. Олар бес жыл ішінде 500 мегаваттқа дейін ЖИ-ға арналған есептеу қуатын іске қосуды жоспарлап отыр. Алайда HSBC бұл келісім бойынша да сақтық танытып, «кіріс алу мерзімі мен өсім әлеуетін нақты бағалау үшін әлі ерте» деп мәлімдеді.
Банк сарапшылары «Сауда шиеленісінің бәсеңдеуі мен саудиялық ЖИ-жобаның әлеуеті тіпті бұл факторлар табысқа нақты немесе өлшенетін әсер ете қоймаса да AMD акцияларына берілетін бағаның қайта қаралуына алып келді», - деген пікірде.
12 мамырда АҚШ пен Қытай 90 күндік өзара баж салығын тоқтату туралы келісімге келгелі бері AMD акциялары 7%-ға өсті, ал 2025 жылдың соңына болжанған P/E (акция бағасының болжалды табысқа қатынасы) көрсеткіші 29-ға дейін көтерілді. HSBC осы көрсеткіш бойынша мақсатты мәнді 20-дан 26-ға дейін көтерді.
Нарықтағы басқа пікірлер
Өткен аптада Bank of America да AMD-дің ЖИ-жылдамтатқыш нарығында Nvidia үстемдік етсе де, өз орнын таба алатынын мәлімдеді. BofA сарапшысы Вивек Арья AMD-ге 3–4% үлеске «нақты үміт» бар деп есептейді. Оның айтуынша көптеген клиенттерде ішкі командалар үшін қажет болатын елеулі есептеу ресурстары бар, бұл жерде AMD маңызды рөл атқара алады.
TipRanks үшін жазылған мақаласында трейдер Джошуа Эномото AMD акцияларына қатысты оптимистік («бұқа») ұстанымын білдірді. Ол қысқамерзімде AMD акцияларына арналған опциондардан пайда көруге болады деп санайды.
MarketWatch мәліметінше сарапшылардың басым бөлігі AMD акцияларын сатып алуға кеңес береді: 55 рейтингтің ішінде 31 — Buy, 8 — Overweight (нарықтан жоғары). Қалған 16 сарапшы Hold (ұстау) ұсынады. Sell (сату) бойынша ешқандай ұсыныс жоқ.
Контекст
27 мамырда технологиялық инновацияларға инвестиция салуымен танымал Кэти Вудтың ARK қорлары AMD-дегі үлесін айтарлықтай арттырды — олар 97,1 мың акцияны $10,7 млн-нан астам сомаға сатып алды, деп жазады Investing.com. Сонымен қатар, Вуд CRISPR Therapeutics атты гендік инженерия стартапының акцияларын $9,7 млн-ға сатып алған. Сондай-ақ, ол қорғаныс және аэроғарыш салаларына қызығушылық танытып, BWX Technologies, L3Harris Technologies және Iridium Communications компанияларының акцияларын $2,5 млн-ға сатып алған.
Сонымен қатар, ARK қорлары электромобиль өндірушісі Tesla компаниясының 273,4 мың акциясын — $9,3 млн-ға сатқан. Вуд — Tesla-ның белсенді жақтаушысы. 2024 жылы оның қорлары акция бағасы өскен сайын оларды сатумен айналысты, портфельдерді теңгерімдегенімен, Tesla-дағы үлестің жалпы құны айтарлықтай артқан болатын.
ARK жүзеге асырған басқа ірі сатылымдар қатарында — CoreWeave компаниясының 58,5 мың акциясы ($6 млн), 3D Systems компаниясының 1,4 млн акциясы ($2,2 млн). Сонымен қатар, ARK UiPath, Roblox және Adaptive Biotechnologies үлестерін де азайтып, тиісінше $1,7 млн, $7,9 млн және $2,5 млн көлемінде акциялар сатты.








