БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Oracle акцияларына қатысты шешуші сәт: өсімді күту ме, әлде пайдасын бекіту ме?

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Oracle акцияларына қатысты шешуші сәт: өсімді күту ме, әлде пайдасын бекіту ме?

Бұлтты технологиялармен айналысатын Oracle компаниясының нарықтық құны бір аптада 116 миллиард долларға артты. Бүгінде сәуір айындағы ең төменгі бағасынан бері акциялары 75 пайыздан аса өскен. Мұндай серпіліс компанияның соңғы қаржылық есебінен кейін болып отыр. Ол есепте Oracle жасанды интеллекттен пайда таба алатын негізгі бенефициарлардың бірі бола алатынын көрсетті. Bloomberg агенттігінің жазуынша, соның нәтижесінде Oracle акциялары соңғы 25 жылдағы ең «қымбат» күйіне жетіп, инвесторларды ойлануға мәжбүр етуде. Алайда бұл баға тым асыра бағалау емес пе?

Егжей-тегжейі

Oracle акциялары сәуірдегі ең төменгі көрсеткіштен бері 75 пайызға қымбаттап, маусымның 13-14 күндері 2001 жылдан бергі ең күшті екікүндік өсімді көрсетті. Investopedia дерегінше, бұл екі күнде де компания S&P 500 индексіндегі ең үздік көрсеткіш иесі атанды. Бұл өсім компанияның AI бағытындағы табысының артқаны туралы есебінен кейін басталды. Инвесторлар Oracle-дың консервативті бағдарлама жасаушыдан сәнге айналған бұлтты технологиялар саласының ірі ойыншысына айналуына үміт артып, жаппай акцияларын сатып ала бастады. Нәтижесінде өткен аптада компанияның нарықтық құны 116 миллиард долларға артты.

Акциялардың мұндай күрт өсуі бағалау коэффициенттерінің де артуына алып келді. Oracle-дың бағасы мен болжалды табысы арасындағы қатынасты көрсететін P/E коэффициенті 31-ге жетті. Бұл 2002 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Бұл көрсеткіш соңғы онжылдықтағы орташа мәннен екі есе жоғары. Осы жағдай инвесторларды екіұшты күйге түсірді: бір жағынан акциялар тым тез және шамадан тыс қымбаттап бара жатқандай көрінеді, екінші жағынан жасанды интеллектке деген үміт артқан сайын бұл өсімге қосылуға деген құлшыныс артып отыр.

Сарапшылар сөзі

Synovus Trust компаниясының аға портфель менеджері Дэн Морган өткен аптадағы күрт өсімнен кейін нарық Oracle-дың әсіресе жасанды интеллект бағытындағы жоспарларын қаншалықты сәтті жүзеге асырып жатқанына көбірек көңіл аудара бастағанын айтады. Оның айтуынша, бұл Oracle-дың бүгінгі мүмкіндіктері Microsoft-тың өткен онжылдықта бұлтты технологияларды дамытудағы жетістіктерін немесе Nvidia-ның 2023 жылы дата-орталықтар нарығындағы өсуін еске салады. «Болжамдар тым оптимистік болуы мүмкін, бірақ Oracle әлі өсіп келе жатқан жасөспірім сияқты — әлі толық жетілмеген. Мүмкін осы тоқсан бізге компанияның шынайы әлеуетін көрсететін сәт болар», — деді ол Bloomberg-ке берген пікірінде.

HSBC технологиялар зерттеу бөлімінің жетекшісі Стивен Берси де Oracle-дың AI саласындағы мүмкіндіктері мықты екенін және оған деген сұраныс жақын жылдары жоғары болатынын атап өтті. «Жасанды интеллект — бұл Oracle үшін соңғы онжылдықтағы алғашқы нақты өсім драйвері. Бұған дейін нарық компанияны жаңа даму жолдарын таба алмай отыр деп есептейтін», — деді Берси. Ол енді инвесторлар Oracle-ға деген көзқарасын өзгертуі тиіс деп санайды. Бұрынғыдай 3–5 пайыздық баяу өсім емес, енді компания екі таңбалы қарқынмен табысын арттыра алады. «Иә, бағалау коэффициенттері жоғары, бірақ ол өсіммен ақталады. Болашағына қарап отырып, біз Oracle акцияларын әлі де тартымды деп есептейміз», — деп түйіндеді ол.

Bloomberg сұхбаттасқан сарапшылардың ортақ болжамына сенсек, 2025 қаржы жылында Oracle табысы 8,4 пайызға өседі, ал 2026 жылы бұл көрсеткіш 16 пайызға жетіп, 2027 жылы одан да жоғарылайды. Сонымен қатар компанияның таза пайдасы 2026 жылы 15 пайызға артады деп болжанып отыр. Бұлтты есептеулер нарығында Oracle Amazon, Microsoft және Alphabet сынды көшбасшылардан артта қалса да, соңғы нәтижелер оның AI бағытына ден қойып жатқанының айғағы. Жыл басында компания OpenAI-мен есептеу қуатын ұсыну жөнінде келісімге келген болатын.

Сейсенбі күнгі саудада Oracle акциялары 1,4 пайызға арзандады, ал дүйсенбіде Nasdaq 100 индексі 1,4 пайызға өскен кезде акциялар шамамен 2 пайызға төмендеді. Соған қарамастан, 2025 жылдың басынан бері компанияның нарықтық құны 25 пайыздан астамға артты.

MarketWatch мәліметінше, Oracle акцияларының қозғалысын бақылайтын сарапшылардың ешқайсысы оларды сатуды ұсынбайды. Қазіргі уақытта компанияға қатысты 28 «сатып алу» (Buy және Overweight) ұсынысы берілген, қалған 14 сарапшы «ұстау» (Hold) деген бейтарап ұстанымда. Ал акцияның орташа нысаналы бағасы 211,4 долларды құрап отыр. Бұл 16 маусымдағы жабылу бағасына жуық.

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары