Oracle шығынның өсуі аясында нарықтан $15 млрд қарыз алады — Bloomberg

Oracle ауқымды қарыз алуды жоспарлауда — компания корпоративтік облигациялар орналастыру арқылы $15 млрд тартпақ, деп жазады Bloomberg дереккөздерге сілтеме жасап. Қаражат бұлтты жобаларды қаржыландыруға және OpenAI мен Meta-мен жасалған ірі бұлтты келісімшарттарға байланысты басқа да шығынды өтеуге қажет болуы мүмкін. Қарыз жүктемесінің артуы және 1992 жылдан бері алғаш рет теріс ақшалай ағынның пайда болуына байланысты Oracle акциясы шамамен 3% құлады.
Егжей-тегжейлі
Бағдарламалық қамтамасыз ету өндіруші Oracle жасанды интеллект бумы аясында шығынның өсуін қаржыландыру үшін корпоративтік облигациялар нарығынан $15 млрд қарыз алуды жоспарлауда, деп хабарлады Bloomberg дереккөздеріне сілтеме жасап. 24 қыркүйек, сәрсенбі күнгі сауда ашылғанда компания акциясы 2,8% арзандады.
Биыл нарықтық капитализациясын дерлік екі есе ұлғайтқан компания қарызды жеті траншпен орналастырмақ, оның ішінде сирек кездесетін 40 жылдық облигациялар шығарылымы да бар. Агенттік сұхбаттасушыларының айтуынша, кірістілік бойынша бағдар шамамен АҚШ қазынашылық облигацияларымен салыстырғанда 1,65 пайыздық пунктке жоғары.
Bloomberg сұрауына Oracle түсініктеме бермеді.
Oracle не үшін қарыз алады?
Бондарды орналастыру Oracle-дың OpenAI және Meta сияқты клиенттермен бұлтты инфрақұрылым саласындағы келісімшарттары белгілі болғаннан кейін жүзеге асады. Бұл компания шығыының күрт өсуіне әкеледі. Алдағы жылдары Oracle дата-орталықтарын жалға алу мен энергиямен қамтамасыз етуге жүздеген миллиард доллар салуды жоспарлауда, деп жазады Bloomberg.
Oracle көптеген жылдар бойы бұлтты инфрақұрылым нарығында Amazon, Microsoft және Google үштігінен қалып келді. Енді ірі келісімдер жасасқан соң, компания елеулі аванстық шығындарды көтеруге мәжбүр болып отыр. 2025 жылы оның ақша ағымы 1992 жылдан бері алғаш рет теріс көрсеткішке түсті. Сарапшылар көрсеткіштің алдағы жылдары да төмендеуін, ал оң мәнге тек 2029 жылы қайта оралуын болжап отыр, деп атап өтеді Bloomberg.
Облигация орналастырудан түскен $15 млрд қаржыны Oracle капиталды шығындарға, болашақ инвестицияларға немесе ықтимал сатып алуларға, сондай-ақ қарызды өтеуді қоса алғанда, жалпы корпоративтік мақсаттарға бағыттай алады, деп жазады агенттік.
Компанияның есептілігіне сәйкес, тамыз айының соңында оның шамамен $95 млрд көлемінде ұзақ мерзімді міндеттемелері болды. Жаңа облигациялар шығарылымы пайдаға қатысты қарыз жүктемесін арттыруы мүмкін, алайда Bloomberg Intelligence сарапшылары Роберт Шиффман мен Алекс Ридтің пікірінше, компания инвестициялық деңгейдегі рейтингін сақтап қала алады.
Oracle-дың қаңтар айындағы алдыңғы шамамен $8 млрд қарызына инвесторлар тарапынан зор сұраныс болды: өтінімдер $35 млрд-қа жетті. Сарапшылар қазіргі орналастыру да жоғары сұранысқа ие болады деп күтеді, деп атап өтеді агенттік.








