Nvidia мен Intel мәмілесі техсекторды қолдады: үш АҚШ индексі рекорд жаңартты

ФРЖ биыл алғаш рет пайыздық мөлшерлемені төмендеткеннен кейінгі келесі күні 18 қыркүйектегі саудада АҚШ-тың үш негізгі қор индексі рекорд жаңартты. Инвесторлардың оптимизмін бейсенбіде Nvidia мен Intel арасындағы келісім күшейтті: оның шарттарына сәйкес, Nvidia Intel-ге $5 млрд инвестиция салады.
Егжей-тегжейлі
– S&P 500 бір сәтте 0,9% өсіп, 6656,8 пунктке жетті.
– Nasdaq Composite 1,3% қосып, 22 540,93 пунктке көтерілді.
– «Көгілдір фишка» индексі Dow Jones 0,7% өсіп, 46 018,32 пунктке жетті.
– Шағын капитализациялы компаниялар индексі Russell 2000 бәрінен жылдам өсіп, 2%-дан астамға көтерілді. Индекс сәрсенбіде 2021 жылғы қарашадан бері алғаш рет рекордтық деңгейден жоғары жабылғаннан кейін өсімін жалғастырды.
– VIX құбылмалы индексі (Уолл-стриттегі «қорқыныш индексі») керісінше, шамамен 9% төмендеді. АҚШ-тың 10 жылдық мемлекеттік облигацияларының кірістілігі 4,1%-ға дейін көтерілді, ал доллар индексі DXY 0,53% нығайып, 97,38 пунктке жетті. Алтын керісінше 1,2% арзандап, унциясы $3673 болды.
– 18 қыркүйектегі саудада Intel акциясы шамамен 30% өсті, ал Nvidia қағазы 3,7% көтерілді.
– Осы фон аясында ірі әлемдік жартылай өткізгіш өндірушілерінің динамикасын қадағалайтын iShares Semiconductor ETF (SOXX) 4% өсіп, рекорд жаңартты және маусымның соңынан бергі ең ірі күндік өсімді көрсетті, деп жазады MarketWatch Dow Jones Market Data дерегіне сілтеме жасап.
– Әдетте мөлшерлеме төмендеген кезде жақсы нәтиже көрсететін бірқатар ірі технологиялық компанияның акциясы да қымбаттады: Palantir 5%, Micron 6% көтерілді.
Раллиге не түрткі болды?
АҚШ Федрезерві 16–17 қыркүйектегі отырыс қорытындысы бойынша, пайыздық мөлшерлемені ширек пунктке төмендетіп, 4–4,25% деңгейіне жеткізді. Бұл — 2025 жылғы АҚШ-тағы ақша-несие саясатын алғашқы жұмсарту қадамы болды. Инвесторлардың алғашқы реакциясы анық болмады: 17 қыркүйектегі сауда қорытындысында S&P 500 мен Nasdaq төмендеді. Себебі нарықты ФРЖ төрағасы Джером Пауэллдің «мөлшерлемені төмендетуді тәуекелді басқару құралы ретінде қарастыру керек» деген сөзі алаңдатты, ал инвесторлар толыққанды төмендету цикліне үміттенген еді.
18 қыркүйекте жасанды интеллектке арналған процессорлардың жетекші өндірушісі Nvidia америкалық чипмейкер Intel-ге $5 млрд инвестиция салатынын және шамамен 4% үлес алып, оның ең ірі акционерлерінің біріне айналатынын хабарлады. Екі компания дербес компьютерлер мен дата-орталықтарға арналған чиптерді бірлесіп әзірлеуге келісті. Nvidia қолдауы Intel-ге ұзақ жылдар бойы сәтсіз болып келген трансформациядан кейін жаңа перспективалар ашып отыр, дейді Reuters.








