БастыЖаңалықтар
Бөлісу

Palantir мен CoreWeave мем-акциялармен неге салыстырылады?

Виктория Сирота

Виктория Сирота

Oninvest тілшісі
Palantir мен CoreWeave мем-акциялармен неге салыстырылады?

CoreWeave — жасанды интеллект модельдерін әзірлеу және оқытуға арналған бұлтты қызмет жеткізушісінің акциялары наурыздан бері 300%-ға, ал әскери және азаматтық мақсатқа арналған Palantir-дің котировкалары 12 ай ішінде 460%-дан астамға шарықтады. Сонымен бірге, олардың баға/пайда мультипликаторлары S&P 500 индексіндегі компаниялармен салыстырғанда айтарлықтай жоғары. Бөлшек инвесторлар олардың Nvidia секілді – жасанды интеллект секторының басты бенефициарларының бірі, жетістікке жететініне үміттеніп, акцияларын жаппай сатып алып жатыр. Алайда мұндай қарқынды өсім кей сарапшыларды бұл қағаздарды «мем-акциялармен» салыстыруға итермелеуде. Осы өсім қаншалықты негізді және оның тұрақты болуы үшін не қажет?

Егжей-тегжейлі

2025 жылдың наурыз айының соңында Nasdaq биржасында листингтен өткен сәттен бастап CoreWeave компаниясының нарықтық құны 300%-ға шарықтады, ал Palantir акциялары соңғы бір жылда 460%-дан астамға қымбаттады. Салыстыру үшін айтсақ, АҚШ-тың негізгі қор индексі S&P 500 сәйкес кезеңде небәрі 12,5% қосқан. Palantir акцияларының бағасы болашақ табыспен салыстырғанда 71 мультипликаторға тең — бұл S&P 500 құрамындағы компаниялар арасындағы ең жоғары көрсеткіш, деп атап өтті Bloomberg. 2024 жылдың бірінші тоқсанында $315 млн таза шығын көрсеткен CoreWeave үшін бұл мультипликатор 10-ға тең, ал S&P 500 индексіндегі орташа мәнде шамамен үшке жуық, деп қосады агенттік. Соған қарамастан, мұндай жоғары бағалар жеке инвесторларды шошыта қоймағанын Bloomberg атап өтеді. Palantir мен CoreWeave — Interactive Brokers клиенттері арасында ең танымал акциялардың қатарында, деп қосады агенттік.

Инвесторлар Palantir мен CoreWeave-ке қаржы құя отырып, бұл компаниялар ЖИ саласындағы бумда әлемдегі ең ықпалды компаниялардың біріне айналған Nvidia-ның жетістігін қайталайды деп үміттенеді, деп жазады Bloomberg. Нарық қатысушыларының бұл акцияларды сатып алуына басқа да себептер бар. Мысалы, өткен айда Nvidia өзінің CoreWeave акцияларындағы үлесі нарық күткеннен де жоғары екенін жариялады. CoreWeave сонымен қатар OpenAI-мен әріптестігін кеңейтіп, ЖИ шешімдерін жеткізуші Applied Digital компаниясымен екі келісім жасасты. Ал Palantir соңғы тоқсандарда табыс бойынша күшті болжамдар беріп, АҚШ үкіметімен жаңа келісімшарттарға үміт артып отыр. Bloomberg сарапшыларының бағалауынша, биыл CoreWeave-тің табысы екі есе артуы мүмкін, ал Palantir-дің табысы 36% өседі деп күтілуде. Бұл өсімге ЖИ шешімдердің сатылымы ықпал етпек.

Тәуекелдер қандай?

Осындай қарқынды өсім аясында инвесторлар бұл акциялар үшін тым артық төлеп жатқан жоқ па деген сұрақ туындайды. Нарықтағы мультипликаторлар шамадан тыс жоғары болғанына қарамастан, акциялардың жаппай сатып алынуы оларды мем-акциялармен салыстыруға себеп болып отыр — яғни, бағасы нақты қаржылық көрсеткіштерге емес, жеке трейдерлер арасындағы ажиотажға байланысты шарықтаған қағаздар. Бұған мысал ретінде 2021 жылы күрт қымбаттап, кейіннен құлдыраған GameStop компаниясын атауға болады: оның акциялары қазір сол жылғы шарықтау шегінен 66% төмен. Алайда Bloomberg атап өткендей, пандемия кезінде қиындыққа тап болған GameStop-пен салыстырғанда, Palantir мен CoreWeave қызметтеріне деген сұраныс әлдеқайда жоғары. Дегенмен, инвесторлар бұған дейін де ЖИ саласындағы мұндай үміт артылған ставкалардан ұтылған болатын, деп ескертеді агенттік. Мәселен, өткен жылы Super Micro Computer акциялары төрт есе қымбаттап, кейін әлсіз есептерден кейін 80% күрт құлдырады. Сондай-ақ BigBear.ai Holdings пен SoundHound AI секілді ЖИ-компаниялар да жоғары сауда көлемі аясында бірден өсіп, кейін қайта құлдыраған.

Сарапшылар пікірі

«Бөлшек трейдерлер шағын капитализациялы акциялардан бастап ЖИ саласындағы алыпқашпа тақырыптарға дейінгі жоғары құбылмалы активтерге барған сайын батыл қадам жасап жатыр», — дейді Vanda Research компаниясының зерттеу жөніндегі аға вице-президенті Марко Яккини. Алайда Interactive Brokers Group компаниясының бас стратегi Стив Сосник ескертеді: «Қаншалықты биікке көтерілсең, соншалықты қатты құлайсың. Инвесторлар іргелі көрсеткіштерді елемей, тек соңғы вагонға үлгеруді ойлайды». Оның пікірінше, бұл үрдіс жалғасуы үшін компанияларға жаңа капитал тарту қажет, әйтпесе өсім тұрақсыз болуы мүмкін.

«Мем-акцияларға инвестиция салу сәнге қайта айналғаны анық, бірақ мұндай қағаздармен ойнау — отпен ойнағанмен бірдей», — дейді Deepwater Asset Management компаниясының тең құрылтайшысы және басқарушы серіктесі Джин Манстер. — «Сондықтан біз CoreWeave-ке инвестиция салмаймыз. Оның бағалауы өте-өте жоғары — бұл біз үшін қолайсыз».

Бөлісу

Басты бет

Сатып алу
Сату
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
‌
Small Caps
Review
Қаржы және инвестиция жаңалықтары