БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Nvidia-ның мықты есебі Азиядағы технологиялық компаниялардың құнын өсірді

Альберт Фахрутдинов

Альберт Фахрутдинов

Nvidia-ның мықты есебі Азиядағы технологиялық компаниялардың құнын өсірді

Nvidia чип өндірушісінің күшті қаржылық есебі жасанды интеллект нарығындағы «көпіршік» туралы инвесторлардың алаңдаушылығын уақытша сейілткеннен кейін, Азиядағы технологиялық компаниялардың акциялары жылдам өсті. Бірнеше тоқсан бойы сатылымдардың баяулауынан кейін ЖИ нарығындағы көшбасшы табысының қайта жеделдеуі және позитивті болжам техсектор раллиіне жаңа серпін беріп, азиялық нарықтарға күшті импульс жасады, деп жазады Reuters.

Егжей-тегжейлі

Әлемдегі ең ірі келісімшарттық чип өндірушісі және Nvidia-ның негізгі жеткізушісі болып табылатын тайвандық TSMC акциялары бір сәтте 4,7% өсті. Nvidia үшін жоғары жылдамдықты жад микросхемаларының негізгі жеткізушісі оңтүстіккореялық SK Hynix қағаздары 6,2% қымбаттады, ал оның бәсекелесі Samsung Electronics 6,6% қосты. Бұл технологиялық компаниялардың үлесі жоғары Тайвань және Оңтүстік Корея қор индекстерінің 3%-дан астам өсуіне әкелді.

Жапонияда негізгі Nikkei 225 индексі Токиодағы сауда басталғанда 4,2% өсті. Кеңірек қамтитын TOPIX индексі 2,7% көтерілді. Чиптердің жұмысқа қабілеттілігін тестілеуге арналған жабдық өндірушісі Advantest акциялары 12%-ға шарықтады. ЖИ секторына жетекші инвесторлардың бірі SoftBank Group және микросхема өндіруге арналған жабдық шығарушы Tokyo Electron қағаздары күн ішіндегі ең жоғары деңгейде тиісінше 9,1% және 7,1% өсті. Жапондық экспорттаушы компаниялардың акциялары да иеннің долларға шаққандағы 157 деңгейіне дейін әлсіреуінен қолдау тапты. АҚШ ФРЖ-сының қазан айындағы отырысының хаттамасы Нью-Йоркте жарияланғаннан кейін иена бағамы төмендеді — құжаттағы мәліметтерге сүйенсек, долларлық пайыздық мөлшерлеме биыл бұдан әрі төмендемеуі мүмкін, деп жазады Nikkei Asia.

Сарапшылар не дейді

Nvidia «ЖИ саласындағы үстемдігін тағы бір рет шебер көрсетті», — деді IG аналитигі Тони Сикамор. «Біз Nvidia нәтижелері бүкіл сектор бойынша, соның ішінде TSMC, SK Hynix және Samsung үшін, сондай-ақ Азиядағы компоненттер жеткізу мен жинау тізбегіндегі кеңірек компаниялар үшін пайда болжамдарының артуына әкеледі деп күтеміз», — деді CNBC-ге New Street Research акциялар нарығы аналитигі Рольф Балк.

«Осы айда нарық психологиясы жасанды интеллект саласындағы инфрақұрылымдық бум — бұл көпіршікке айналады деген алаңдаумен болды. Мүмкін, бірнеше жылдан кейін осы уақытқа қарап, бұл белгілердің рас болғанын айтармыз. Бірақ қазіргі сәтте әлемнің ең ірі технологиялық компаниялары аса жоғары табысты, олар дата-орталықтарға, серверлерге және чиптерге миллиардтаған доллар қайта инвестициялап отыр, және бұл шығындар — нақты», — деп түйіндеді Northlight Asset Management инвестициялар жөніндегі директоры Крис Заккарелли.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары