«Олардың тойымсыз тәбеті бар»: Трамптың Қытайға жеткізу туралы пікірінен кейін мұнай бағасы қымбаттады
2025 жылы Вашингтонның жазалау сипатындағы тарифтер енгізуінен кейін Қытай АҚШ мұнайын сатып алуды толықтай тоқтатты.

АҚШ Президенті Дональд Трамп 15 мамырда Қытайға жасаған екі күндік сапарын аяқтайды / Фото: x.com/WhiteHouse
АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдың америкалық мұнайды сатып алуды қайта бастауға келіскені туралы мәлімдеме жасағаннан кейін мұнай бағасы өсті. Бейжіңнен мәмілеге ресми растау болмаса да, инвесторлар екі ел арасындағы сауда қатынастарының жақсаратынына үміттенеді.
Мәліметтер
Жаһандық мұнай бағасының эталоны саналатын Brent маркасының фьючерстері 15 мамырда 1,4%-ға өсіп, бір баррельге 107 доллардан сәл асты. АҚШ-тың WTI маркасы бойынша келісімшарттар 1,5%-ға өсіп, 102 доллардан сәл жоғары деңгейге жетті.
Қытай президенті Си Цзиньпинмен кездесуінен кейін Fox News-ке берген сұхбатында Трамп былай деді: «Олар [Қытай] келісімге келді; олар АҚШ-тан мұнай сатып алғысы келеді; олар Техасқа барады; біз қытай кемелерін Техасқа, Луизианаға және Аляскаға жібере бастаймыз.»
АҚШ Президенті Қытайдың да АҚШ-тан сұйытылған табиғи газ сатып ала бастауы мүмкін екенін айтты. «Мәселе мынада: оларға шынымен энергия қажет. Энергияға деген шексіз құштарлықтары бар, ал бізде шексіз энергия бар», – деп The Huffington Post Трамптың сөзін келтіреді.
Неліктен бұл маңызды?
2025 жылдың мамырынан бастап Қытай сауда соғысы кезінде енгізілген 20 пайыздық баж салығына байланысты АҚШ мұнайын сатып алуды толықтай тоқтатты. Reuters мәліметі бойынша, осы сауда кедергілерін жою кез келген ірі көлемдегі жеткізілімді қайта жандандырудың басты шарты болады.
Агенттік атап өткендей, АҚШ тарихи тұрғыдан әлемдегі ең ірі импорттаушыға шикі мұнайдың негізгі жеткізушісі болмаған. Тіпті 2020 жылғы ең жоғары көрсеткішінде АҚШ-тың Қытайға экспорты күніне небәрі 395 000 баррельді құраған — бұл Қытайдың жалпы импортының 4%-ынан сәл кем. 2024 жылға қарай, Трамп Ақ Үйге қайта оралмастан бұрын-ақ, бұл жеткізілімдер 193 000 баррельге (6 миллиард доллар) дейін төмендеді.
Бағаларға тағы не әсер етеді?
Мұнай бағасы Парсы шығанағынан ашық теңізге апаратын, қазіргі уақытта жабық қалған Ормуз бұғазы айналасындағы шиеленістің артуынан өсіп жатыр; соғысқа дейін осы бұғаз арқылы теңіз жолымен тасымалданатын мұнайдың бестен бір бөлігі өтетін. Иранның Исламдық революцияның гвардиясы 13 мамыр кешінен бері 30 кеме өткенін хабарлағанымен, Reuters жазуынша, бұл көрсеткіш соғысқа дейінгі тәулігіне 140 кемелік нормадан әлі де айтарлықтай төмен.
Шектеулі ұсыныс жоғары энергия бағасының негізгі қозғаушы күші болып қала береді, – деді Haitong Futures сарапшысы Ян Ан. – Кеше мұнай бағасы бірнеше рет ауытқып, бірақ күннің ең жоғары деңгейіне жақын жабылды. «Тар өткел арқылы бірнеше кеменің өтуі нарықтағы алаңдаушылықты сәл бәсеңдетсе де, жеткізу тапшылығынан туындаған мықты трендті кері қайтаруға жеткіліксіз болды», – деді сарапшы.








