«Негативтің соңғы легі». Nvidia есебінен кейін трейдерлер акциялардан 11% өсім күтеді

Трейдерлер Nvidia котировкаларының 11% өсуіне арналған колл-опциондармен белсенді сауда жасап жатыр — бұл 27 мамырдағы жабылу бағасына қатысты. Олар 28 мамырда жарияланатын тоқсандық есептен кейін чипмейкер акцияларының өсімін күтеді. Nvidia Қытайға экспортқа тыйым салынған H20 чипінің орнына жаңа чиппен нарыққа қайта оралуды жоспарлап отыр. Сарапшылардың пікірінше, Таяу Шығыстағы жаңа келісімшарттар компанияның Қытайға жеткізуге қойылған шектеулерден келген шығындарын өтей алады.
Егжей-тегжейлі
Соңғы күндері Nvidia-ға қатысты ең белсенді саудаланған опциондар қатарында орындалу бағасы $145 және $150 болатын колл-опциондар болды. Бұл көрсеткіш сейсенбідегі сауда жабылуындағы компания акциялары бағасынан 11% жоғары, деп хабарлайды Cboe Global Markets. Мұның өзі инвесторлар котировкалар осы деңгейден жоғары көтеріледі деп үміттенуде дегенді білдіреді, деп жазады The Wall Street Journal. Колл-опцион иесіне акцияларды алдын ала белгіленген бағамен сатып алу құқығын береді.
BBVA стратегтерінің пікірінше, 28 мамыр, сәрсенбі күні жариялануы тиіс Nvidia-ның бірінші тоқсанға арналған оптимистік есебі АҚШ акциялары нарығында раллиге себеп болуы мүмкін. Себебі инвесторлар шамамен $7 трлн көлемінде қолма-қол қаражатты резервте ұстап отыр, ал нарықтың назары чипмейкердің нәтижелеріне ауған, деп жазады Bloomberg.
Қаржылық есеп жарияланғаннан кейін Nvidia акциялары әдетте жоғары құбылмалылық танытады, және трейдерлер бұл жолы да қозғалыстар болады деп үміттенуде. Option Research & Technology Services деректеріне сәйкес, нарық есептен кейінгі сауда күні акция бағасы 6,7%-ға — жоғары немесе төмен — ауытқиды деп болжауда, деп хабарлайды The Wall Street Journal.
Уолл-стрит сарапшыларының болжамынша, Nvidia бір акцияға $0,73 көлемінде пайда туралы хабарлап, табысы өткен жылмен салыстырғанда 66% артып, $43,3 млрд-қа жетуі мүмкін — бұл FactSet сауалнамасына сәйкес.
Сейсенбі күнгі саудада технологиялық алыптың акциялары 3,2% ($135,5) өсті. Бұл сәуір айындағы минимумнан 56% жоғары.
Акцияларға не әсер етеді?
Nvidia басқа да жартылай өткізгіш өндірушілері секілді Дональд Трамп бастаған сауда соғысы салдарынан қысымға ұшырады, деп еске салады WSJ. Өткен айда компания Қытайға чип жеткізуге қатысты жаңа шектеулерге байланысты бірінші тоқсанда $5,5 млрд көлемінде шығын шегетінін ескерткен. Nvidia H200 флагман чипінің қысқартылған нұсқасы — H20 моделін сатуға тырысқан, алайда бұл чиптің экспортын да тыйымға ілінген.
Reuters агенттігіне сілтеме жасаған дереккөздерге сәйкес, компания берілуді жоспарлап отырған жоқ және Қытай нарығына арнап жаңа ЖИ-чип әзірлеуге кіріскен. Жаңа чиптің бағасы H20-дан төмен болмақ. Агенттік сұхбат берген сарапшылардың айтуынша, жаппай өндіріс маусымда басталуы мүмкін. Болжам бойынша, чиптің бағасы $6,5–$8 мың аралығында болады. Ал H20 моделі $10–12 мың аралығында сатылған. Бағаның төмен болуы — техникалық сипаттамаларының әлсіздігі мен өндірістегі талаптардың жеңілдігімен түсіндіріледі.
Nvidia өкілі Reuters-ке берген мәлімдемесінде компанияның «өз шектеулі мүмкіндіктерін әлі де бағалап жатқанын» айтты. Айтуынша, «өнімнің жаңа дизайны бекітіліп, АҚШ үкіметінің рұқсатын алғанға дейін, Nvidia үшін көлемі $50 млрд болатын Қытайдың дата-орталық нарығына жол жабық күйінде қала береді».
Қытай Nvidia үшін маңызды нарық күйінде қалып отыр: өткен қаржы жылында компания табысының 13%-ы осы елден түскен. Бұл — АҚШ экспорттық шектеулер енгізгелі бері компанияның қытайлық нарыққа бейімделуге мәжбүр болған үшінші жағдай.
Сарапшылар не күтеді?
Инвесторлар есептен екі негізгі сұраққа жауап күтеді: Nvidia компаниясы H20 чипін Қытайға сатуға қойылған шектеулерден қаншалықты зардап шегеді және жаңа Blackwell буынының өндірісі мен сатылымы қаншалықты жылдам өсіп жатыр, деп жазады Barron’s.
— «Біздің ойымызша, сәуір айында Nvidia табысы бойынша күтілімді орындай алмауы мүмкін — бұл негізінен макроэкономикалық белгісіздік пен H20 чипіне экспорттық тыйым салуға байланысты. Қытайға арналған жаңа модификацияланған чип, болжам бойынша, тек шілде айының соңында нарыққа шығады, бұл осы тоқсанға арналған болжамға әсер етуі мүмкін, — дейді Piper Sandler сарапшысы Харш Кумар. Barron’s келтірген мәліметке сәйкес, соған қарамастан, ол инвесторларға акцияны ұстай тұруды ұсынды. «Біз бұл — биылғы жылы Nvidia акцияларына қатысты соңғы жағымсыз толқын болуы мүмкін деп санаймыз», — деп келтіреді CNBC Кумардың сөзін.
— «Біз кез келген, тіпті шамалы тоқсандық өсімнің нарық тарапынан оң қабылданатынына сенімдіміз. Бұдан бөлек, жеткізу тізбегіндегі мәселелер біртіндеп шешіліп жатыр — тіпті, ұзақ уақыттан бері алғаш рет біздің талдауымыз GB200 (Blackwell архитектурасына негізделген жүйелер) бойынша болжамдардың тым төмен қойылғанын көрсетті. Бұл өндіріс ауқымын ұлғайту процесі шындап қарқын алып келеді дегенді білдіреді», — делінген Jefferies сарапшысы Уильям Бивингтонның жазбасында.
— Morgan Stanley сейсенбі күні Nvidia акцияларын жартылай өткізгіш өндірушілері арасындағы «негізгі инвестициялық идея» деп атады. Инвестбанк акцияларға Overweight («нарықтан жоғары») рейтингін сақтап, мақсатты бағаны $160 деңгейінде бекітті. Бұл — қазіргі котировкалардан 18% өсу әлеуетін білдіреді.
Инвестбанк сарапшылары Қытайға чип жеткізуге қойылған шектеулерге байланысты қысқа мерзімді тәуекелдерге қарамастан, оптимизмді сақтап отыр. Олардың пікірінше, Қытай факторы нарыққа «жақсы таныс» және ол қазіргі котировкаларға толықтай енген. «Біз акцияны бір тоқсандық есеп үшін сатып алмаймыз. Біз болашақта не болатынын ескеріп инвестиция жасаймыз», — делінген Morgan Stanley жазбасында, оны Investopedia келтіреді.
— Wedbush Securities сейсенбі күні Nvidia акцияларына Outperform — «нарықтан жоғары» рейтингін қайта растады және мақсатты бағаны $175 деңгейінде қалдырды. Бұл қазіргі бағадан 29% жоғары. Инвестбанктің пікірінше, Қытайға экспортқа қатысты шектеулердің жағымсыз әсері Таяу Шығыстағы жасанды интеллектке сұраныстың артуымен біршама жұмсартылып отыр. Мамырда Nvidia Сауд Арабиясындағы бір стартапқа чип жеткізу бойынша келісім жасасты, сондай-ақ компания АҚШ-та жасалған ЖИ-чиптерді Біріккен Араб Әмірліктеріне жеткізу жобасына қатысып жатыр. Wedbush сарапшыларының бағалауынша, Сауд Арабиясы мен БАӘ-нің ЖИ-ге салатын инвестициялары Қытайға жеткізуге қатысты белгісіздіктің орнын толтырып қана қоймай, алдағы жылдары жаһандық ЖИ нарығын $1 трлн-ға дейін ұлғайта алады.
— MarketWatch деректеріне сүйенсек, Nvidia акцияларын 71 сарапшының 63-і сатып алуға кеңес береді. Жетеуі оларды портфельде ұстай тұруды ұсынады, ал тек бір ғана сарапшы сату қажет деп есептейді. Уолл-стриттің консенсус-болжамы бойынша, компания акцияларының мақсатты бағасы — $163,25, бұл 27 мамырдағы жабылу бағасынан 20,5% жоғары.








